Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Наурыз қалай тойланды?

2015 жылдың соңғы күндерінің бірінде жұмысыма бару үшін таксиге отыруға тура келді. Жүргізуші жігіт ағасы жасындағы қазақ екен. Ол жол-жөнекей «жаңа жыл» ұғымы туралы сөз қозғады.

 

– Біздің өлкеде 14 наурызда бір-бірімізбен көрісіп, «жасың құтты болсын!» айтамыз ғой. Ал Иван Грозныйдың тұсында орыс халқы да жаңа жылды 14 наурызда тойлапты.

– Мұндай деректі қайдан алдыңыз? – дедім елең етіп.

– Қателеспесем, орыс тілінде жазылған кеңестік энциклопедия­дан оқыдым...

Жуырда «Приуралье» газеті редакциясында жасайтын әріптесімнің жұмыс бөлмесінен «Большая советская энциклопедия» томдарының тұтас жинағын көрдім. Олай-бұлай ақтарып, әлгі айтылған деректі таппадым. Онда 1699 жылы Петр I патша тұсында жаңа жылды бірінші қаңтарда тойлау туралы шешім қабылданғаны жазылыпты. Есесіне ғаламтордағы http://www.calend.ru/holidays/0/0/1921/ дереккөзіне жүгінсек, көне заманда славян халқы жаңа жылды қазіргіше он төртінші, ескіше бірінші наурыз күні қарсылағаны туралы нақты жазылған. Аталмыш дерек бойынша славяндар христиандықты қабылдаған соң бүкіләлемдік Никей соборында 325 жылы өткен жиынның шешімімен жаңа жылдың басталуы бірінші қыркүйекке жылжытылған.

Мыңбай Ысқақовтың әлем халықтарының күнтізбесі жайлы дерек­тер келтіріп, көне түркі және қазақ календарының тарихын екшеп жазған «Халық календары» атты кітабы қалың оқырманға белгілі. Онда «Наурыз атауы қазақ тіліне Соғда мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Бұл айды соғдалықтар наусарыз, хорезмдіктер наусарджи деген. Наурыз мейрамы өте ерте заманнан келе жатыр, ол көктем мейрамы есебінде халықтардың көпшілігінде бар. Екіншіден, бұл пікірді «нау» сөзі де сипаттайды. Әр түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, ол бірталай тілдерде сақталып келеді: орысша нов(ый), немісше нойе, латынша нео т.с.с. Сонда «нау» индо-еуропалық халықтар дараланудан бұрынғы сөз болып шығады. Оған кемінде 5000 жыл болды» деп жазылған. Аталмыш еңбектің келесі жолдары да айтарлықтай танымдық сипатқа ие:

«Парсы календарында наурыз ай емес, жыл басындағы жеке бір күн ғана. Ал Соғда, хорезм, қазақ календарларында ол жаңа мағынаға ие болып, ай атына айналған. Бұл ай чуваш календарында да бар. Чуваштар наурыз айын норас-ойахе дейді. Наурыздың бірі қазақ, өзбек, қарақалпақ, тағы басқа халықтарда көктем мейрамы болған. Бұл күні жұрт ауыл аралап, бірін-бірі жаңа жылмен құттықтайтын, қарттарға өгіздің шекесі тартылатын, жастар нау­рыз көже ішетін, ән шырқап, күй тербеп, көкпар тартып, ойын-сауықпен өткізетін. Орта Азияның әкімдері кейбір зынданға салынған тұтқындарға кешірім беретін, сондықтан қарапайым халық «Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» дейтін.

Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы. «Аурулар сауығамын деп, аштар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз дегендей, жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, «бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын» (Сәбит Дөнентаев).

14 наурыз мерекесіне байланысты Алаш ардақтысы Шәкәрімнің ұлы Ахаттың мынадай жазба дерегі сақталған екен: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні» – дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар».

Ал ағартушы ақын Ғұмар Қараш сонау 1919 жылы «Хамал (нау­рыз) басында қазақ ғұрпынша жаңа жыл кіріп, ескі жыл шығады. Ескі өліп, жаңа тірілгенде өлгенді еске түсіріп, жақсы жағын, қылған жұмыстарын айтып отыру әдет» деп жазыпты. Дәл осы тұста «хамал немесе амал деген не?» деген сұраққа ғаламтор дерек­теріне сүйене отырып жауап беріп көрелік. «Наурыз мерекесіне байланысты «амал кірді», «амал келді» деген сөз тіркестері айтылып жатады. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1-ші жұлдызы болып есептеледі. Хамал Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей, «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді».

Әуелдегі 1 наурыз күнгі мереке кейін не себепті 14 наурызға ауысты?

Мыңбай Ысқақовтың «Халық календарында» «Ескі санат пен жаңа санат» атты тақырыппен бұл мәселе де егжей-тегжейлі, төмендегідей мазмұнда баяндалыпты.

«Біздің заманымыздан бұрынғы 46 жылы Римдегі жоғарғы өкімет билігін әйгілі қолбасы Гай Юлий Цезарь қолына алды. Цезарь өзінің өкімін нығайту үшін, ең алдымен, уақыт есебіндегі тәртіпсіздікті жою қажет деп тапты. Сөйтіп, Юлий Цезарьдың атымен Юлиан календары пайда болды. Юлиан календарындағы жылдың ұзақтығы тропиктік жылдың ұзақтығынан жуық түрде алғанда, 11 минут 14 секунд артық. Осы 11 минут 14 секундтан жиналып, 128 жылда бір тәулік, 1280 жылда 10 тәулік құралады. Соның салдарынан 1280 жылда жазғытұрғы күн мен түннің теңелуі календарьда көрсетілген уақыттан 10 күн ерте келеді. Біздің заманымыздың 325 жылы өткен Никея жиынында Юлиан календары қабылданып, күн мен түн жазғытұрым «мәңгі-бақи» 21 наурызда теңеліп отырады деп жарияланған. Алғашқы кезде бұл алшақтық елеусіз болған. Бірақ XVI ғасырдың екінші жартысында айтылып отырған айырмашылық он күнге толып, шіркеу бастықтарын абыржытқан. Күн мен түн 21 март орнына 10 март шамасында теңелетін болған. Календарь түзетілмей, сол қалпында қолданыла берсе, біраздан соң күн мен түн февральда, одан кейін январь мен декабрьде теңелетін болады да, 21 март болып есептелетін күн жаз, күз айларына шығып кетеді. Бұл мәселе бойынша Рим папасы Григорий XIII 1582 жылы сопылар мен астрономдардан арнаулы комиссия құрған. Комиссия ұсынылған әр түрлі жобаларды қарай келіп, италиялық дәрігер және математик Алоизий Лилийдің (1520-1576) жасап кеткен жобасын ұнатқан. Григорий XIII 1582 жылғы 1 мартта осы Лилийдің жобасын ресми булла (декрет) бойынша бекітіп, жұртқа жариялап, күнделікті тұрмыста, шіркеу істерінде қолдануға бұйырған. Папаның булласы бойынша, календарьдағы 10 күн алшақтықты жою мақсатымен 1582 жылғы 4 октябрьдегі бейсенбіден кейін келетін күн 5 октябрь делінбей, 15 октябрь болып есептелді, бірақ жұма күні деген атауы сақталды. Лилийдің жобасы жиналған он күн алшақтықты жоюмен бірге, ондай айырмашылықтың келешекте де жиналмауын қамтамасыз еткен. Григориан календары жаңа санат (стиль) деп аталады. Оның қолданыла бастауы әлемнің әр түрлі елдерінде әрқалай. Патшалық Ресейде Григориан календары көпке дейін қолданылмады. Ресейде жаңа санатты қабылдаудың қажеттігі туралы Петербург Ғылым академиясы 1830 жылы Патша үкіметіне мәселе қояды. Бұған поптар қарсы болып және оларды сол кездегі ағарту министрі князь Ливен қолдап, мәселе күн тәртібінен шығып қалады. 1899 жылы Орыс астрономиялық қоғамы ғылыми мекемелер мен кейбір министрліктердің өкілдерін қатыстырып, календарь комиссиясын құрды. Комиссия жұмысына орыстың ұлы ғалымы
Д. И. Менделеев белсене қатысады. Бірақ патша үкіметі мен шіркеу бастықтары календарь реформасын бұл жолы да жүзеге асырмай тастайды. Оның себебі бар еді. Ескі календарь жұмысшылар мен шаруалардың басын айналдырып, оларды күрес жолынан тайдырып, ораза ұстауға, шіркеулерге тәуелді болуға, дін жолына түсуге бейімдей беретін. Ғасырлар бойы қолданылып келген календарь өзгерсе, халық қоғам құрылысы да өзгеруге тиіс деген қорытынды шығармақ. Бұл кез революция оты тұтанып кетуге жақын тұрған 1905 жылдың қарсаңы болатын.

Календарь реформасы жөніндегі мәселе Ресейде Қазан төңкерісінен кейін ғана шешілді. Ол Кеңес үкіметінің алдымен қараған мәселелерінің бірі болды. 1918 жылғы 24 қаңтарда (ескі санат бойынша) Ресейде батыс еуропалық календарды қолдану туралы декрет қабылданды. Декретке Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы В. И. Ленин және үкімет мүшелерінен жеті адам қол қойды. Бұл кезде ескі санат пен жаңа санаттың арасындағы айырмашылық он үш күнге толған еді. Сондықтан декрет бойынша 1918 жылғы 31 қаңтардан кейінгі күн 1 ақпан орнына 14 ақпан болып есептелді».

Осылайша, 1918 жылға дейінгі хамалдың бірі, Ғұмар Қарашша айтқанда, жаңа жыл кіретін уақыт бүгінгіше 14 наурызға сәйкес келіп отыр. Әкемнің інісі Төлеген ағамның баяндауынша, атам Сафолла «14 наурыз күні ағаштардың, жалпы өсімдік атаулының тамырына жан бітеді. Дала саршұнақтарына дейін оянып, қысқы ұйқыға кетер алдында аузына тістеп жатқан жасыл шөппен «ауыз ашады». Сөйтіп, бір метрдей қалыңдықтағы топырақ тығынын босатып, таңмен таласа інінен шығады. Егер күн райы ашық, қолайлы болса, біраз бой жазып, сайран салады. Ал боран болса, ін аузында азырақ отырып, қайтадан кері кіріп жатады» дейді екен.

Жоғарыда баяндалған Юлиан календарының ерекшелігін ескере отырып, ескіше хамалдың біріне, бүгінгіше наурыздың он төртіне сәйкес келетін күн мен түннің жазғытұрғы теңелген уақытын есептеп шығару қиындық туғызбайды. Ол үшін 21-14=7. 128х7=896. 896+325=1221. 1221+128=1349. Осыдан ескіше, яғни юлианша көктемдегі күн мен түннің теңелуі біздің заманымыздың 1221-1349 жылдары аралығында бүгінгіше 14 наурызға тұспа-тұс келіп отырғанын анықтадық. Бәлкім бүгінгі он төртінші наурызға сәйкес келетін ескіше хамалдың бірін жаңа жылдың кіруі ретінде мерекелеп көрісу де осы уақыттарда дәстүр болып қалыптасқан деп жорамалдауға болар.

Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыз күні шыққан санында «Білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады? Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз» деп жазады. Ал осыдан тура бір жыл өткеннен кейін 1914 жылғы 9 наурыздағы санында «Наурыз құтты болсын!» атты мақала жариялап, онда «9-ыншы март күнін «жаңа күн» деп атаудың мәнісі не? Оның мәнісі мынау: 9 мартта түн мен күн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды» дей келіп, мақала соңын «Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!» деп тәмамдайды. Бұл ескі санаттағы 9 наурыз жаңа санатпен бүгінгі 22 наурызға сәйкес келеді. Ескіше 9 наурызда күн мен түн теңеледі деу де заңды. Өйткені 1914-325=1589. 1589/128=12,4140625. Сонда 325 жылдан 1914 жылға дейінгі аралықта күн мен түннің теңелу уақыты әуелгі 21-інен шамамен 12 күнге жылжиды. Ал 21-12=9.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Картаева Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Отан тарихы» журналында жарияланған «Жазба деректердегі Наурыз мерекесі жайындағы мәліметтер» атты еңбегінде былай депті:

«Наурыз мерекесінің қалыптасуы, мән-жайы туралы жазба дерек­терді ортағасырлық шығыс ғұламаларының, қазақ жеріне келген зерттеушілердің, саяхатшылардың, Алаш зиялыларының еңбектері құрайды. Наурыз мерекесі шығыс елдерінің ортағасырлық мемлекеттерінде патша сарайларына лайық сән-салтанатпен өтсе, дәстүрлі қазақ қоғамында «наурызнама» тойы бірнеше күнге жалғасқан. Нау­рыз айының 21-інен 22-сіне қараған күні жыл басы ретінде Омар Хайямның қатысуымен жасалған күнтізбеден бастап тұрақталған. Ертеде наурыздың жыл басы ретінде тойлануы күнтізбені дұрыс есептемегендіктен, жылдың әр мезгіліне ауысып отырған. Наурыз кезінде наурызнама жасау, селтеткізер, ұйқыашар, белкөтерер сияқты дәстүрлер мен осы мереке кезінде атқарылатын оттан секіру, аластау, әулие басына бару, тәтті су ішу сияқты діни рәсімдер мен ритуалдардың бірқатары ХХ ғасырдың бас кезінен бастап өзгеріске енген, кеңес үкіметінің орнауы, көшпеліліктен отырықшылыққа толық ауысуына байланысты бірқатар наурыз дәстүрлері қолданыстан шығып қалды».

Автордың жазуынша, Омар Хайямның Наурызнама туралы қолжазбалары Германияның мемлекеттік кітапханасында, Лондондағы Британ Ұлттық музейінде сақталған көрінеді. Ол сондай-ақ «Мәшһүр Жүсіп жиырма тоғыз жасында Ғабдолла хан өткізген наурызнама тойына сегіз күн бойына қатысқан. Бұл тойда күресте үш кісіні жыққан адамға бір шапаннан бәйге берілген. Тойдың сегізінші соңғы күнінде қожа Баһуалдин әулиенің басына барып, сол жердегі көлшікке қант төгіп, қант татыған тәтті суды жұрт жабыла ішіп, ырым қылған» деп жазады. Біз бұл деректі Мәшһүр Жүсіптің 2008 жылы шыққан «Ит дүние» атты таңдамалыларынан да кезіктірдік. Соны әуелдегі Мәшекеңнің өз баяндауынша сөзбе-сөз келтірелік.

«Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге, дәл сегізінші күн «Мазар Шариф» деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің басындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «тойтарқар» болады. Біздің қазақ жұрты үлгіні сол Бұхара жұртынан алған екен. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» –
десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қалдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен».

Тәттігүл Ерсайынқызы жоғарыда аталған еңбегінде наурыз тойында әулие басына барып жасалатын рәсімнің мағынасын төмендегіше түсіндіреді.

«Мұндағы тәтті суды ішу ырымын халықтың ауызбіршілігінің ажырамауына, іргесінің сөгілмеуіне деп балаған. Қазақтағы «тәтті су», «тәтті шәй», «тату-тәтті» сөз тіркестерінің астарында үлкен мән жатыр. Қазақта екі жастың үйленуі кезінде қиылған некені «неке суын» ішкізу арқылы бекітеді. Қазақтар неке суына әдетте аздап тұз, қант қосқан екен. Су – екі жастың пәктігіне, тұз – егер екі жастың бірі келешекте опасыздық етіп, некені бұзса, дәм атуына, ал қант екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне деп ырымдалған. Мұндағы көңіл аударар тағы бір жайт – халықтың «тәтті суды» әулиенің басына барып ішуі. Әулие басына барып тәу ету, әулие басына түнеу, әулиеден жәрдем сұрау қазақтардың дүниетанымында ежелден бар».

Мұндай нағыз ұлттық бағыттағы бай салт-жоралғы кешегі бір уақыттарда келмеске кеткендей еді. Бірақ еліміз Тәуелсіздік алғалы ұлттық құндылықтар жыл санап жаңғыра түскені де ақиқат. Жуырда ғана Жұмағазы қазірет мекенінде ұйымдастырылған шара – осы сөзіміздің айғағындай.

14 наурыз – Көрісу күнінде көпшілік қастер тұтатын киелі орын – Сырым ауданы Тоғанас ауылына қарасты Дәдем ата – Жұмағазы қазірет мекенінде мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда облысымыздың әр аймағынан құрметті ақсақалдар жиналды, екі жүзге тарта кәрі-жас бас қосты. Келушілердің бәрі Наурыз көже, бауырсақпен қарсыланды. Тағылымды жиын барысында ақсақалдар тарапынан өлке тарихына байланысты өнегелі әңгімелер шертілді. Жиылғандарға сый-құрмет ретінде қазақ салтымен ақ дастархан жайылып, қонағасы берілді. Дастархан басында ұлттық дәстүрге сай киінген қыз-келіншектер жарасымды түрде қызмет көрсетіп жүрді. Мереке құрметіне насихат термелер орындалды. Шараға қатысқан үлкендер жағы риза көңілмен ақ баталарын жаудырды. «Дәдем ата – Жұмағазы қазірет» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов тойдан тәбәрік ретінде ақсақалдардың иығына шапан жапты. Көпшілік «осынау игі дәстүр жылма-жыл үзілмей жалғасын таба берсін» деген ниет-тілекпен тарқасты.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru