Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Сарматтар мекені

Тарихты білу, зерттеу не үшін керек? Менің ойымша, мұның ең басты екі негізі бар. Біріншіден, өткенімізді біліп, болашақты саралау үшін керек. Екіншіден, өткеніміздің жақсы жағын алып, болашақ ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін қажет. Туған жерінің тарихын терең білмей, елдің, әлемнің тарихын білем деу – қате. Әр адам өзі туып-өскен жерді елінің, әлемнің тарихымен байланыстыра зерделесе, оң болады.

Менің туған ауылым Егін­ді­көлдің маңында тарихи тамыры терең обалар өз зерттеушілерін күтуде. Соңғы кезде мемлекетіміз тарихты қайта зерделеуге аса мән беріп жатыр. Сондықтан бұл обалардың да сыры толық ашылатын күн де жақындаған болар. Кеңес үкіметі тұсында «Лебедевка қорымы» атауымен танылған, археологтар қазба жұмысын жүргізген бұл обалардың сарматтар кезеңіне жататынын бүгінде көпшілік түгілі, сол ауыл тұрғындарының өзі біле бермейді.

Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауы­лының солтүстік бағытында обалар көптеп кездеседі. Бала кезімізде мал бағып жүріп, суық желде осы обаларды ықтасақ, жоғалтқан малымызды іздегенде үстіне мініп айналаны шолушы едік. Тарихтан бұл жер сарматтардың мекені болғанын, ал обалар сарматтардың жерленген зираттары екенін бі­летінбіз. Ал үлкендер «ертеректе бұл жерді алтын іздеушілер келіп қазған» - дейтін. Анам «1977 жылдары ауыл маңындағы обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Әке­лерің археологтардың сұрауы бо­йынша әлденеше рет техникамен көмек берді. Мені де соның басына апарып, көрсеткен болатын» дейді.

Қазақта адам жерленген жердің үстін басуға болмайтынын бәрі біледі. Бірақ сарматтар қазіргі за­ман­нан тым ерте, яғни осыдан 2000-2500 жыл бұрын өмір сүргендіктен бе, жергілікті халық қажетіне қарай обалардың үстіне мініп, ықтап, т.б. қаделеріне жаратып келеді. Бірақ көпшілік 1967, 1977-80 жылдары жүргізілген қаз­ба жұмыстары бойынша нақты не табылғандығын білмейді.

Былтыр қаламызда «Жайық өзе­ні алабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» атты халықаралық ғы­лыми конференция өтті. Осы ша­раға қатысып, баяндама жасаған Ресей ҒА Археология инсти­ту­ты­ның бөлім меңгерушісі, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Мошкова Марина Глебовна Сегізсай мен Егіндікөл ауылдарының арасындағы обаларда жүргізілген қазба жұмыстары туралы айтты. Уақыттың тығыздығына байланысты толыққанды айтуына мүм­кіншілік болмай, баяндамасын қысқа қайырды. Конференциядан кейін ғалыммен жақынырақ танысып, туған жердің тарихына қатысты кеңірек мағлұмат алайын деген ниетпен Егіндікөл ауылы­ның маңындағы сарматтар дәуіріне жататын обаларға қатысты әңгі­мелесуге өтініш білдірген едім. Ресей ғалымы өтінішімізді қабыл алып, туған жердің біз білмейтін талай сырын ақтарды. Сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.

– Марина Глебовна, Егіндікөл мен Сегізсай ауылдарының арасындағы сармат­тар кезеңі­не жататын оба­­лар­ды зерттеу мәселесін алғаш көтерген және жұмыс­танған кім?

– Менің білуімше, Григорий Ивано­вич Багриков 1966-67 жылдары Егінді­көл және Сегізсай елді мекендерінің аралығында сту­­денттермен практикада бол­ған. Сол кезде алғаш зерттеген. Көптеген обаның ішінен кішкене және екі үлкен обаны қазып, жұмыс жүргізген. Олардан кейін біз 1969 жылы барлау жасап, пе­да­гогикалық ЖОО-мен келісім бойынша 1977 жылы қазба жұ­мыс­та­рын жалғастырдық.

– Г.Багриковтың жүргізген жұ­­мыс­тары нәтижелі болып па?

– Иә, бізге де бұл жерді зерттеуге келуге негіз болған Багриковтың жүргіз­ген жұмыс­тарының нәти­же­сі бойынша жарияланған мақала. Онда кейінгі сарматтар кезеңіне жататын адам сүйектері және түр­лі жәдігерлер табылған­дығы ай­­тылған. Соның ішінде аса қызық­тысы – қатар орналасқан үлкен екі оба. Ол қазба жұмыстарын то­лық, ашып жазбаса да, аса қызықты жә­дігерлердің та­был­ғандығын жазған. Сондықтан сол бастаманы әрі қарай жалғастырып, тереңірек зерттеуге біз арнайы келісіммен келдік.

– Сіз ол кезде қандай қызмет ат­қардыңыз және қазба жұмыс­тарына кімдер қатысты?

– Мен ол кезде Ресей Ғылым Ака­де­миясының археология ин­с­ти­тутының ғылыми қызмет­кері, әлде тіпті кіші ғы­лыми қызметкерімін. Лаборанттарды са­намағанда Мәс­кеуден басшы ретінде болған жалғыз мен және Орал педаго­ги­калық институтының оқытушысы Борис Федорович Железчиков және сол институттың студенттері болды.

– Оқырманға түсінікті бо­лу үшін сарматтар дәуірінің кезең­дерге бө­лінуін нақты­рық айтып берсеңіз?

– Сарматтар тарихы төрт кезең­ге бөлінеді. Бірінші савроматтар ке­зеңі – б.д.д. VI-IV ғғ. Екінші ерте сармат кезеңі б.д.д. IV ғасырдан шамамен б.д.д. I ғасырдың ортасына дейін созылады. Үшінші орта сармат кезеңі б.д.д. I ғасырдың ортасынан б.д. II ғасырдың ортасына сәйкес келеді. Төртінші, кейінгі сармат кезеңі б.д. II ғасырдың ортасынан IV ғасырдың ортасына дейін келеді. Бұдан әрі ғұндар келіп, бәрін жайпап өткен.

– Сізге алыстан келіп жылма-жыл қазба жұмысын жүргізуге не себеп болды?

– Бұл жердің ерекшелігін 1969 жы­лы алдын ала зерттеу ке­зінде байқа­ған­быз. Мұн­да соңғы сарматтар кезеңіне жа­татын зираттар кездеседі. Жалпы соврамат, ежелгі сармат, орта сармат кезеңдеріне жататын қорымдар көп, тек соңғы сарматтар кезеңі өте сирек еді. Бұл қорымның тағы бір аса ерекшелігі – совраматтар, ежел­­гі сарматтар және соңғы сарматтар кезеңдеріне жататын сүйек­тердің аса бай жә­дігерле­рімен табылуы. Тек орта сарматтар ке­зеңіне қатысты ештеңе болмады.

– Бұл жерде адамдар б.д.д. VI ғасырдан б.д. IV дейін, яғни 1000 (мың) жылдай тұрақты мекен еткен ғой?

– Тек орта сарматтар кезеңін қоспаса солай. Бұл мекен осымен де аса ерекшеленеді.

– Қазба жұмысын неден баста­дыңыз?

– Алдымен қорымдағы обаларды орналасуына қарай 6 топқа бөлдік. Содан кейін ретімен қазба жұмыстарын бастадық.

– Сіздер қазбадан не тапты­ңыз?

– Көптеген дүние таптық. Бірақ екі ірі обадан Багриков тапқандай деңгейде кездеспеді. Ол жөнінде толығырақ әлі де айтамын. Міне, біздің қазбаларда түрлі айналар, сирек кездесетін сегіз қақпалы айна да болды. Римдік фибула, өзі түрлі-түсті, эмалі бар. Түрлі тұрмыстық заттарды қоспағанда басқа жерлерде өте сирек кездесетін қылыштың ағат алқымы (халцедоновый навершье, хал­цедон-қатты ми­нералды тас, навершье-қы­лыштың сабының жоғары басы) табылды. Бұл ағат алқым жерленген адамның даңқты, мықты, ауқатты жауынгер бол­ғандығын көрсетеді. Бұл – аса құнды жәдігер! Халцедон сапты семсер жерленген адамның байлық деңгейі мен батырлық мәртебесі аса жоғары екендігіне дәлел. Сабына кіргізу үшін ағат алқымының үстіңгі жағынан саңылау қалдырған және сабынан түсіп қалмау үшін оны әшекейленген шегемен ұстатқан. Шегенің бас жағы кәдімгі шегеге ұқсаған, бірақ оны да әдемілеуді ұмытпаған. Біздің қазбалардың бі­рінде кездескен халцедондық навершье жартылай адам, жартылай арыстан келбетінде жасалған, айналасы әйнекпен әшекейленген, суреті алтыннан жа­салған.

– Сіз әңгіме арасында Г.Багри­ков­тың тапқаны туралы сөз қозғадыңыз. Соған кеңірек тоқ­талып өтсеңіз?

– Өткен ғасырдың 1966-67 жылдарын­да Орал педагогикалық инс­титутының оқытушысы Григо­рий Иванович Багриков Лебедевка (Сегізсай) мен Егіндікөл ауылдарының арасында орналас­қан қорым­ды тауып, бірнеше ша­ғын және екі үлкен обаны қазды. Сол екі үлкен оба тоналмаған болып шықты. Бұл – таңғаларлық жәйт, өйткені үлкен обалар алдымен тоналатыны баршаға белгілі. Бұл екі обаның да аман сақталуы тарихшы ғалымдар үшін үлкен олжа болды. Қатар тұрған екі үлкен обаның біреуінде ер адамның, ал екіншісінде әйелдің мәйіті табылған. Ер адамның зиратында бағаналы құрылыс, арқалық (перекрытие) болған. Антропологиясы жоқ, бас сүйектерді қайда жібергені белгісіз. Сол ер адамның моласында едәуір инвентарь, тіпті бай инвентарь табылған. Оның ішінен шыққан қос амфора бүгінгі күнге дейін кейінгі сармат кезеңіндегі оңтүстік Орал өңірі аймағында табылған бірегей амфора болады. Ол ашық түсті балшықтан жасал­ған кішіазиялық амфора. Олардың датасы б.д. алғашқы ғасырлары, дәлірек айтқанда, б.д. ІІ-ІІІ ғасырдың басы болып саналады. Оңтүстік Орал өңірінде табылған мұндай бұйым әзірге жалғыз. Бұрын оны мұражайда көргенмін, суретке өзім түсіріп алғанмын. Моланың екі бұрышында екі қуыс болды. Онда бір үлкен, бір шағын қола қазан және өте әдемі, өте сирек кездесетін, көз тартарлық тұтқасы бар құмыра табылды. Ыдыстар Иран жерінен әкелінген болу керек, мен олармен әлі жұмыстанған жоқпын. Оны шеттен әкелінген деп айтуға болады. Аса құнды нәрсенің бірі - найза, ол да кейінгі сармат кезеңінде кездеспейді. Оңтүстік Орал өңіріндегі ертелеу кезеңді алсақ, найзалар бірен-саран кездеседі. Ал мына зиратта екі найза болды. Найзаның сабы түгелімен жіңішке күміс лентамен оралған. Бұл менің көргенім емес, Багриков солай деп жазған. Және қыш ыдыс бұйымдар, пышақтар, темір үшаяқ (оның неге керегін білмедім), табынуға байланысты кішкене ыдыстар, діни шағын ыдыстар болған.

Екінші обадағы әйел зираты аса ерекше және өте құнды. Алтын моншақ, сырғалары әсем өрнек­телген, киімі тү­гелімен алтын жап­сыр­маларымен көм­керілген. Жап­сырмалары әр түрлі формада. Хрустальдан, әйнектен жасалған моншақтар да болды. Қою қызыл түсті рубин орналастырылған екі алтын ілмешек, күміс қасық, құмы­ра, шелек, түрлі ыдыс-аяқтар бар.

– Ол жерде жалпы қанша оба бар? Сіздер нешеуін қазды­ңыздар?

– Оба өте көп. Менің ойымша, 150-ден асады. Бірақ ол обалар түрлі кезеңге жатады ғой. Тіпті бірнеше ғасырлық айырмашылықтар бар. Сондықтан кейбірі жермен-жек­сен болып кеткен болуы да ық­тимал. Біз қазғандардың 51-і соң­ғы сарматтар кезеңіне жатады. Онда қазылмаған обалар әлі де көп.

– Қазба жұмыстарындағы жә­ді­герлердің ерекшеліктері қан­дай?

– Біріншіден, керамикалық бұ­йым­дар көп болды. Бұлар менің ойымша батыстан, Дон өзенінің бойындағы Тана қаласынан әке­лін­ген болуы керек. Екіншіден, 51 обаның көпшілігінде әскери, батыр ер адамдар көп болды. Олардың бәрінде ұзын қылыш болса, тек екеуінде ғана қанжар бар. Ұзын қылыштардың төрт-бесеуінде са­бының алқымы ағат (халцедоновый навершье, халцедон-қатты минералды тас, навершье - қы­лыштың сабының жоғары ба­сы) болды. Бұл ол жерде жерленген адамның жоғары мәртебелі екендігімен қатар, халық тұрмы­сының жақсы бол­ғандығын көр­сетеді. Оңтүс­тік Орал өңірінде соң­ғы сар­маттар кезеңіне жататын қо­рым­дар көп. Бірақ олардың еш­қайсысынан алқымы ағат қылыш кездескен жоқ. Осыдан-ақ бұл жерді мекен еткен адамдарды көптеген ғасырлар бойы әрі батыр, әрі ауқатты халықтың өмір сүргенін көр­сетеді.

Жылқыларды әдемі өмілді­рік­­пен безендірген. Бұл ер адам жерленген үш обадан табылды. Біз басында қола жап­сырмалардың не үшін пай­даланылға­нын білмедік. Артынан ғалымдармен ақылдаса келе, олардың жылқыға ар­налған әшекей екенін білдік. Бұндай әшекеймен ақалтеке жылқылары безендірілген. Біз­де ақалтеке бол­ды ма? Біл­меймін. Бірнеше ірі оба­да ер адамның жанынан тап осындай өмілдірік табылған. Ерекше­лігі, олар күміспен көмкерілген. Мен еш жерден бұндай күміспен күптелген өмілдірікті кездестірмедім.

Сонымен қатар екі-үш ғи­ба­дат­хана таптық. Бұлар жазықжерде орналасқан, 10-12 метр­лік, едәуір кең дөңгелек алаң­дар болды. Біз қазғанда, ол жерден тек керамика сынықтарын таптық. Мен оларды Мәскеуге алып кеттім. Д.Б.Шеллов деген мықты ғалым бұл керамиканы б.д. III ғасырдың басына жататындығын дәл айтты. Ерекшелігі, біз адам жерленген зираттардан құмыраларды өте сирек кездестірдік. Бұның сы­ры, құмыралардың көбі ғибадат­­ханаларда болған екен.

– Әңгімеңізге рақмет.

Марина Глебовна 1967 жылы Г.Багриков қазба жұмыстары кезінде тапқан екі үлкен обаның аса құнды екендігін жоғарыда айтты. Осы екі қабірдің орналасуы туралы сызбаны ғалымнан алған болатынбыз. Айтылған әңгімелер түсінікті болу үшін назарларыңызға ұсынамын.

Сызба №1 Ер адамның қабірі

Лебедевка қорымының № 1 обасы. Диаметрі – 27 м, биіктігі 2 метрге жуық. Орталығын­дағы үйінді астында көлемі 3,2x2,5 м тік бұрышты қабір шұңқыры бар. Шұңқырдың төбесі жабылған, оны қабірдің периметрлері мен ортасына көмілген 12 баған тіреп тұр. Бағандардың ортадағы қатары қабір шұңқырын екі бөлікке бөледі. Жерленген адамның қаңқасы қабір шұңқырының батыс бөлігінде жатыр. Өлік басы солтүстікке қаратылып, шалқасынан жатқызылған. Бас жағына қырлы тұтқалары бар, мойны жіңішке үлкен құмыра қойылған. Сол жақ иығында темір ожау, темір орақ және ағаш қалдықтары сақталған найзаның темір ұңғылы ұшы жатыр. Оң жағында, аяғының жанында – ағаш қынды екі жүзі бар семсер. Семсер сабының алқымы дөңгелек ағатпен шектелген. Жерленген адамның киіміне жарты шар тәрізді алтын қаптамалар тігілген. Қабірдің шығыс жағынан ұңғылы темір ұшты найза, екі-екіден шеңберлі темір және күміс ауыздығы бар ат әбзелі, тоғалар мен жүген қаптармалары табылды. Ыдыстардан табылғаны – мыс қазан, түбі дөңгелек мыс саптыаяқ, мойны жіңішке, тұтқасы иілген мыс құмыра, оның төменгі бөлігіне Дионистің басы, ал ернеуінен шығып тұрған жоғарғы жағында ұзын тұмсықты құстар қоршаған күләпаралы әбжыланның басы бейнеленген.

Сызба № 2 әйел адамның қабірі

Лебедевка қорымындағы №2 оба. Диаметр – 21-22м, биіктігі – 1,45м.:

1– күміс шамдал, 2, 3, 4 – қола қазандар, 5 – қойдың сүйектері, 6 – қола қоңырау, 7 – темір қоңырау, 8 – күміс сүзгі, 9 – қола бақыраш (котелок), 10, 11, 17, 18 – керамикалық сауыттар, 12 – тас келсап (түйгіш), 13, 14 – қайрақ, 15 – ромб тәрізді таңамоншақ, 16 – құмыраның мыс тұтқасы, 19-21 – сауыттардың сынықтары, 22 – күміс қасық, 23 – алтын сырға, 24 – алтын салпыншақ, 25 – алтын V тәрізді жапсырмалар, 26 – алтын жапсырмалар мен пластиналар, 27 – моншақтар, 28 – саз, 29 – айнаның фрагменттері.

Қорымдардағы қазба жұмыстары табылған адам­ның сүйегімен қатар онымен бірге жерленген бұйымдардың саны мен сапасына да байланысты құнды болады. Себебі табылған заттардың бәрі сол заманның мәдениеті мен өркениетін, халықтың жағдайын білдіреді. Үлкен обадан табылған әйел адамның дүние-мүліктерінің ішіндегі алтын бұйымдардың саны мен сапасы таңғалдырды. Негізгі дені үстіндегі киімдерге жапсырылған түрлі формадағы жапсырма алтындар. 1967 жылы жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлерді Г.Багриков Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған екен. Алтынның сапасы да өте жоғары, сынамалары 900 және 950. Енді табылған әшекейдің санына назар аударыңыз. Жартылай доға түрінде, қуыс, артқы жағында тігуге арналған ілмегі бар жапсырма – 207 дана. (сынама 900). Жартылай доға тәрізді, тегіс фигуралық, тамшы тәрізді, тігуге арналған үш тесігі бар жапсырма – 83 дана (сынама 900). Үшбұрыш тәрізді, үрілген жапсырма – 130 дана (сынама 900). Айшық түрінде, төменгі бөлігі үрілген, тастармен безендірілген сырға – 2 дана (сынама 900).

Осыншалықты алтын жапсырма бір әйел адамның үстінде тігілген болса, бұл да алтын адам болмай ма?

"Орал өңірі" газеті №113
12.09.2013 жыл

 

 

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru