Мобилді топтың қос округке сапары

Қараша айының 22-сі күні республикалық маңызға ие Шымкент-Самара тас жолына таяу орналасқан ауданның солтүстік бетіндегі Егіндікөл, Қоскөл ауылдық округтеріне бағыт алған  «Парасыз болашаққа. Бірге!» мобильді тобы алдымен Қоскөл ауылына, түстен кейін көршілес Егіндікөл ауылдарына ат басын тіреді.   

Қоскөл ауылдық мәдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындары алдында мобильдік топ мүшелері «Нұр Отан» партиясы» Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Нұрлан Оразов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жетекшісі Эльдар Амантаев  күн тәртібіндегі өзекті мәселе сыбайлас жемқорлықпен күрес  және оның алдын алу турасында хабарлама жасады. «Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы жылғы  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылудағы ұстанатын бес басым бағыттың бірі ретінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін қоюы оның соншалықты маңызды екендігін көрсетіп отыр.  Партия Доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршаның және әр адамның міндеті. Сыбайлас жемқорлық біздің мемлекетіміз бен демократиямызды жегідей жейді. Сондықтан да біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және жаңа қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын жасаймыз», делінген. Доктринада айтылғандай, сыбайлас жемқорлықпен ел болып,  бірдей күресуге баршаңызды шақырамын» —  деді  мобильді топ мүшесі  Нұрлан Оразов. «Қоғамға қауіп–қатер туғызатын, елдің дамуына кері әсерін тигізетін сыбайлас жемқорлық –  тамырын кеңге жайған кеселдің бірі. Сыбайлас жемқорлықтың жиі көрініс табатын, ең қауіпті түрі – ол парақорлық.  Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Пара беру  де, пара алу да пайдалы болмайтындай, екеуі де үлкен қылмыс ретінде саналатындай  қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Баршаңызға белгілі парақорлық –   мемлекеттің қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтарына қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, оның жолын кесу, осыған байланысты тіркелген қылмыстарды тергеу, оны ашу жұмыстары елімізде жоспарлы жүргізіліп келеді. Бұл кеселдің  алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан-жылға өсуде. Тәуелсіз ел болып,  әлемдегі еңсесі биік 30 елдің қатарына енуді көздеген шақта баршамыз бірлесе отырып, қоғамды жегі құрттай  құртатын кеселге жол бермеуіміз керек!» — дейді топ мүшесі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық жетекшісі Эльдар Амантаев.Алқалы жиын барысында «Арыз-шағымдарды тиімді қарастыру» жобасы аясында аудандағы мекеме басшылары  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» «ӘТВЕО» Қаратөбе аудандық бөлімшесінің басшысы Сағима Далабаева  «2018 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енетін  зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар», аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ерболат Сұлтанов  «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек» туралы түсінік беріп, қос округ  тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Екі округте де қойылған сауалдардың негізі әлеуметтік мәселелерге байланысты болды.  Қоскөл ауылдық округінің тұрғындары Бейбіт Жұмақай, Ләззәт Мырзағалиева жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, Серік Жанахметов зейнетақы қорына аударылатын жарна төңірегіндегі түйткіл мәселе бойынша сауал қойса, ауыл ардагері Серік Нығметов  жастарды теріс діни ағымдардардан сақтандыру бағытында сауал тастап,ой-пікірлерін білдірді. Егіндікөл ауылдық округіндегі жиында ауыл тұрғыны Абзал Құбыниязов окрутегі байланыс саласын арттыру бағытында «Ауылға түрлі  төлемдерді алысқа бармай-ақ жергілікті жерден аударып отыруға мүмкіндік беретін аппаратура  қондыруға ықпал етсеңіздер» деген  тұрғындар үшін тиімді өзекті  мәселені алға қойды. Мобильді топ мүшесі Айсұлу Дияшева Егіндікөл, Қоскөл ауылдық округтерінің мектеп ұжымдарымен кездесіп, сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның  алдыну мақсатында насихат жұмыстарын жүргізді. Қаратөбе аудандық жұмыспен қамту орталығының  директоры Назира Жұмағалиева, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арай Жақсығұлова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  бас маманы Ерболат Сұлтанов  Қоскөл, Егіндікөл ауылдарының  тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.  

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru