Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Науқан молда

Қазақ тарихына қатысты тың деректерге толы, құнды аудиожазба табылды. Жазбада ата-баба тарихының талай себептермен ұмыт болуға айналған тұстары осыған дейін қалыптасқан отарлаушы өзге ұлт көзқарасы тұрғысынан емес, нағыз қазақы шежіре деректері негізінде баяндалған.

 

Осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын жазылса да, бұған дейін ешбір басылым бетінде жарияланбаған өлке тарихы деректерін баяндаушы – сол уақытта сексеннің сегізіне келген, діни сауаты терең Науқан есімді ауыл молдасы. Ал оны таспаға жазып алушы –
бүгінде елімізге танымал жазушы Құрманғазы Қараманұлы.

Бір айта кетерлігі, аталмыш жазбаны тыңдап көрген облысымыздағы әдебиетші, тарихшы ғалымдар Ғабит Хасанов және Жәнібек Исмурзин табылған деректің бай мазмұнына, ондағы тарихи оқиғалардың мұрағаттарда сақталған құжаттармен дәлме-дәл сәйкес келетініне таңданыстарын жасырмады.

Ауылдастарының айтуынша, Науқан молда жалпы оқымыстылығынан бөлек, уақытында КСРО аймағында үнін таратуға тыйым салынған, әлемнің көптеген тілдеріндегі халықаралық жаңалықтардың жаршысы «Америка дауысы» радиотолқынын ауылда отырып-ақ тұрақты тыңдайды екен. Онымен жүздескен зерттеуші ғалымдар «Бұл кісінің саяси са­уаты да терең. Ол жағынан осы күнгі үлкен университет бітірген оқымыстылармен пара-пар» – депті.

Науқан молданың Кеңес үкіметінің ыдырауынан отыз жылдай уақыт бұрын «Билікке орыс ұлтынан басында қалысы бар басшы келгенде Кеңес үкіметі құлайды. Елде жоқшылық болады» – деп, грузиннің тақта шайын, қапшықтап қант, тұз жинағанына да ауылдастары куә. Ел ішінде Науқан молданың терең діни сауатына қатысты айтылатын тылсым аралас аңызға бергісіз әңгімелер де кездеседі.

Жазушы Құрманғазы Қараманұлы 1978 жылы Алматы қаласындағы республикалық «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарған кезінде еңбек демалысын алып, туып-өскен жері Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылына келеді. Жазушы сол уақыттағы дыбыс жазатын ауыр магнитофонын арқалап, Егіндікөлден жиырма бес шақырым жердегі Жігерлен ауылында тұратын Науқан молдаға жаяулатып арнайы барады. Сағаттап әңгіме-дүкен құрады.

Жылдағы әдетімен туған жерге сапарлаған Құрманғазы Қараманұлы өлкетанушы-жазушы Қайыржан Хасановтың сұрауы бойынша аталмыш аудиокассетаны елге ала келіпті. Жазба әп дегенде оңайлықпен тыңдала қоймады. Қазіргі ойнатқыш құралдар кассетаны өте шапшаң айналдырып, ондағы әңгіме мүлде ұғынықсыз болды. Сөйтіп, оны сол күйінде сандық диктофонға жазып алдық. «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкері Әділғазы Кереев арнайы компьютерлік бағдарламамен жазбадағы дауыс шапшаңдығын баяулатқанда әңгіме желісі түсінікті бола түсті. Жазбаның кей тұстары анық естілмеуі себепті ондағы әңгімелерді тұтастай ұғу оңайға соқпайды. Алайда сұхбаттың негізгі желісін мүмкіндігінше бұзбай, қаз-қалпында қағазға түсіруге тырысып бақтық. Сөйтіп, жоғарыда айтылғандай, бұған дейін ешбір басылым бетінде жария болмаған құнды деректі оқырманға сол күйінде ұсынып отырмыз.

– Өзіңіз қай рудансыз, Науқан ата?

– Ысық. Оның ішінде Жолдыбай деген бөлімі. Бақытсиық, Қыдырсиық, Сұлтансиық – Қыдырғожа байдың үш баласы ғой. Біз Бақытсиығымыз.

– Қазір жасыңыз нешеде, ата?

– 1891 жылы туғанмын. Туған жылым қоян. Сексеннің сегізіндемін.

– Осы елде, осы төңіректе батыр болған, бай болған, хан болған, би болған адамдар бар ма?

– Бұрынғы заманда осы жерде Байбақты негізі, Әлтеке руынан Дәуқара – өте батыр болған кісі. Бұл адам қалмақ жаулаған. Осыдан жиырма шақырым жерде, Жарлы дейтін судың бойында Бармақ деген жатыр. Дәуқара мен Бармақ бірін-бірі өлтіріп жатыр. Бармақ та батыр. Ол сонау Орынбордың жоғарғы жағындағы уақ дейтін елден. Ол заманда біреуді біреу шауып, жылқы алған. Дәуқара жылқы алып келе жатып, осы арада өліп тынады. Бармақ пен Дәуқара екеуі де қаза табулы. Дәуқараның қалмақ қатынынан туған Есқара, Қарағай дейтін екі батыр баласы болулы. Естуің бар шығар, Бұқарға барулы ғой, байбақты Сырым дейтін кісі. Сонда Есқара батыр Сырымға жолдас болып ерген. Сырым – әрі батыр, әрі би. «Бұқарға барып әңгімелесем, кешегі мынау Асан қайғы, Телағыс, Сүйінішұлы Қазтуған, Нәрікұлы Шора кеткен Ауғанстандағы Қабұлға кетейін деп едім. Соның жағдайын білейін, Бұқардың ханынан ақыл сұраймын» – депті Сырым. Сырымның ақылдасатын кісілері Есентемір руынан Бөкен, Кердеріден Намаз екен. Екеуі де «барма» депті. – Тәжік ұлты ұлтшыл. Халқы күншіл. Сенің біліміңді, қайратыңды күндейді. Барсаң, қайта келмейсің, өлесің, – деген екен. Айтқандай, үзеңгісіне у жағып, қастық қылғаннан Сырымның зираты Бұқарда қалды. Сырымның білімі Бұқардың ханынан артық еді-ау...

– Дәуқара Бармақпен неге ұрысып жүр?

– Бармақтың тегі – Жетіруға жататын табын руының бөлімі – Уақ деген ел. Қар түскесін бір-бірінен жылқы айдап алу ол уақыттағы қазақтардың кәсібі ғой. Елде істейтін жұмыс, жаулайтын жауы жоқ, еріккесін қылатыны сол. Дәуқара Бармақтың жылқыларын айдаған. Содан осы араға келіп, анау Жарлы дейтін судың бойында жолығысып, найзаласып, Бармақты аттан түсіріп кеткенде «Менің де қолым күрмеліп еді. Ол да алысқа ұзаған жоқ. Қалмақ жауладық, қалмақтан өлуіміз керек еді. Я кәпірден өлуіміз керек еді. Дәуқара тірі жатса, қанымды кешсін» деген екен Бармақ. Дәуқара дәл осы жерге келіп жатып, Бармақтың хабарын есітіпті. Екеуі де бір-бірінің қандарын кешісіпті. Екі батыр солай шәйіт болулы.

– Таян деген батыр болды ма?

– Таян дейтін әншейін тентек қой. Оны батыр деп айтуға келмейді. Ысық руының адамы. Қалмақ жаулағандай сыртқы соғыстарға шықпаған. Әлімұлы, Байұлы бірін-бірі шапқан ішкі келіспеушіліктер кезіндегі жорық басшысы ғой. Қырық-елу жігіттен жиналған қақтығыстарда осы Таян Әлімұлын әлденеше рет шабулы.

– Қаратөбе, Орал өңірінде би болған адамдар бар ма?

– Біз ханға бағынған елміз ғой. Әбілқайыр, одан бері қарай баяғы Сырым шабатұғын Нұралы, оның бер жағында мынау кешегі Исатай-Махамбеттердің қарсы болатын Жәңгір дейтін хан. Біздің ысықтан Бектау, Иса дейтін билер болыпты. Тұрлан, Асау деген аталы-балалы кісілер болулы. Асау – Тұрланның баласы. Сол заманда елді басқарған адам. Бер жағында Иса баласы Отаралы деген болулы. Бұның да даңқы Кіші жүзге белгілі болған үлкен би. Бұлар Айшуақ, Есімнің заманында болған.

Алқада Есім мақтанып: «Қазақтың ең әдемі қыздарын біздің балалар сүйіп жүр, қазақтың мінбеген тұлпарларын біздің балалар мініп жүр, қазақ ұлтының қызығын біздің балалар көріп жүр», –
дейді. «Әй, Есім, не айтасың? Қайтып ал сөзіңді» – дейді масқар руынан Қабақ дейтін адам. Хан айтқасын қайтып ала ма? Алқа өзі жылында бір болады (осы жерде Науқан молда Есім ханның өліміне байланысты бір шумақтай өлең жолдарын айтады. Анық естілмеді).

Алқада отырған күйінде ханды семсермен жарады да, екеуі елең-құлаң шығып, Есім ханның жібекпен арқандаулы тұрған көк ала бесті дейтін тұлпарын мініп, шаба жөнеледі. Айналып қайта соғып, Есімнің шаңырағын ортасына түсіріп, туырлығынан кесіп алады. Хан қатыны мен қызының бұрымын кесіп, орданың сыртына лақтырып кетеді.

– Ол батырларға Есім ханның ұрпағы не істеген?

– Ештеңе істей алмаған. Ол екеуі әлгіндей қылғасын Орта жүзге кетіп қалған. Төрт-бес жылдан соң жұрт батырларды елге қайыру керек депті. «Қалай қайырамыз? Қайырғанда Есімнің құны қалай болады?» – дейді ғой. Сонда байбақтының Әлтекесінен Үкі деген би: – Жүз ақ қарабас нар – Есімнің құны, – депті. Өзі ақ, басы қара жүз нарды айтқаны. Астарлы сөздің мәнін іздеген жұрт Бөкенге келіп ақыл сұрайды. Сонда Бөкен: – Кіші жүзден атқа мінген жүз жігіт басыңды қос та, ана екі жігітті қайыр, сонда Есім құнсыз кетеді, – депті. Кіші жүздің атқа мінген жігіттері басын қосып, батырларды елге қайырады. Сонымен Есім құнсыз кетті. Кіші жүзден жүз жігіт басын қосқандай қол қайдан болсын?! Есімнің тұқымына теңдік бермеді. Есімнің тұқымы аз деймісің. Хан тұқымы аз емес. Есентемір Бөкен – атақты, ірі би. Кіші жүздің одан асқан биі болған жоқ ол кезде. Кешегі Дат баласы Сырым батыр да соған ақылдаса барады екен.

– Есім ханды өлтіргеннің бірі Қабақ, екіншісі кім еді?

– Емен (әлде Белен. Анық естілмеді). Екеуі де масқар руынан.

– Бай болған адамдар бар ма?

– Өлеңті-Шідертінің бойында он екі мың жылқы біткен Асан Тана Есенгелді деген бай болулы.

– Есенгелді қанша жасапты?

– Өз баласы Бекей дейтін мырзаны өзі өлтіріп, соның қайғысынан өлулі. Оның соңы оқсаған жоқ. Бекейге жоғарғы министр Роман «Еділдің шығыс жағын, Жайықтың шығыс жағын берейін. Және сол Азияны саған билетейін. Маған құндыздай алпыс қара ат бер. Меңсіз қара ат және оң жақ артқы тұяғында азырақ ақ дағы болсын» деулі. Бекей соны берулі. Бір күні жылқышылардың бастығы Есенгелдіге амандаса келіп: – Бай, жылқы кетіп болды бізден, – деп­ті. – Малдың басы кетті, артқы оң жақ тұяғында ақ шашағы бар алпыс қара ат кетті. Жоғарғы министрге мына балаң Бекей берді. Жылқының ..? ..? – ден шыққан әулиенің енді назары ауды бізден, –
деулі жаңағы құл. Құлдың сол сөзінен сорлы Бекейді өлтірулі.

– Басқа қандай байлар болған осы төңіректе?

– Қалқаман Тана Мұңал, Қашу дейтіндердің әрқайсында он алты мың қойы болған. Қашу бұтағы ... дейтін әлі бар. «Төрт байы Қосдәулеттің ... – май жатыр, ... Кендебайдың жүз шапан, елу үші теңдей жатыр» деп басқа біреумен айтысқанда, тананың бір серісінің айтатын сөзі (жазбаның тұтас, анық естілмеген тұстарына көп нүкте қойылды). Бұл жерде атақты бай болғандар көп. Ығылман, оның балалары Рақым, Ғабдолла, Сүгір. Осылар ірі байлар.

«Мектеп салып, балаларды орысша оқыт, болыс, старшина, судья дейтін болады. Болыс болып крестянға бағынады. Крестян барып уезге бағынады, уез губернаторға бағынады» деген патшаның әңгімесіне байланысты осы Кіші жүзде 1869 жылы патшаға қарсы үлкен ереуіл болулы. Сол ереуілдің шығуына жаңағы Ығылман тұқымының ықпалы бар. Төрт баласы әрқайсында екі мың, үш мыңнан жылқы болады. Мәскеуде төңкеріс 1917 жылы болса, біздің қазақ ұлтына төңкеріс 1928 жылы болды ғой. Ығылман тұқымы сол төңкеріске ұшырады.

– Бұл байлар қай жерлерді мекендеген?

– Осы біз отырған жерлерді, Қалдығайты-Бұлдыртыны мекендеген байлар. Оларда жеті атадан бері жалғасқан байлық болған. «Ежелден толық сабасы» деген сөз осы кісілер жайында айтылған. Ол оңай сөз емес. Байлық, қыдыр дарыған, бақ қонған дегені.

Жолдыбай баласы Көбек дейтін болулы. Көбек жомарттығымен көшпелі қонақты тәрбиелейді. Ол уақытта көшпелі ел қысқа қарай Каспий теңізіне барады. Келе жатқан жолаушының саны қырық болсын, елу болсын, көшті тоқтатпастан шұбат, қымыз, тағам таратқан. Мен сол Көбектің тұқымымын. Мырза Көбек – алтыншы атам.

– Көбек қай жерді қоныстанған?

– Каспий теңізі, қазақша Атырау дейді. Жаз жайлауы осы шамалар. Малы Жайыққа дейін жетеді. Қыстың күні Каспий теңізі, жаз болса, Шыңғырлау, Елек, құмдардың бойы да жағалай көшпелі елдер Ысық, Шеркештердің қонысы болады.

Табында Қара батыр, Бөкенбай, атақты Есенаман дегендер тұқымдарымен батыр болған. Осы бетте Есенаман тауы дейтін тау бар.

– Сол Есенаман табын ба еді?

– Табын. Оның арғы бабалары – Бөкенбай, Қара батыр. Заманында жеті атасының бәрі батыр. Бер жағынан атақты Нармағамбет дейтін болды. Әбіте, Рабай – Нармағамбеттің аталары. Арғы жағы –
Бөкенбай, Қара батыр. Бөкенбай қалмақ қатыннан туған. Оның әкесі – Қара батыр.

– Өз өміріңіз жайлы айтыңызшы?

– Мен Каспий теңізінің Ысығымын. Мырза, бай Көбектің ұрпағы екенімді айттым. Ар жағым да батырақпын дейтіндей емес. Әкем –
бәленбай жыл сардар болған кісі. Сардар деген болыс деген сөз. Өзімнің нағашыларым Өтеш, Жанша Дүйсенбаев дейтіндер кешегі заманда қазақ уәлаятында болмаған атақты миллионшы, ірі бай болды. Оны миллионер деп атап жүрді. Москва, Ленинград, Қазанда кеше көп дүниялары кетті. Орынборда да былғары зауыты бар еді. Бәрі де төңкерісте үкіметке кетті. Өтеш, Жанша дейтіндер – Дүйсенбінің баласы. Бұл өңірдің, осы Кіші жүздің анау Қызылқоға, мына жағы Ойыл, Ойылдың қаласын Көкжар дейді, осы аралардың бәрінде Дүйсенбаевтың дүкені болған. Нағашымның руы – Қалқаман тана. Қалқаман – қыдыр дарыған кісі. Қалқаман көп. Басқа тананың алтауындай. Олар арғы бетте де, бергі бетте де бар.

– Ысық руын таратып айтып беріңізші?

– Ысық деген Ақсары, Тоғыншы болып екіге бөлінеді. Біздер соның Ақсарысымыз. Ысықтар Каспий теңізінің жағасына барып қыстаған. Ол жақ кілең арал ғой жатқан. Онда қыс болмайды. Ағаш үйде отырады. Анау кешегі май шығып тұрған Доссор, Мақат дегендегі Дос дейтін біздің аталарымыз. Осы күнде де майы бар. Доссор мен Мақаттың арасы қырық шақырым. Мақат та Ысық.

Бұл жақта Әрәуке (Әрөңке әлде Әлеуке? Анық естілмеді) деген қалмақ ханының елі болған. Мынау Аққұмда сол Әрәуке ханның шәрі болулы. Әрәуке біздің қазақтың атақты батырлары Досақ, Қара батыр, Бөкенбай дегендердің қылышынан қорқып, осы арадан кеткен. Досақ – біздің аталарымыз. Руы – ысық. Ол қалмақты көп жаулаған кісі. «Досақ, Досақ десе жосад(ы)». Қандай қалмағың болса да, Досақ келгенде қамал бұзылып, ішіне кіре берген көрінеді.

Осы арада Қара қыпшақ Қобыланды дейтін болулы. Қобыланды батыр. Мына Қобданың бойында қызыл қыштан салынған үлкен тамы бар еді. Осы бес-алты жыл турасында манағы тамды бұзып, сүйегін Москваға ма, алып кетті дейді. Зерттейміз депті. Қара қыпшақ Қобыланды – көп елді жаулаған кісі, белгілі адам.

Менің ар жағым жаңағы қалмақ жаулаған Досақ, бер жағым Бәйтерек. Бұл екеуі де заманында ту ұстап, тұлпар мінгендер.

– Сіз Бәйтеректен тарайсыз ба?

– Алтыншы атам Көбек пен Бәйтерек бір кісінің баласы.

– Жеті атаңызды санап бере аласыз ба?

– (Науқан молда күледі) Неге санамайын. Өз әкем Есжан, әрі қарай Қуандық, Үшірбек, Табылды, Жолбарыс, Көбек, Жолдыбай. Жолдыбай да қыдыр дарыған, асқан бай болған кісі. Жолдыбайдың әкесі – Самай. Самайдың әкесі – Мәмбетәлі.

Есен, Көбек, Бәйтерек бір әке, бір анадан үшем. Қазақта үшем болу сирек жағдай. Қыдыр дарыған Жолдыбайдың бұл үш баласының бірі – би, бірі – мырза, енді бірі – батыр. Есені Жайықтың арғы жағы, анау Шолтыр Мақаш бетінде, Волганың бойында би болулы. Көшпелі қонақ тәрбиелеген мырза Көбек пен ту ұстап, тұлпар мінген Бәйтерек батыр осында болулы.

...Біз Алашорда болдық қой. Сондағы Жанша – Қарақұнан Тана, Халел Ағатай Беріш еді. Мен осылардың жиылысында да болған кісімін.

Осы тұста Науқан молда сұхбат құрып отырған уақыт­тарының Рамазан айы екенін айтып, аталмыш айдың, Құран сөздерінің қадір-қасиетіне тоқталады. Жаһанша Досмұхамедовтың Петербордағы төңкеріс кезінде қызу атыс, зуылдаған оқ астында басын бәйгеге тігіп, Осман Құранын сақтаулы тұрған жерінен алып, Петербор мұсылман мешітіндегі Мұса Бекеев деген ірі оқымысты адамның қолына тапсырдым дегенін баяндайды. Өзінің ешқайда бас сауғалап қашпай-ақ, Құдай сақтап, кеңестік қудалаудан аман қалғаны, екі әйелі болғаны жайлы әңгімелеп, арабша діни сөздерді айтып, оларды қазақшалап, жіктеп талдайды.

– Арабшаны ертеректе оқыдыңыз ба?

– Иә. Сол заманда жүзден-жүзден оқитын үлкен медреселер болды ғой. Өлеңті бойында Қалқаман Тана Дәулетияр дейтін кісі болды. Жиырма қос шәкірт оқыды. Данышпан көп болған жер. Анау Мәулімберлі дейтін болды Өлеңтінің аяғында Балықты Мәтеш дейтін жерде. Қоспа дейтін бар Шідертіде..? (сөз арасындағы жазба сапасына байланысты ұғынықсыз тұстарға көп нүкте, сұрақ белгісі қойылды). Сосын Қарабура Мәтнияз дейтін ахун болды. Зор, Бұхардан оқып шыққан кісі. Шәкірті осында болды.

– Құлақшидегі құлаған мешіттің орны ма?

– Ол – біздің мешіт, Жарман қазіреттің мешіті. Жармұхамед – Жарман деген менің тумам. Үлкен оқымысты, ғалым кісі. Мешітін 1928 жылы үкімет адамдары бұзды ғой.

– Ол жерде ел болған ба?

– Үлкен шәр болған. Менің мекенім сонда, Қалдығайтының Құлақши деген жерінде еді.

– Сіз сонда бала оқыттыңыз ба?

– Жоқ. Ұстазымнан оқып келгесін азаншы да болғаным жоқ, бала да оқытпадым. Бес уақыт намазымды оқып, отыз күн оразам­ды ғана ұстадым. Қазақтағы мүфти болып, қазіретке кіру дегенді жасамаған кісімін (Осы жерде Науқан молда «Сопылық Қап тауынан биік» деп келетін Әбубәкір Кердерінің өлеңін сазды мақамға салып жатқа соғады). Міне, осыны жазатын кешегі Кердері Әбубәкір дейтін молда. Сопылық қайда, Қап тауынан биік...

– Осы маңда «Әулие» деп құрметтелетін адамдар бар ма?

– Мәтен дейтін зор әулие болған. Руы – қожа. Зираты Ойыл бойында. Соның баласы Қылыш қожа дейтіннің зираты осы мына Бұлдырты судың бойында, осы арадан алпыс шақырым жерде. Ол да кісі түнейтін керемет зор әулие.

– Қандай ісімен аты шыққан, ауруды жазған ба?

– Кереметі күшті. Тек ауру жазғанды әулие деп айтпайды. Бізде Дәуқара батырдың басына түнейді. Сосын мына Қоскөлде Темірболат деген әулие болулы, башқұрт. Сол Темірболаттан шыққан (дұрысы шыққан емес, оқыған болса керек) Бисеке деген әулие бар. Бисеке де атақты, зор әулие. Зираты осы арадан жиырма шақырым жерде. Ол Қоскөл танасы. Тананың Қалқаманы. Үлкен түнек. Оған осы күні де түнейді.

– Түнегендер ауруынан жазыла ма екен?

– Әрине, жазылады. Талай аяқ-қолы байлаулы, секіріп жатқандарды апарып түнеттім мен кешегі замандарда. Соны қойғаныма он жыл болды.

– Талтоғайда Едіге деген әулие бар деп естіп едім?

– Оның зираты осы араға жақын. Едіге – көп білген ғалым кісі, үлкен молда. Алымды, шешен. Бұл заманда ондай адам жоқ.

– Исатай, Махамбет батырлар жайлы кітапта жазылғаннан бөлек естігендеріңіз бар ма?

– Неге естімейін?! Исатай Беріш руынан. Беріштің жеті баласы бар. Исатай соның ішінде Ағатай Беріш. Исатайдың әкесі – Тайман. Тайманның әкесі – Бұқай, Бұқайдың әкесі – Бегәлі, жеті атасы Ағатайға дейін, Исатайдың, Махамбеттің жағдайларын бәрін де білемін.

– Кітапқа енбеген өлеңдерін білесіз бе?

– Бұрынғы уақытта білетін едім. Бүгінде көз кетіп, денсаулық кемігесін ұмытыла бастады ғой.

Осы жерде Науқан молда Ығылман Шөрековтың «Исатай-Махамбет» жырын мақамға салып, тоқтамастан бес минуттай жырлайды.

– Бұны қайдан жаттап едіңіз, ата?

– ...Кешегі Алаш Орда Құранын тапсырып, он тоғызыншы жылы Орынборға Алаш Орданың аттарын, жау құралдарын орынға қойып ..? Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Түсіпқалиев дейтін төре, ..? осы төртеуін ..? деп Ленин шақырып алып, ..? «Алаш Орда болғаныңа сені кіналамаймын. Өзіңнің Отаныңды қорғау үшін мына жағы Деникиннің, мына жағы Колчактың еліңді шауып бітетін болғасын Алаш Орда болдың. Алаш Орданың Құранын сен тапсырдың. Еліңді аман-есен өткіздің. Енді сен қай қызмет жасамақсың?» – дейді Жаншаға. Жанша «Менің Азияға ..? кетті». Жаншаның әйелі орыс, студент еді. «Мен енді оған бармай-ақ қояйын. Осы ішкі жерге..?» деп ..? окружной, жоғарғы сот еді. Жанша сонда болды. Халелге «Сен қай аймаққа барасың?» дегенде «Халқым надан еді. Ташкенге барып, газет-журналға жазайын. Өзімнің қазақ ұлтыма үндеу жазайын. Мен өзім ұлтшыл адаммын», – деп Халел Ташкенге келіп, жаңағы айтқан жыр сөздерді шығарған. Халел «...Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар, Жоқтаған күнде арымды» деп, ел қамын жеген Исатай, Махамбеттерді халыққа жариялап отыр ғой, көрмеймісің. Халел – Беріш, Жаһанша Тана руынан дедік. Тана деген ел балаларын реальная гимназия, Петербордағы жоғары университетке оқыта берген.

Сырым заманынан беріде Байбақтының Әлтекесінен Науша дейтін болулы. Орыс жаулаған атақты батыр. Осы күнде оның тұқымы бар. Ол – Қандық көл, Назарымбет көл дейтін жерлерді, Өлеңті судың терістік бетін мекендеген адам. Назарымбет – Наушаның аталары. Қоспа дейтін жерде Шідерті Өлеңтіге құяды. Сол Қоспаның төменгі жағына қонған Әлтеке дейтін ел.

– Одан басқа орыстармен жауласқан кімдер бар?

– Осы ауылдың батыс бетінде, екі шақырымдай жерде жатқан Дәу­қара батыр бар. Құлпытасы бар, кішірек. Оның жауласқан жаулары аралас. Бірақ көбі қалмақ. Осы жер қалмақтың жері ғой. Осы батырлардың қылышы мен найзасының ұшынан қорыққаннан кетулі.

– Ханкөл деген жер бар. Ол қай ханға байланысты айтылған?

– Жаңағы айтылған Назарымбет, Наушалардың еліне жақын бір үлкен көлді Ханкөл деп атаған. Ол ханның тұрған жері емес. Шатыр құрып, алқаның болған жері. Онда байлар отырған. Ол көлге су мықты тасыған кезде Өлеңтіден барады. Жаздың май айының ішінде бие байлағасын, елдің бас адамдарының тарту-таралғымен ханға келіп амандасатын жері сол.

– Ол жерде қай ханға амандасқан?

– Әлен дейтін 1869 жылдағы Кіші жүздің соңғы ханы. Оның алдында Баймағамбет деген болулы.

– Баймағамбет Айшуақов сұлтан емес пе еді?

– Үлкен, ірі сұлтан болған кісі.

– Баймағамбет қай жерді мекендеді?

– Елек бойын мекендеді.

– Тананың көбі қайсы?

– Жеті баулы Тананың ішіндегі көбі Қалқаман. Арғы бет пен бергі бетте 17 мың Қалқаман бар. Қараман, Қарақұнан, Бессары, Асан, Ахмет аз. Асан, Ахмет Шідерті дейтін судың бойында болады. Жымпитыдан Қаратөбеге қарай 50-60 шақырымдай жер – Қарақұнан Тананың мекені. Қараман Жайықтың төменгі жағында. (сұхбаттың осы тұсында әңгіме ауаны тағы да дін тақырыбына ауысып, Ораза айының уақыты, оның құдіреті жайлы айтылады).

– Үкімет кешегі 35-36 жылда дінге қиыншылық, қарсылық қылғанмен, қазір кеңшілік қой (сұхбат 1978 жылы алынған).

– Жаңа немерелеріңізге «Құдайдың құлы», «Үммет» дегенді айттыңыз?

– Иә, соны үйретіп жүрмін. Кімнің құлысың? – Құдайдың құлымын. – Кімнің үмметісің? – Мұхаммедтің үмметімін. Бізге шафхат ететін, бізді жұмаққа апаратын сол Мұхаммед. – Кімнің досысың? – Шаһиярлар досымын. Шаһиярлар кім десең, әуелі Әбубәкір, Екінші Ғұмар, үшінші Ғұсман, төртінші Ғали. Бәріне Алла Тағала риза болсын! Шаһияр деген уәзір деген. Мұхаммедтің төрт уәзірі. Оны араб тілінде шаһияр дейді. Ал бізше айтқанда, ол уәзір. Мұхаммедтің ақылдасатын төрт уәзірі.

– Қалдығайты бойында қандай байлар болған?

– Қалдығайты бойында Ығылман тұқымы үлкен, атақты бай емес пе?! Жеті атасынан бері қарай байлығы мен билігі үзілмеген.

– Қалдығайты бойының беріректегі байлары ше?

– Мың сиыры болған Сақау Торғай дейтін Ысық болған. Егіндікөл, біздің осы өңір, мынау Қалдығайты, анау Қаратөбеге қарай жеккен өгіз, сауған сиыры болулы. Бес-алты жүз өгізі болулы ма деймін. Оның баласы Жарылғасын деген болған.

– Ол өгіздің барлығын не қылады?

– Сатады ғой.

– Аққұм туралы не айтасыз?

– Не айтайын. Жәшидің талы, Анау жағы Есенаман тауы, ар жағы, Қара батыр, Бөкенбай асқан батыр кілең. Ту ұстап, тұлпар мінген.

– Аққұм қала дейді бұрынғы?

– Бұрынғы замандағы Қалмақтың қаласы ғой. Үлкен шәр болған жер дейді. Осы күнде қазсаң, шойын, ас құятын шәугім, құмыралар шығады дейді. Бір ханның қала салған жері көрінеді.

– Сейтектердің ішінен батыр шыққан ба?

– Сейтектен әрі батыр, әрі би Жаңабай дейтін шығулы. Жаңабай­дың жеті жасында атағы шығулы. Жаңабайға бата бергенде Бөкен: «Екі жақты, бір тілді адам баласы сенің алдыңа шықпасын», – деу­лі ғой. Ысықтың әлділері Майдан, Шырдай, Шорман, Айтқұл ...? қорқытып, зорлық жасап .? деген. Содан не керек, Сейтекке жасаған зәбірдің бәрін Жаңабай алулы ғой. Малын айдап алған, қырған, сойған. Айбас деген ..? ..? Желке дейтін палуанының қысырағын айдап алады. Желке – жауырыны жерге тимеген пал­уан. Он шақты жігітпен ізге түсіп келе жатады екен. Жаңабай келетінін біледі. Желкенің әлгі Айбас дегені әлді екенін біледі. ..? – Ассалаумағалайкум! – деп Жаңабайға қолын ұсыныпты. Жаңабай арқадан ...? қылышты суырып алып, «Тарт қолыңды! ..? Осы арадан аттама, кейін қайт! Қысырағыңды мен айдап, сойып алдым. Әкемнің сенен..? және анаңды бәлен қылайын ..? соның қанын аламын, өшін аламын. Сенің ұсынған қолыңды алсам, мені аттан аударып алып, мойынымды бұрап, езгілемек ойың бар ғой?! Оныңа көнетін Жаңабай жоқ. Тұқымыңды қоймай қырамын. Осы арадан кері қайт» деген ғой. Ішінде ақсақалдары бар, «Әй, шырағым, енді қайта ғой» дегенде анау аттың басын бұрып, қайта берулі ғой. Жаңабай деген сондай болған адам. Айтатыны жоқ, батыр әрі би.

– Жаңабай қай жерді мекендеген?

– Тап осы Егіндікөл – сол Жаңабайдың жері. Егіндікөл жаман жер ме саған?! Анау Әлен шағылы дейді, Жаңабайдың баласы (Әлен Жаңабайдың баласы болса керек), мынау Жәдікбайдың отырған жері, Қаратөбенің мына жағында. Сол Жаңабайдың аталарының алған жері. Қаракөлдің Сейтегі бұлар.

 

Сұхбат соңына қарай дауыстың жазылу сапасы бұрынғыдан да төмендей түскен. Құрманғазы Қараманұлының Науқан молдадан дәрілік шөптер, олардың қасиеті туралы сұрағаны шала-шарпы ұғылады. Молда «Ондай шөптер көп қой, қайсыбірін айтайын» дей келе, қазақтар көкірек ауруы деп атайтын туберкулезге тамыр дәрі дегеннің шипасы, оны қолданғанда 20-40 күнде аурудан айығуға болатынын, тағы да сұхбат жүргізушінің сұрауымен андыз деген шөптің көптеген пайдасы жайында айтқан.

Науқан молданың алтыншы атасы мырза Көбектің және Есен деген бидің ысық руының ұранына айналған атақты Бәйтерек батырмен бір әке, бір анадан туған, қазақта сирек кездесетін үшем екені жоғарыда жазылды. Ол жайында өңірімізге белгілі тарихшы Жәнібек Исмурзин Ресей мұрағаттары негізіндегі «Ұранға шыққан Бәйтерек» атты ғылыми мақаласын жарияламақ.

Оқырманға ескі жазбадағы дауыс сапасына, сондай-ақ жасы ұлғайған адамның сөйлеу мақамындағы кейбір түсініксіз тұстарына байланысты Науқан молда айтқан құнды мәліметтерді сол қалпын­да, тұтастай жеткізе алмағанымызды да айтқымыз келеді.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru