Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Қазақ әдебиетінің төл бастауы

Бізге ата-баба тарихы нақты жазба деректермен емес, көбіне ауызша үлгіде шежіре, жыр түрінде жеткені белгілі. Ежелгі жыраулар мен ақындар елінің нағыз жанашыры болғандықтан, олардың мұраларында өз заманының тарихы, халқының мұң-мұқтажы мен көңіл күйіне дейін жан-жақты көрініс тапқан. Сондықтан халық жадында сақталған қазынаны басты негізге алып, бүгінгі таңда қолжетімді басқа да дереккөздерін салыстыра отырып, өткенімізді саралау шынайы отандық тарихты жасақтауда мол жемісін берері даусыз. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқының маңдайына біткен атақты жырау, батыр әрі би Жиембет Біртоғашұлының өмірі мен мұрасы жайлы жаңаша пікіріміз көзі қарақты оқырманды бей-жай қалдырмайды деп сенеміз. Бұл орайда Жиембет жыраудың қазақ әдебиеті және қазақ тарихынан алар орны, сондай-ақ оны бүгінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызы сынды қалыптасқан тақырыптар аясында сөз қозғаймыз.

 

Қазақ әдебиеті

 

Жиембет жыраудың қазақ әдебиетінен алар орнына тоқталғанда оны халқымыздың төл әдебиетінің ең бастауында тұрған тұлға ретінде қарастыруға болады. Өйткені қазақ жыраулық әдебиетінің бізге жеткен деректері өмір сүрген уақыттары бойынша Асан Қайғы, Қазтуған ХV ғ. шамасы, Доспамбет жырау – ХVІ ғ. өкілі, Доспамбет жыраумен замандас, 1465-1560 жылдар аралығында өмір сүрген Шалкиіз жырау деп жүйеленеді. Уақыт жағынан осы жыраулардан кейін Жиембет жырау есімі аталады. Бір ерекшелігі –
Жиембет жырауға дейінгі жыраулық поэзия өкілдерінің барлығы өзге де түркілік ағайындардың, атап айтқанда, құмық, ноғай жұртының әдебиеттеріне де ортақ тұлғалар. Ал Жиембет жырау «Қырық таңбалы қырымның, Он таңбалы ұрымның, Он екі баулы Өзбектің, Бұрынғы он сан Ноғайдың, Кетейін десе жөн таппай, Адыра қалғыр Үш Қиян, Қол ұстасып жүрген жер!» деп Мұрат Мөңкеұлы жырлағандай, жеті жұрт көшіп, талай аласапыранды бастан кешкен қазақтың даласында, соның ішінде Кіші жүз аймағында үлкен тарихи бетбұрыс болып, бүгінгі жаңа Қазақ мемлекетінің іргесі қалыптаса бастаған уақытта өмір сүрген. Тарихқа көз жіберсек, қазақтардың Өзбек хандығынан бөлініп, өз алдына мемлекет құруы – 1456 жылдар шамасы. Ал бұл кезең жоғарыда аталған Доспамбет, Шалкиіз жыраулардың дүниеге келген уақыттарына дөп келеді. Әйткенмен, Кіші жүз жерін мекендеген халық Қазақ хандығы құрылған бойда оның құрамына кіре қоймай, біраз замандарға дейін Ноғайлы ұлысының құрамында көшіп-қонып жүргенін тарихтан білеміз. Көпке белгілі тарихи деректер бойынша қазіргі үш жүз руларының тұтасып, Қазақ хандығының нығаюы Жиембет жыраудың дүниеге келуінің сәл-ақ алдында, Хақназар хан билік құрған заманда жүзеге асады. Сондықтан Жием­бет жырау ешбір ортақсыз және талассыз, нағыз қазақтың жырауы, оның шығармашылығы бүгінгі қазақ әдебиетінің төл бастауы дей аламыз.

Жуырда Дағыстандағы Ноғайыстан ауданында тұратын аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, жыраулық поэзиядан мол хабарлы Яхия есімді ноғай бауырымызбен телефон арқылы тілдескен едім. Сонда ол «Асан Қайғы, Қазтуған Сүйінішұлы, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар – ежелгі ноғай халқының жырау­лары, біздің тікелей ата-бабаларымыз» деген заңды пікірін алға тартты. Ал өмір сүрген уақыты жағынан дәл осы жыраулардан кейін аталатын Жиембет атамыздың есімінен ол ноғай бауырларымыз бейхабар болып шықты. Осыдан Жиембет жыраудың өлке тарихынан алатын орны да айқындала түседі. Оның дүниеге келген, өмір сүрген заманы қазақ пен ноғайдың айырылып, біздің батыс өлкедегі рулардың Қазақ хандығы құрамына жаңадан енген уақытымен тұспа-тұс келеді деген сөз. Әрине, айтып отырған пікіріміз Қазақ хандығының іргесі бекіп, тұтасуына қатысты уақыт жағынан алғандағы шартты түрдегі ұғым екенін ескеруіміз керек. Әйтпегенде, Махамбет ақынның жырынан да Қазтуған жыраудың толғауларымен ерекше үндесетін сарынды айқын аңғаруға болады. Өйткені Қазтуған жырау өмір сүрген заман – қазақ пен ноғай жұртының туысқандығының түйісетін тұсы. Сол себепті жыраулар мұрасындағы, жалпы халқымыздың дүниетанымындағы рухани жалғастық деген ықылым замандарға тереңдеп кететін, уақытпен шектелмейтін дүние екендігі күмән туғызбайды. Жиембет жырау шығармашылығының аса жоғары көркемдік ерекшелігі, тапқыр теңеулері – әдебиет ғылымында талданатын өз алдына үлкен тақырып.

 

Қазақ хандығының тарихымен үндес

 

Жиембет жыраудың ең жоғарғы билеуші ханға аса ықпалды, тура сөйлейтін би, ақылшы болуы, батыр болып, ол бастаған қазақтың қолы көптеген шайқастарда жеңіске жетуі тарих зерттеушілері тарапынан жазылған. Назарымызды ерекше аударға­-ны – оның толғауларында сол замандағы нақты тарихи факт қаз-қалпында көрініс тауып отыратыны. Жиембет жыраудың бүгінге жеткен толғауларының бәрі бастан-аяқ аталмыш сипатқа ие. Яғни заманында орын алған белгілі оқиғалар Жиембет толғауларының басынан аяғына дейін тұтас тұнып тұр. Сондықтан оның жыр жолдарындағы әрбір үзінді тарих тұрғысынан күрделі зерттеуді талап етеді.

Бүгінгі таңда Есім хан заманындағы қазақ халқының басындағы жағдай, билеушілердің тартысы Жиембет жырау толғауындағыдай айқын бейнеленген дерек қанша ақтарғанмен, ешбір мұрағаттан немесе басқа да дереккөзінен табылмауы мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде, Жиембет жырау – би, батыр, қалың жұртын меңгерген ел билеуші ғана емес, бүгінгі ұғыммен қарағанда, өз заманының тарихын кейінгіге жеткізуші де. Өйткені оның толғауынан қай тұсын алып қарасақ та, жоғарыда айтылғандай, өзі өмір сүрген кездегі нақты болған оқиға жырланады. Сол кезеңге қатысты тарих тірілей көз алдымызға келеді. Сондықтан Жиембет жырауға қатысты тарих, оның өмірі мен шығармашылығы сол кезеңдегі тұтас қазақ хандығының тарихы деуге толық негіз бар.

 

Жырауды бүгінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызы

 

Жиембет жырау – қанша уақыт өтсе де, тұтас ұлтқа бір өзі жан-жақты үлгі бола алатын ірі тұлға. «Өнер алды – қызыл тіл» деген халық даналығына жүгінсек, оның қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен болуы – айбынды батырлығымен қоса ерекше өнерпаздығының да белгісі. Ал толғауларындағы «Түн ұйқымды бөлгенмін, Жұртымды жөнге салам деп» келетін жолдардан асқан елжандылық, ел басқарушы тұлғаның халық қамын ойлаған келбеті аңғарылады. «Бас кессе де басылмай, Ақ ісімді жасырмай, Атқа мінген ер едік» деген жолдары болса, шыншылдықтың, тура жолды ұстанушылықтың және сол жолдағы биік намыстың үлгісі іспетті. Осы аталған жолдары немесе «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім сені есірткен, Есіл де менің кеңесім» деп келетін тұстары жыраудың ақылгөй, данышпандығынан да хабар береді. Мұның бәрі Жиембет бабамыздың ерекше қабілетке ие, орасан күшті тұлға екендігін, бүгінгіше сөз саптағанда, жан-жақты бәсекеге дайын, өз қоғамының, өз заманының көшбасшысы болғандығын танытады. Қазіргі таңдағы әрбір кәрі-жас ата-бабаларында болған осындай асыл қасиеттерді өз бойынан оятуға тырысса, «Мәңгілік ел» болуға деген шынайы құлшыныс пен ұмтылыс осы емес пе?

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru