Егіндікөлдік ақсақалдың жүлдесі

Облыстық қазақ драма театрында Халықаралық қариялар күні аясында «Ата сөзі – бата сөз» облыстық батагөй қариялар байқауына аудан намысын қорғай барған егіндікөлдік Ертай Сердалин І орынды иеленді.  

Батаның тәрбиелік мәнін насихаттау, адалдыққа, әділдікке, адамгершілікке үндеу, ұмытыла бастаған ұлттық әдет-ғұрпымызды дамыту, насихаттау, өскелең ұрпақтың  үлкенді құрметтеуі, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында өткен байқауға әр ауданның,  қаланың  намысын арқалаған он бес батагөй қария қатысты. Байқау шарттары бойынша  өздерін таныстыру, «Ел есіндегі баталардан…» үзінді айтудан бақ сынаса, «Батамен ел көгерер»  (үй тапсырмасы) бата түрлерін жатқа айтып, көрініс көрсетті. Киелі сахна төрінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнаманы жеткізген  Ертай  Нығметұлы салт-дәстүрді  батамен дәріптеп,  қарсыластарынан ІІІ кезеңде де жеңіске қол жеткізді. – Жарыс жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Әр кезеңге 3 минуттан уақыт берілді. Дегенменде қатысушылар берілген уақыттан асып кетіп жатқандар да болды. Бір әттегенайы Орал қаласында тұратын  жерлестеріміз қолдау көрсетуге келмеген сыңайлы. Көрермендер арасынын көре алмадым. Қуанғаным  – жастар көп келді. Әділқазылар мүшесі әділ бағаларын берді. Мен орын алу үшін қатысқаным жоқ. Мақсатым – аудан намысын қорғап, қатысу болатын. Інім Жарқын Тәжіғалиев сахнаға көтеріліп демеушілік жасап, құрмет көрсетті, қуанып қалдым. Қаратөбе ауданын жерге қаратпай,  жүлдеге іліктім. Байқау жылма-жыл дәстүрге айналдырып өткізіп тұрса,  жастарға тәрбие болары сөзсіз, — дейді батагөй қария Ертай Сердалин.  

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru