Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Шежірелі Батырбай қарт

Еңбек және тыл ардагері Батырбай Тінәлиев 1927 жылы Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Ол туған ауылының арғы-бергі тарихына байланысты көптеген қызықты әңгімелерді білетін шежіре қарт еді. Жерлесім Батырбай атайдың әңгімелерін өз аузынан бірде диктофонға, бірде бейнекамераға арнайы жазып алып жүрдім. Тұтас ғұмырын туған жерінде өткізген ол 2014 жылы 87 жасында дүние салды. Артында туған өлке тарихына байланысты айтқан қызықты да мол әңгімелері сақталып қалды. Солардың бірқатарын қаз-қалпында қағазға түсіріп, көпшіліктің оқуына ұсынып отырмын.

 

Тоғыз үй қожа

 

Бұрынғылардың айтуынша, біздің Егіндікөлді әуелде тоғыз үй қожа келіп мекендеген екен. Вышканың (бұрынғы Телемұнара орны) қасындағы төмпені Тұрлығұл деп атайды. Тұрлығұл – Қожаның аты. Қожа «Қайтыс болғанда сүйегімді арбаның үстіне салып, тертені қаңтарып, бос қоя беріңдер. Арба қай жерге барып тоқтаса, мені сол жерге жерлеңдер» деп өсиет еткен. Сол өсиеті бойынша қожаны қазіргі Тұрлығұл төмпесіне жерлеген. Қазанғапсай сол қожаның жайлауы екен. Қожалардан кейін бұл жерге біздің ысықтың Сейтектері орнаған.

 

Сейтек – жеті арыс

 

Сейтек жеті арыспыз: Нұрбай, Сұрбай, Құлпы, Қыстау, Түлкі, Қарсақ, Шорман. Біздің ауылда тұрып, қайтыс болған Қожағұл мен Қылыш – Шорман. Біз Қыстауымыз. Құлпы ұрпағы – Қалмағамбеттің Сәдені деген болыс болыпты. Ол ертеде Егіндікөл­ді басқарыпты. Атамыз өлген соң әкемнің шаруасы төмендегенде сол кісі мал үлестіріп берген. Қалмағамбеттің Сәдені ертеде кісі өлтірген бе, содан Тұзтөбе жағына қарай шығып кеткен. Сөйтіп ол кісі Тұзтөбеде қалған. Оның Алман, Әйтекен деген ағалары болды. Олар Лубен ауылында қайтыс болды. Әйтекен деген менің әкемнің құрдасы көрінеді. Мен Әйтекенді де, Алманды да көрдім.

Облыс ақыны Әсірәлі Әбітиев – біздің жақын ағайынымыз. Әсірәлінің шешесі – Дина деген әжеміз, ол да айтқыш кісі болған дейді. Әкем әкесінен қалған малдан айрылып, шаруасы төмендеп, шалғыорақ алып, көлге қарай шығады білем. Сонда Дина әжем:

 

Атаң сенің айдаған,

Жал мен жая шайнаған,

Бескенің бойын жайлаған,

Өңшең нарды байлаған.

Кешегі жүрген Тінәлі

Иініне орақ салады,

Көлге таман барады, – деген екен.

 

Әсірәлі ағай «Сейтекте Жаңабай деген батыр болған» дейтін. Жаңабай патшадан жер бөліскенде «Сенің жасаған жерің емес,
Құдай жасады» деп, осы Егіндікөлді алыпты. Әсірәлі ағайдың ай­туынша, Жаңабай батыр Егіндікөлден Шыңғырлаудың Қарааға­шына дейінгі жерлерді алған. Сейтектер көлдің ар жағындағы құм­ның ішіне дейін отырған. Оларды құмдағы ауыл дейді.

 

«Папам не дейді, көк айғыр не дейді?»

 

Әкем Тінәлі – атқа мықты болған кісі. Ертеректе екіге жарылып тұрған топтың арасынан атпен шауып келіп, тулақтың үстіне тасталған теңгені іліп әкеткенін көзіммен көрдім. Байдың баласы ғой. Ол кісіні тақымын кесіп тастамаса, аттан түспейді дейтін. Бие байлағанда қашаған қуатын Зылт деген аты болды. Тақыммен бұрылатын. Қашаған биелерді қайырып, желіге әкеліп тығады. Әкем қайтқанда мен қасында болдым. Сонда ол «Папам нағыл дейді? Көк айғыр нағыл дейді?» – деп жатты. Қайтарда әкесі ойына түсіп жатқан ғой.

 

Жұмалы атам, Сақау торғай мен Ұста торғай

 

Өз әкем – Тінәлі, Тінәлінің әкесі – Жұмалы. Жұмалы атам жара шығып, жиырма сегіз жасында қайтыс болған. Ем үшін бура жетектеп басынан айналдырғанда ауруы жазылмай, керісінше, асқынып кеткен. Беске қауымында оған қойылған құлпытастың тұқылы тұр. Құлпытасты сындырып, диірменге пайдаланған. Ол ауқатты, бай кісі болған. Алмаз ауылымен қатынас жасап тұрған. Түске дейін бір жорға, түстен кейін бір жорға мінеді екен. Отырған қонысы – Арал. Ол күнде Аралдағы құм етегіндегі кішкене татырдың суы бие байлағанда аттың сауырынан келеді екен. Жылқы мен түйе ұстаған. Түйесінің алды Дөңгелекащыға құлап жатқанда, арты Аралдағы құдықтан жаңа өріп жатады екен (Арал мен Дөңгелекащының арақашықтығы үш-төрт шақырымдай). Жаңақоныстың ар жағындағы Қаратор деген сайда ағаш үй тігіп отырған. Жұмалы атам өзіміздің Ысық руының Сақау торғай, Ұста торғай деген кісілерімен старшындыққа таласып, билікке өткен. Сақау Торғай Жарылғасын тоғайын мекен еткен. Ол ертеде Тұзтөбе жақта орыстың қарауында жұмыс жасап келген. Орыстың жалшылығында жүріп, «Жарылғасынға, елге барам» деп рұқсат сұрағанда, «Онда еліңе баратын болсаң, мен сенің үстіңе ағаш үй тігем. Алдыңа мал салам» депті қожайыны. Содан бір үйір жылқы мен бір табын сиыр беріп, Жарылғасын қыстауына келіп, қыстаған дейді. Жарылғасын қыстауы Қалдығайтының арғы бетінде, Қаракемердің етегінде орналасқан. Қазір ол жерде жаман қыстаулардың орны қалған, жағалай ор. Ол жерде соғыс уақытын­да колхоздың малы болды.

 

Сүлеймен ата

 

1940 жылдардың бас жағына дейін өмір сүрген Сүлеймен атай­дың көзін көре қалдық. Ол кісі бұлақ басындағы Құлекешов Нығ­мет дегеннің шатырсыз, төбесі майланған үйінде отырды. Сүлей­мен атаны дін ұстағаны үшін милициялар қудалап, түрмеге жапты.

Ол уақытта жасаңдау баламын. Сүлеймен атайдың үйінде бір қара қаншық ит күшіктеп жатыр екен. Мен бұзауға мініп, жанынан өте бергенімде ит маған өршеленіп тұра шапты. Бұзау үркіп, құлап қала жаздадым. Сонда іштен атай шығып, иттен арашалап қалды. Сүлеймен атайдың туып өскен жері – осы Егіндікөл. Әкесі Мұқамбетжан өте оқымысты кісі болыпты. Тұщықарадағы Айт мазарының қасына жерленген. Бұлар – Ысықтың Қарақұрсағы.

Егіндікөлдегі Кеңестің кеңсесінде сот болып, Сүлеймен атаға жабылған жала іс болып қаралады. Сотқа жасы ұлғайған Сүлеймен атаны Өткелбай деген Қарақұрсақ ағайыны арқалап келді. Құрамында Сейітов Дүйсенғали, Барамық Шанау деген кісілер бар, он сегіз адам атайды үкімет адамдарына арыздап көрсеткен. Сүлеймен атай сот алдында тілін тартпаған. Жауаптағанда «Е, қарағым, қайда да ұзын ғой бүлдіретін. Алдымен мына ұзынға бер сөзді» – деп Дүйсенғалиді көрсетіпті. Сейітов Дүйсенғали ұзын бойлы кісі, Егіндікөлде мұғалім болды. «Обалың күшті-ау, әттең, есек қылып өкіртіп қояр едім» – депті Барамық Шанауға. Қазғұлға қаратып «Мұрның нар бураның күпегіндей қарағым, он сегіз адам менің шірігімді бөліп жеп жатқанда сен құр қалдың-ау» деген екен. Сүлеймен атайды Оралдың түрмесіне жауып, қанша кілттесе де, есік сарт етіп ашылып кете берген. Ақыры оны босатады. Сонда бір орыс келіп, «Сіз боссыз» дегенде, «Маған Қаратөбенің орыстары шықпайсың деп еді ғой, Оралдың орыстары одан үлкен болға­ны ма?» деп орнынан қозғала қоймайтын көрінеді. Сүлеймен атай орта бойлы, арық та емес, толық та емес, орташалау келген қараторы кісі еді. Тобығына түсетін мол қара жадағайы болды. Әкесі Мұхамбетжан Тұщықарадағы Айт мазарынан жүз елу қадамдай жерге қойылған. 1966-67 жылдар шамасында оның басына әуелгісі жойылып кетуі себепті жаңа құлпытас орнатылды. Атын ұмытып отырмын, құлпытасты Темірбайдың әкесі пар өгізбен сүйреп апарып қойды. Сол кезде ол кісінің жасы жетпіске келіп қалған. Өзі мал баққан кісі еді. Нығмет деген кісінің айтуынша, Мұхамбетжан пері оқытқан білімді адам екен.

 

Мырзағали молда

 

Егіндікөлдегі бұлақ басында мешіт ұстаған Мырзағали деген молда болды. Кейін ол мешіттің қарағайы сол бұлақ басындағы мектептің құрылысына пайдаланылған. Мырзағалидың руы –
ысық. Анамның айтуынша, әулие адам болған. Бұлақ көзінің арғы бетінде Таңат деген кісі отырды. Пері ме, шайтан ба, қайдан білейін, Таңаттың үйіндегі терезеге жауып қойған шыптаны бота болып сүйкеніп түсіріп кете береді екен. Сонда Мырзағали молда «Ол әуелде бір жалаңаш бала еді. Қазір өсті. Орындарыңды ауыстырыңдар» – депті.

Мырзағали мешіт ұстағанда Нұралының әкесі Ынтағали кереметтей азаншы болған. Ынтағали – Сейтектің Нұрбайы. Ол бұлақ басында отырды. Соғыс жылдарында бақша егіп, картоп, қияр, капустадан жақсы өнім алды.

 

Егіндікөл соғыс уақытында

 

Егіндікөлде Жапаров Әтшібай деген барамық соғыс басталған­нан 1954 жылға дейін басқарма болды. Кейін Қаратөбеге барып, сонда қайтыс болды. Қазіргі Әміреев Қуаныштың үйі тұрған көше Социализм деп аталды. Сол маң ауылдың орталығы болып есептелді. Ауылда бес-алты көше болды. Қазір Саршолақов Сәмердің қорасы тұрған биіктеу жер колхоз бастығы Әтшібайдың отырған жері еді. Он төрт-он бес жасар бала едік. Сегіз өгіз, бір түренмен жер жырттық. Ол уақытта шалдар көп. Тұқымсепкіш техника жоқ, шалдар мойындарына қапшық іліп алып, тарыны қолмен шашып егеді. Біздің дара сабанмен жыртқан жеріміздің беті тырмаланады. Күзде тары бозтұмсық, қазтабан болып кереметтей төгіліп тұрады. Оны кемпірлер қолорақпен орады. Шөмелейдің ретінде зорат салады. Сосын кәтөкпен басады. Кәтөк – қырлы-қырлы тас. Кәтөкпен басқанда домаланып тек тарының өзі түседі. Оны шалдар күрекпен желге қарсы ұшырады. Тары тап-таза, сап-сары ала болып түседі. Ол күнде бүгінгідей қызыл тары емес, ақ тары егілді. Тарыны Қазанғапсайдан әрі қарай ектік. Қазанғапсайдан Тіксайға дейін жер жыртамыз. Күніге сексен-тоқсан сотық орында дейді. Өгіздердің бәрі көтерем. Жайылып келеді. Бірақ қайтадан қамытқа құлайды. Колхоздың да, жекенің де сиырлары жегілді. Қаратөбе­ден уәкілдер келіп, сабанның басында отырады. Ол уақытта ауа керемет. Таңертеңгі шық малынып тұрады. Аяқ киім жоқ, жалаң аяқ сабан айдаймыз. Табанымызды көк жалағаннан кейін өмірі шөгір кірмейді. Бізді таңертең торғай шырылдағанда оятады. Көзімізді жұмып отырамыз. Бригадирлер екі қолдан тік көтеріп тұрғызады. Дұрыс тамақ та жоқ. Бір стақан тары береді. Нан жоқ. Повар кемпірлер стақанға бармағын батырып, тарының көбін үнемдеп қалады. Берген тарыны бір асаймыз. Көже береді. Әтшібай басқарма семіз сиырды сойғызып, етін кесек-кесек қылып көжеге салғызып бізге ішкізеді. Өзі жерошақтың басында фуфайка бүркеніп жатады. Өнім жақсы алынып, үкіметке тапсырылып тұрды. Аштық жылдарында нан, ақ бидай болған жоқ. Қорегіміз тек тары болды.

Біздің ауылдан 1939 жылғы соғысқа кейін полковник болған Зәки Мәмбетов алынған еді. Ол ауылдағы он жылдық мектепті алтын медальмен бітірген (Заки Мәмбетов – соғыс жылдарында Америка штаттарының президенті Рузвельтке қарсы астыртын қастандық әрекетті болдырмау жөніндегі тапсырманы орындаған, әскери салада көптеген марапаттары бар белгілі адам. Автор).

 

Сексен жігіт

 

Ұлы Отан соғысына Егіндікөлден сексен жігіт аттанды. Бұл 1942 жылдың қаңтары болатын. Сексен жігіттің қатарында менің ағам Мүсірәлі, ақын Әсірәлі Әбітиев те бар еді. Сексен жігіт соғысқа кеткенше бір-бір ағаш мылтық жасап, көл жағасында таңнан кеш­ке дейін ойын салып жаттықты. Ол кезде інім Батырхан кішкентай. Жігіттердің қасына барып, саптың соңынан ілеседі. «Кругом!» дегенде алдына шығып кетеді. Сөйтіп көл жағасында қыруар жігіт ойнады. Ауыл жігіттері соғысқа аттанғанда күн қатты боран болды. Атшанамен аттанды. Жігіттердің үстіндегі киім нашар еді. Ысықтың Қарақұрсағынан тарайтын Исағали, Күзенбай дегендер күйлі болды. Сонда Күзенбайдың нән қара жадағайын Жарылғасын деген ағайға алып беретін көрінеді. Оны Әсірәлі ақын «Күзенбай берген жадағай, Отыра қал да, қолың жай» деп өлеңге қосқан. Ақын ғой, сондай ілмесі бар еді жарықтықтың (Батырбай атай күліп алды). Әсірәлі соғысқа Егіндікөлден кетті. Біздің ағайлардан соң бір айдан кейін алынды. Ол ауылда басқарма – кіші бастық болды. Кейін аздап шаталған болу керек. Соғыстан 1943 жылы аяғынан жараланып оралды. «Біз кеттік Егіндікөл қарауынан, Сегізсай өттік әрбір тарауынан» деп соғысқа аттанғанда ауылдан шыққанынан бастап баяндайтын жыры бар. Соғысқа аттанған жігіттерді әуелі Сегізсайға жинады. Ар жағынан пойызға мінгізген. Сегізсайдан әрі асқанда Әсірәлі ақын «Бұлдырап Есенаман көрінеді, Қалды артта қатын-бала қойдай шулап» деп төгіп жіберген. «Бөлектау, Есен­аман жотасын-ай, Отанның ауыр соғыс қатысын-ай» деп қимай қоштасады.

 

Атты құйрығынан тартып тоқтатқан Мақтағали

 

Ертеде бір жігіт Бормешітте егісі болып, соған көкшолақ атын мініп шығатын көрінеді. Ауылдың солтүстік іргесіндегі борлы жер ертеде Бормешіт аталған. Беті жабық, қуыс үңгір еді. Кейін үңгірдің бетін ашып тастады. Жігіт жолда дәретке отырғанда шыл­бырды сирағына байлаған. Сонда ат сүйретіп кетіп, етінің парша-паршасы шығып тек сіңірлері ілігіп қалады. Ат иесін сүйретіп, бұлақты үш айналып шыққан. Сонда үркіп қашқан ат жанынан өте бергенде Мақтағали деген Сейтек шап беріп құйрығынан тартып тоқтатқан. Мақтағали – Бөлекбай дегеннің әкесі, Әлібектің атасы. Қайратты кісі болса керек.

 

Атамның үлегі

 

Егіндікөлдің қырында Бөлектау деген жер бар. Бөлек-бөлек жоталар. Бөлектауда атамның үлегі желге қарап жатады екен. Түйе қайығанда ғана келетін көрінеді. Ол түйенің қасиеті күшті болған. Тоғыз үй тоғыз баспақ беріп, өзара бөлісіп сойғанда күпегінен сүт ағып жатқан екен.

 

Қожа қыстауының орны

 

Көлдің арғы бетіндегі шағылдың ішінде Киіксауған қожа Меңдіғалидің отырған ескі қыстауының орны бар. Қызы Мағия сол жерге апар деп өтінген еді. Тұс алдында көлік болмады. Мағия ауылда химия пәнінен сабақ беріп, Қоскөлден зейнеткерлікке шықты.

 

Табындар мекені

 

Жәшидің руы – табын. Бай болған. Жәшиталдың бер жағында Әбілеш тоғыты деген жер бар. Әбілеш те табын. Жалпы Жәшитал беті – табынның жері.

Көшер деген табын болған. Ол Алмаз ауылында отырған. Әсірәлі мен Айсағали Алмазға ұн тарттыруға баратын көрінеді. Көшердің екі әйелі бар екен. Біреуі жас, тентектеу болса керек. Әсірәлі соларға арнап мынадай өлең жазып, киіздің астына қойып кетеді:

Оның аты – Ақжібек,

Оның аты – Ақбілек,

Көшер жоқ деп ақырды,

Көшерді бізден жасырды

Көшерді қойған күделеп.

Содан келесі барғанда өлеңге ыза болған Көшердің әйелдері қондырғылары келмейді. Ол жақтың адамдары отырғыштың биіктігіндей етіп төселген тақтай – нардың үстінде отырады. Екінші әйелі Айсағалиға қарап, «Сен жас бала екенсің, жазығың жоқ, мына кісіге қалғанда қондырмас едім» – деген екен Әсірәліні көрсетіп.

 

Құныскерей Егіндікөлде болған

 

Құныскерей Егіндікөл бетінде болыпты. Оны Әсірәлі өз көзімен көрген. Әсірәлі ағам айтады: – Қасымда Баймұқан, Зібира деген кісілер, бір тентектеу апай бар еді, ауызды кісі болатын. Жәшиталдың өткеліне келе бергенде Құныскерей судан шығып, киініп жатыр екен. Сары ала киімді, өте ірі адам екен, – деп. Содан апайы қаттырақ сөз айтса керек, Құныскерей «Жеңгей, неге шаршадыңыз?» дегенде апайдың үні шықпай қалған. Сол уақытта Әсірәлінің бөркі жерге түсіп кетіпті. Ол Қашарөткел емес, бұрынғы өткел. Кейін ол өткелді жұрт Жәрдемөткел деп атап жүрді. Сұлтанов Жәрдем сол жерден су тасып жатқанда өтеді екен.

Соркөл жақта ертеде қалың қамыс болыпты. Соркөлде Құныскерейді милициялар қамағанда құтылып кеткен. Милицияны атып, қолынан жарақаттапты.

 

Шырдай Қажығали

 

Егіндікөлде ысықтың Шырдайынан тарайтын Қажығали деген арқалы адам болды. Көрікке қыздырған қып-қызыл түренді жалап алғанын көзіммен көрдім. Осы ауылда Мәмбетқали деген молда көрік ұстады.

 

Шимен балық аулаған

 

Бала күнімде әкемнің інісі – Мүсірәлі ағам Жәшиталда пішенмен отырды. Өзі аңшы кісі еді. Ол күнде ау жоқ, үлкен тоқылған шимен сүзіп, балық аулады. Мүсірәлі ағам Воронеж майданында хабарсыз кетті.

Мүсірәлі ағам өте шаруа кісі еді. Ол атамның отырған орны Аралда шағылдың етегін соқамен жыртып, тары екті. Ол күнде көлшіктерде су мол болатын, тары жақсы шықты. Сонда мен кішкентай баламын. Соқаның құйрығын ұстайтынмын.

 

Нұрсейіт жырау

 

Барамық Нұрсейіт жыраудың «Қарасай-Қазиді» үш күн жырлағанын көрдім. Ол кезде Қайраңөткел бойында пішенде отырдық.

Қарасай – Қази – қос жетім,

Ай бетінен сілтесе,

Күн бетінен өтеді.

Күн бетінен сілтесе,

Ай бетінен өтеді, – деген тұстарына келгенде көтеріліп кететін. Қарасай, Қази деген батырлар болған. Қазиді қалмақтар алып, шошқаның сүтін емізетінін айтып, «Қара санға қырық пышақ» деп, әрі қарай жырлап кете беретін. Нұрсейіт жырды домбырамен айтты. Жауын күні күркеде отырып, шәйдан кейін жырлайды. Пішендегілер жиылып тыңдайды. Оның соғыс салған жарадан қол-аяғының кемшілігі болды. Сондықтан домбыраны жаймен қағып отырып айтады. «Қобыланды батырды» да жырлады. Ол Нұрсейіт нұсқасы ретінде кітап болып басылып шықты. 1957 жылы Қаратөбеде өткен ақындар айтысына Нұрсейітті де апарған. Бірақ оны Сейітов Дүйсенғали бұл айтыса алмайды, жырау деп тоқтатып тастаған. Сал болып ауырды. Қайролла деген баласының түрі жыршы әкесінен аумай қалған.

 

Әсірәлі өлеңдері

 

Облыс ақыны Әбітиев Әсірәлі бізге жақын ағайын болып келеді. Ол 1957 жылы біздің ауылдағы бірінші ферманың қарағай конторында өткен айтысты былай бастаған:

Жиналды елім байқауға,

Жүйріктердің шабысын.

Баяндайын жүйріктер

Жылдық жұмыс табысын.

Сонымен қатар қазіргі

Шаруашылық барысын.

Айта берсең жұмыста,

Тоқсан тоғыз сала бар.

Қай саласын алсаң да,

Бір-бірімен пара-пар.

Қоскөл атты қой совхоз,

Қосымша өгіз және бар.

Он мыңдаған сиыры,

Қырық мыңдай қойы бар.

Алдағы жылда мол өнім,

Алатұғын ойы бар.

Астанамыз – Алматы

Жақында ғана өткізді,

Миллиардтық кеңес.

Сол кеңеске қатысқан,

Директор жолдас Жұмашев,

Беріп те келді уәдесін.

Ей, кезегіңді ал, сөйлеп қал,

Жасырма, Ғапар, баянда,

Еліңде қандай жағдай?

 

Соғыс уақытында былай деп жырлаған:

Он жылға жасап договор,

Онысын бұзып алдаған.

Біз білетін тарихта,

Мұндай соғыс болмаған.

Аспанда самолетың пырылдайды,

Миномет жерден атқан тыйылмайды.

Передтап келе жатыр тегіс айдап,

Винтовка, қос гранат белге байлап.

 

Басшыларға шығарғаны:

Карманов пен Мереев,

Байладың менің қолымды.

Басшылық етпей кезінде,

Үнімді қойдың өшіріп.

Басқасын былай қойғанда,

Далаға малды көшіріп,

Алдымнан шығып жібермейд(і),

Сөйлейін десем шешіліп,

Артымнан қуып тартады,

Шабайын десем көсіліп.

Ей, жетістік жағы сізде болд(ы),

Кемшіліктің саны жоқ.

Ағып тұрған бізде болд(ы),

Жетістік жағын сен айттың,

Кемшілік жағын атама,

Бола қоймас сенде де,

Жүз процент тақадай.

Жойдық деп мал шығынын тағы айтасың,

Цифрын өлген малдың азайтасың.

Мәлімет бізге түскен олай емес,

Отырмыз түсіне алмай қалайшасын. (Бұл өлеңнің соңғы төрт жолы айтушыдан анық естілмеді. Сол себепті жазылған жоқ)

 

Мереев Қаби басқарма болды. Карманов ертеректе Жігерленде қызмет етті.

Шифрмен жапқан төбесін,

Отыр малшың жер үйде.

Жасырмай айтшы осыны,

Малшыларың не күйде?

Шифр түгіл тас жетпей,

Отырған жоқ па жер үйде.

Түсерсің тоқсан тоғыз құбылысқа,

Етеді кім қанағат құрылысқа?

Жақсы деп құрылысыңды көп мақтадың,

Жата ма жер үйің де құрылысқа?

 

Әсірәлінің өлеңдерін газеттен жаттадым.

 

Өзім туралы

 

Мен 1927 жылы туғанмын. Әкемнің аты – Тінәлі, өз атым – Батырбай. Егіндікөлде 1942 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, Оралға ФЗО-ға алындым. Оралға екі өгіз арбамен он сегіз күн жүріп жеттік. Қос өгіз жегілген екі арбада он сегіз қыз бала және алты ер бала болдық. Біз жеткенде наряд толып қалған екен. Содан ауылға қайтып келдік. 1947 жылы Балқашқа мобилизованный ФЗО-ға (фабрично-заводское обучение) бардым. Онда бір қыс, бір жаз болып, 1948 жылдың желтоқсанында он екі күндік демалысқа келіп едім, қыс қатты болып, кері бара алмай қалдым. Бір жағынан, Әтшібай деген басқарма соңымнан келген шақырту қағазға «Ондай адам ауылға келген жоқ» деген жауап жіберіп, мені алып қалды. Сөйтіп, өзімнің туып өскен жерімде отырып қалдым. 1955-1980 жылдар аралығында шопан болдым. 1980 жылы балам Тұщықараға фермавой бухгалтер болғасын, мен де сонда барып, қол жұмысын жасадым. Еңбек ардагерімін.

Руым – Он екі ата Байұлының ысығы. Ысықтың ішінде Қадырқұлдан бөлінеміз. Қадырқұлдан Сейтек, Санай, Жиен тарайды. Сейтектен – Тілеуберлі, Жанғабыл, Ырыс, Мәлік. Біздің арғы атамыз – осы Мәлік. Әкем – Тінәлі, оның әкесі – Жұмалы, оның әкесі – Тайсойған. Жұмалы мен Тайсойғанды көргенім жоқ. Бұлардың бәрі Беске қауымында жатыр. Бескенің руы да Сейтек. Беске – Сейтектердің қауымы.

 

 

 

 

Өтеген ЖҰМАШЕВ:

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru