Аймашев Боранбай Керейұлы

1931 жылы 13 желтоқсанда Қосағаш ауыл советінде қарапайым шаруа семьясында дүниеге келген. Жас кезінен ерекше зерек, ізденімпаз жан өзінің бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған.

1950 жылы мектепті бітіргеннен кейін  Оралдағы А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік қазақ оқытушылар институтына түсіп,  1952 жылы физика және математика факультетін бітіріп шықты. 1952 жылы Калинин орталау мектебіне математика пәнінің мұғалімі, 1953 жылы Социализм орталау мектебінің директоры болып сайланды.

1954-56 жылдары Совет армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келіп, өзінің сүйікті мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасты.

1957 жылдан Социализм орталау мектебінде математика пәнінің мұғалімі  қызметін атқара жүріп, 1964 жылы Социализм орталау мектебі Егіндікөл орта мектебі болып құрылған кезде де осы мектепте  өз мамандығы бойынша ұстаздық етті.                  

Жас ұрпаққа  терең де жүйелі білім беру ісін абыроймен іске асыра жүріп, 1971 жылдан бастап әскери жетекшілікке ауысып, зейнеткерлікке шыққанша еңбек пәнінен сабақ берді. Аудан көлемінде өтетін «Орленок», «Зарница» ойындарынан жүлделі орынға ие болуы тәжірибелі ұстаз екендігіне әлденеше рет көз жеткізді.

Ұстаздық жолмен қатар ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосып, жазғы демалыс кезінде егіс ору науқанына қатысатын. Еңбегі бағаланып «Құрмет Белгісі» орденімен,  «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Ұлағатты ұстаз  сегіз бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі шаңырақ иесі еді. Кейінгі ұрпақ үшін оның өмір жолы үлкен өнеге, әрі мақтаныш.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru