Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Егіндікөл ауылының тарихы жайлы тың туынды

Қайыржан ХАСАНОВ,

өлкетанушы,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Орал қаласы

Кітаптың сыртын безендірген сурет менің көзіме оттай басылды. Өйтпегенде ше? Көл басындағы көне қорым – «Беске» төбесіне шығып түсірген суретте Егіндікөл ауылы анық көрініп тұр.

Қысы-жазы тартылмайтын бұлақ суы құйып жатқан көл. Сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарында егіндікөлдіктер шалғы орақпен, әйелдер қолорақпен жазда құрақ шапса, қыста отынға деп қамыс шабатын.

Мынау қыста суы қатпайтын, жазда ішсең, тісіңе тиетін салқын бұлақ. Кезінде «Социализм» колхозының басқарма төрағасы Қаби Мереев ағамыз тоқтаусыз ағып жатқан бұлақ суын бөгеп, су жинап, колхоз бақшасын салған. Сол бөгеттің орны әлі бар.

Суреттен тот басқан су мұнарасы көрінеді. Орта мектеп ғимараты да алыстан көз тартады. Бұлар тек Егіндікөл ауылының сыртқы көрінісі ғана. Ал оның тарихы қандай?

Табын руының батырлары жайлаған «Егіндікөл тауы», алыстан мұнартып көрінетін Аққұм, Қарақоға елді мекенінің іргесіндегі Құныскерей үңгірі, Сегізсай бетіндегі Жәши талы, Жігерлен ауылындағы Дәуқара қорымы, Құлақши қасындағы Жарман мешіті, тағы да басқа телегей терең тарихы бар атауларды талдап жазған осы кітап оқырманды бірден тартады.

Кітаптың авторы – Нұртас Набиоллаұлы Сафуллин. Осы Егіндікөл ауылының тумасы, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газеті гуманитарлық бөлімінің меңгерушісі. Өлкетанушы-журналист.

Мен өз басым Нұртастың мұрағаттық деректерге сүйеніп жазған тарихи материалдарын «DANA кaz» тарихи-танымдық журналынан, «Орал өңірі» газетінен іздеп жүріп оқитын оқушысының бірімін.

Қапылыста мерт болған егіндікөлдік аңшы Фазыл Тәженов рухына арналған «Аққұмды аралағанда» деген әңгімесін тебіренбей оқу мүмкін емес. Әңгіменің кейіпкері Фазыл – аты аңызға айналған Аққұмның ішін жалықпай аралаған аңшы. Ол құм басқан жерді бес саусағындай білетін, Аққұм жайлы, өзінің көзіқарақты әкесі, ысық – Жәдікбай – Бақай Нұрғожаұлы Тәженнен естігендерін майын тамыза әңгімелейтінін сезіндік.

Егіндікөл ауылы төменде орналасқан. Ал осы ауылға келе жатқанда жолдың сол жағындағы биік төбені егіндікөлдіктер «Есен­аман тауы» деп атайды. Бұл жерде кеңестік кезеңде әуежай болса, кейін телемұнара орналасты.

Нұртас облыстық «Орал өңірі» газетінде Жігерлен ауылында тұрған молда Науқан Есжанұлының Алматыдан келген журналист, егіндікөлдік Құрманғазы Қараманұлымен болған сұхбатын жариялады. Табын руында Қара батыр, Бөкенбай батыр, Есенаман тұқымдарымен батыр болғанын сол мақаладан білген едік. Біздің Есен­аман тауы деп жүргеніміз осы Табын Есенаман батыр есіміне байланысты екен. Егіндікөл ауылынан бес-алты шақырым жерде Аққұмның іргесінде «Жәши тал» атты шағын орман бар. Жәши де кісі аты екен. Ол Табын руының Жиембет бөлімінен тарайтын әйгілі Жоламан батырдың ұлы екен.

Осы кітаптағы «Есенаман тауы» әңгімесін оқи отырып, Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылы аймағы табын руы мекендеген жер екенін білеміз. Бөкенбай Қарабатырұлы, Тіленші тархан Бөкенбайұлы, Жоламан батыр Тіленшіұлы туралы деректер өткен тарихты талмай ізденіп оқитындарды қызықтырары сөзсіз.

Жігерлен ауылының батыс бетіндегі биік төбе «Дәуқара» деп аталады. Онда Байбақты руының ұранына айналған Әлтеке Дәуқара батыр жерленген. Моласы жер болып кетсе де, құлпытасы сақталған. Қаратөбеліктер Дәуқара батырдың моласына барып түнейді. Автордың «Дәуқара батыр» әңгімесінде барымта жолында Бармақтың найзасынан мерт болған Дәуқара батыр жайлы ел аузындағы аңыз-әңгімелер қызықты оқылады. Дәуқара құлпытасының оң жағында біз жоғарыда айтып өткен Науқан молда жерленген.

Ел сыйлайтын Едіге ишан да Нұртас кітабының салмақты тақырыбы болған. Бір қызығы, Едіге әулиенің немересі егіндікөлдік Мұзафарұлы Қайыррахманның 2016 жылы қазан айының 18-20 күндері туғанына 175 жылдығын атап өтіп жатқан төре, әнші Мұхит Мерәліұлына жиен екендігін осы кітаптан оқып білуге болады. Қазір жасы тоқсаннан асқан Қайыррахман Мұзафарұлы  Мұхиттың қызы Ажардан туған. «Менің анам – Ажар. Ол әнші Мұхиттың қызы. Мені босанғасын алты айдан кейін көз тиіп, қайтыс болыпты. Әкем теріс қарап, «Ажар десе, ажар еді-ау» деп жылап отыратын» – депті Қайыррахман қарт. Кейіпкердің қызықты әңгімелері кітапта баяндалған.

Егіндікөл ауылында көп жыл қой баққан ысық – Сейтек Тінәлиев Батырбайдың шежірелі қария екенін автордың «Шежірелі Батырбай қарт» деген әңгімесінен білуге болады. Бүгінде марқұм болған Батырбай ағаның айтып көрсетуімен Салаң әулие жайлы деректі, оның сынып қалған құлпытасын тапты Нұртас. Егіндікөл ауылындағы Арал қорымында жатқан Сүлеймен әулие, Беске қорымының неге Беске атанғаны жайлы осы Батырбай аға айтып кетті.

Осы кітаптан автордың қазақ әдебиетінің төл бастауы жайлы терең пайыммен жазылған мақаласын да оқи аласыз. Күй өнері туралы да көрнекті дүние жазылған. Көне күйшілерді көре қалған домбырашы Өтеген Жұмашевтың әңгімесі қызықты оқылады.

Қорыта айтқанда, өлкетанушы-журналист Нұртас Набиолла­ұлының ауыл тарихына арналған тұңғыш кітабы – «Егіндікөл тарихы» таптырмайтын еңбек. «Егіндікөл тарихы» – жас қаламгердің ертеңіне жол бастайтын алғашқы баспалдақ. Қаламың жемісті, қадамың құтты болсын, Нұртас інім!

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru