Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Жайық – Орал – Теке қала

Орал қаласының бұрынғы атауы Жайық болған. Дон казагы Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі қазіргі Ресейдің біраз жерін және Батыс Қазақстан облысын шарпығаны тарихтан белгілі. Бұл әрекеті үшін Емельян Пугачев және оның жақтастары Патша үкіметі тарапынан аяусыз жазаланған еді. Патшалықтың зор абыржуын тудырған осы көтерілісті халық жадынан ұмыттыру мақсатында Жайық өзені мен қала атауы Орал, ал ондағы әскердің атауы Орал казак әскері деп өзгертілген. Өйткені Жайық өзенінің бойы көтерілістің бастау алған негізгі ошағы және Жайық қаласы оның ірі орталығы болды.

 

Жайықтың Орал атануы Ресей императоры II Екатеринаның 1775 жылдың 15 қаңтардағы жарлығы бойынша жүзеге асырылады. Жарлық мәтінінде бұлайша атаудың себебін Жайық өзенінің Орал тауларынан бастау алуымен байланыстырады. Аталмыш жарлықтың түпнұсқа түріндегі көшірмесі бүгінде қаламыздағы Пугачев музейінде сақтаулы тұр.

Орал тауларын ежелден мекен қылған түркі тілді башқұрт халқының «Орал батыр» атты көне эпосы бар. Равиль Бикбае­в және Азамат Юлдашбаевтың құрастыруымен 2007 жылы Башқұртстанның астанасы Уфа қаласынан шыққан «Антология поэзии Башкортостана. Голоса веков» атты кітапта «Орал батыр» эпосы уақыты жағынан бұдан бес мың жылдай бұрын шыққан Шумерлердің атақты «Гильгамешімен» шамалас, тіпті одан да ертерек болуы мүмкін деп жазады. Башқұрт тіліндегі «Орал батыр» жырының бірнеше нұсқасы бар. Олардың бірінде Орал батыр жеңген зұлым күштердің қаңқалары тау болып үйіліп, Орал таулары түзілген десе, енді бірінде дүние салған Орал батырдың қасиетті алып денесі тауға айналған дейді. Аңыз негізінде құрылса да, аталмыш эпос сюжетінің философиялық тереңдігі бүгінгі оқымыстыларды да күрделі сұрақтар төңірегінде толғануға жетелейді екен. Ғаламтордан «Орал батыр» эпосының желісінде түсірілген ғылыми деректі және түрлі анимациялық фильмдерді кездестіруге болады.

Бір қызығы, Орал тауының атауы қазақ халқының қиял-ғажайып ертегісінің мазмұны бойынша жазылған «Құламерген» жырында да кездеседі.

Мұның бәрі «Орал» атауының тарихи санамызға жаттығы жоқ, түркілік сөз екенін аңғарта түскендей. Бұл атаудың этимология­сын зерттеген көптеген ғалымдар да Орал түркі сөзі екеніне ешқан­дай шүбә келтірмейді.

Ә. Әбдірахмановтың авторлығы бойынша құрастырылған «Топономика және этимология» атты қазақ тіл білімінің антологиясында Орал тауының этимологиясы туралы В. Татищев, П. Рычков,
М. Ковалевский, А. Гумбольдт, Б. Кальман, А. Соважо, Д. Киікбае­в, А. Матвеев, Ғ. Қоңқашбаев, тағы басқа авторлар жазды делінеді. Автор жазылған әр түрлі пікірлерді салыстыра талдай келіп, Орал тауының аты «оралу» деген етістікпен түбірлес деп түйіндейді. Оның себебін Орал оралып жатқан тау көрінісін дәл бергендіктен деп түсіндіреді. Ә. Әбдірахманов атау «ора» деген етістікке зат есім тудыратын өлі көне жұрнақ «л» жалғануы арқылы пайда болған, мұндай жұрнақтар арқылы Қи+ыл, Ой+ыл және құра+л, қама+л, болжа+л сияқты зат есімдер жасалған деген қисынды пікірді ортаға тастайды.

Әйткенмен, «Алтынды шыққан жерінен қаз» деген нақылға жүгінер болсақ, Орал тауы маңын мекендеген жергілікті башқұрт халқындағы бүгінгі тіл саласы мамандарының тақырыпқа қатысты пікірлерін білу маңызды. Сөйтіп, М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетіндегі Башқұрт филологиясы факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Луиза Самситовамен телефон арқылы тілдестік. Ол «Орал – байырғы башқұрт сөзі» дей келе, бүгінде өзімен қызметтес, филология ғылымдарының кандидаты, Башқұрт тілі кафедрасының профессоры, 80 жастағы ғалым Ахмер Азнабаевтың «Историческая грамматика башкирского языка» атты еңбегін тіліне тиек етті. Аталмыш еңбекте автор Орал тауы (башқұртша – Урал) атауындағы Ур – орыс тілінде возвышенность, а – белгісіздік афиксі, л – көне башқұрт тіліндегі көптік афиксі деп талдаған екен. Осыған қарап, туысқан халықтың тіліндегі ур – қазақ тіліндегі өр деген сөздің мағынасын дәл беретінін аңғару қиын емес (мысалы: Өр Алтай, өрлеу). Сонда профессор Ахмер Азнабаевтың талдауы бойынша, Урал – бүгінгіше Өрлер, яғни таулар деген мағынаны беретіні түсінікті бола түседі.

Келтірілген пікірлердің қайсысы да дәлелді. Әйткенмен, «Орал» түріктің өте байырғы сөзі десек, оның негізгі мағынасы бүгінде ұмытылған, мүлде өзгеше үшінші нұсқаға ие болуы да мүмкін. Әрі-беріден соң, жоғарыда айтылғандай, таудың «Орал» аталуы батыр атымен байланысты болса, оның түбір, жұрнағына үңілмей-ақ, жер-су атауына қатысты зерттеуімізді осы жерден доғаруға да болады. Өйткені белгілі тұлғалардың есімімен ауыл-аймақ немесе аудан атауы Махамбет ауылы, Сырым ауданы деп аталған жағдайда мұндағы Махамбет, Сырым деген кісі есімдеріне лексикалық, морфологиялық тұрғыдан талдау жүргізу біздің бүгінгі тақырыбымыздан қиыстау мәселе екені түсінікті.

Ал қаланың бұрын Жайық аталуы Жайық өзені бойында орын тепкендігінен екені күмән туғызбайды. Оған Патша үкіметі қазақ даласына бекіністер сала бастағанда қазіргі Орал қаласын Жоғарғы Жайық қалашығы, ал Атырауды Төменгі Жайық қалашығы деп атауы анық дәлел. 2002 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрген Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында Еділдің орта және төменгі ағыстарының оң жақ жағасында ХVI ғ-дың 60-90 ж. ежелгі елді мекендердің орнына, кей жағдайда олардың маңына отарлаушылар жаңа қалалар мен бекіністер сала бастағаны жазылған. Отарлаудың мұндай тәртібі Жайық бекінісіне де қатысты екені 2001 жылы Орал қаласының іргесінен ортағасырлық көне шаһар орны табылғанда белгілі болды. Көне қала аумағынан табылған кірпіш және әктас күйдіретін пештің қалдықтары, үлкен кесене, ортағасырлық монша орындары және кәріз жүйесі бүгінгі Орал қаласы маңындағы ірі қалалық мәдениеттің өте ерте замандардан бастау алатынына көз жеткізді. Көне шаһар орнына 2005 жылы шартты түрде «Жайық қалашығы» деген атау берілді. Ал ол қаланың ежелгі тарихи атауы қандай болғаны бүгінгі таңда мәлім емес.

Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында грек ғалымы Птоломейдің ІІ ғасырда жасаған Азия картасында қазіргі Жайық өзені Даикс деп көрсетілгені, түрік қағаны Истемиге келген Византия императорының елшісі Земарх Жайықты «Даих» деп атағаны, 921-922 ж. Бағдаттағы араб елшілігінің хатшысы Ахмед ибн Фадлан өзінің Бұлғарияға саяхаты туралы хатында өзенді арабша Джайх деп көрсеткені, Лаврентьевский, Холмогорский, тағы басқа орыс жылнамашыларының жазбаларында 1229 жылдан өзен Гаик (Яик, Еик) деп аталатыны келтірілген. Ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков «Өскен өлке тарихы» атты кітабында IX ғасырда Гейх (Жайық) өзенінің бойында оғыз тайпаларының саяси билікке ие бола бастағанын Әл-Идриси, Истахри, Масуди, Ибн Фадлан, К. Багрянородный еңбектерінен көруге болатынын жазады.

«Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» атты еңбектің үшінші томында жарияланған Ахмед ибн Фадланның жоғарыда аталған саяхаты туралы жазбасында Жайық өзенін кесіп өткен кезде оның қатты ағысынан бірнеше ат пен түйе, көптеген адамдардың суға батып кеткені баяндалады.

Өзен атауы Жайық сөзінің этимологиясына қатысты түрлі пікірлерді кездестіруге болады. Солардың бірі жоғарыда аталған «Топономика және этимология» еңбегінде Ә. Әбдірахманов бұл сөздің түбірі жаю, жайылу етістігінің түп-төркіні саналатын «жай» сөзі, оған – ық жұрнағы қосылып, Жайық гидронимі жасалған дейді. Өзеннің жайыла аққан енділігіне қатысты осылай десе керек. Автор өз пікірін «Сонымен II ғасырдан белгілі Даик (Жайық) гидронимінің этимологиясын талдай келіп, бұл маңда түркі тайпалары сол кездерде мекен еткендігін аңғаруға болады» деп қорытады.

Өңірімізге белгілі ғалым, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабырдың да Жайық атауына қатысты пікірі Ә. Әбдірахманов талдауымен бағыттас. Ол бұл жердегі Жайық сөзінің жазық мағынасына келетіндігін (жай-жаз немесе жаю-жазу) «Атырау-ажырау, Жайсаң-зайсан, аба-апа, аға-әке секілді түркі, қазақ тілдеріндегі дыбыс сәйкестіктерінің көрінісі» дейді.

Түркі халықтары фольклорының көне жанрларында, соның ішінде қазақ халқының ескілікті ауыз әдебиетінде Еділ, Жайық өзендерінің атаулары және пайда болулары туралы аңыз-ертегілер немесе өзендердің аты аталатын жыр-толғаулар мол. Ол жолдардың шежірелік, тарихи құндылықтарына тоқталмағанның өзінде, халқымыздың ықылым заманнан мекендеген қастерлі қонысын «Айналайын, Ақ Жайық» деп аялай, терең сезіммен тебірене толғайтыны – бір бөлек тақырып.

Орал қаласының тағы бір көне атауы – Теке. Профессор Тұяқбай Рысбековтың жоғарыда аталған еңбегінде «Текке түрік тілінде мешіт, дін орын деген мағынаны білдіреді. Олай болса, оғыз дәуірінде пайда болған. Текке қаласы қазақтардың (жалпы түрік тілдес тайпалардың) үлкен діни орнына айналған орталығы болды деген тұжырым айтуға болады» дейді. Белгілі ғалым Мақсат Тәж-Мұрат та өз зерттеулерінде аталмыш атауға қатысты осы пікірді өрбіте түседі.

«Жер-судың аты – бабаның хаты» демекші, біз мағынасын ашуға тырысқан үш атаудың да түркілік ұғымға сай, қазақтың нағыз байырғы сөздері екені анықталды. Бабалардан қалған аманат – жер мен судың атаулары зер салған жанды киелі тарихтың терең де ғибратты қатпарларына үңілдіре түсері сөзсіз.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru