Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Сартай ақын

Неге керек жігітке

Айт дегенде бұлданған,

Мінезім емес құлданған.

Әр жерде жүйрік бар шығар,

Алқаға түсіп жүлде алған.

Томағамды ал да, топқа сал,

Бәйгемді алмай құр қалман.

 

Мәтінін оқығанда-ақ мақам тіленіп тұрғандай бұл жолдар Қаратөбе өңірінде өткен атақты жырау, арқалы ақын, Сартайдың термесінен. «Сартайдың термесі» мақамы жағынан батыстың өзге ән-жырларынан өзіне ғана тән ерекше екпінімен дараланып, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында жұртшылыққа кең тарады. Әйтсе де, әлі күнге дейін сөзі тыңдалғанымен, өзі көпшілікке беймәлім болып келген жыраудың өмірдерегіне үңілу аса қызық.

 

Бірде әкем үйге Орал қаласынан Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы ән-термелер жазылған магнитофон кассетасын алып келді. Ондағы бірнеше шығарманың ішінен Сартайдың термесі айрықша әсер етіп, кассетаны айналдыра отырып, әлденеше рет тыңдаған едім. Бір қызығы, ол кезде айтқан термесі алашқа әйгілі Сартай ақынның ауылдасымыз Ерген Сартаевтың атасы екенін білмедім.

– Әкемнің айтуынша, ол кезде қозы көгендеп, қой сауады екен. Қозы қайырғалы шыққан алты-жеті жасар Сартай жоғалып кетеді. Айналада құдық не жыра жоқ, тегіс дала. Ел болып екі күн іздеп, таба алмайды. Үлкендер «баланы жын-пері көтеріп кетті» деп топшылайды. Үшінші күн дегенде Тайпақ бетінен келе жатқан бір жолаушы қыстан қалған шөмеле шөптің үстінде талықсып жатқан баланы көріп, ауылға алып келеді. Бала тірі болғанымен, көзін ашпайды. Сонда көзі қарақты бір үлкен кісі «Мынау тегін бала емес, бірдеңе байлап жатыр мұны. Дені сау, ештеңе қаққан жоқ. Оянғанда бірдеңе айтар, не деп оянар екен, сұрағанын тауып бере алар ма екенбіз» дейді. Бірер сағаттан кейін бала есін жиып, әдеттегідей емес, тілі күрмеліп, түсініксіздеу сөйлей бастайды. Сонда алғашқы сөзі «Домбыра» болған екен. Сөйтіп, алты-жеті жасында ақындықты Алла беріпті оған. Кейін үлкендер «Далаға қалай кетіп қалдың, не көрдің, біреу апарды ма?» деп сұрағанда Сартай «Бір қара құс келді» деген екен. Басқа ештеңе айтпапты. Сартайдың әкесінде, аталарында ақындық болмаған. Бірақ атам өз бойына біткен өнерімен үш жүзді бірдей аралаған, – дейді Ерген Райысұлы.

Сартай ақын заманында өте белгілі болған. Оның «Тар заман» толғауы Ұлы Отан соғысына дейінгі және кейінгі жылдарда мектептегі «Қазақ әдебиеті» оқулығына енгізілген. Өкінішке орай, бүгінгі таңда Сартай туралы жазылған дерек көп емес. Тек өлкетанушы-журналист Қайыржан Хасанов Сартай Көшкіншіұлы тақырыбына арнап «Ақындар» атты еңбек жазып, онда Сартай ақынның өмірі және оның ұрпақтарына жалғасқан ақындық өнері жайында бірқатар қызықты деректерді көпшілікке ұсынды.

Сартай ақынның Орал қаласы іргесіндегі Теректі ауданына қарасты Жаңа өмір ауылында тұратын немересі Күләш Құбайысқызы – сексеннің сеңгірінен асқан жан. Ол бізге атасы туралы әңгімелеп те, домбырасын қолы­на алып термелеп те берді.

– Әкемнен жеті жасымда қалдым. Ол кісіден өлең-жыр, қандай да бір әңгіме жадыма түйіп қалмаппын. Аталарым туралы білетін әңгімелерімнің бәрі өзім қолында өскен, әкемнің ағасы Дәулетиярдың айтуымен есімде қалды. Сартай атамның бір термесі былай деп келеді екен:

Малды бір жисаң, қойды жи,

Май кетпейді шарадан.

Итті бір жисаң, сырттан жи,

Қой бермейді қорадан.

Құс ұстасаң, жігіттер,

Бүркіт деген құсты ұста,

Қыс киерің түлкі етер.

Қас патшаның баласы,

Ауызына салмас парадан.

Қас батырға оқ тисе,

Мыңқ етпейді жарадан.

Алғыншық алсаң, тектіні ал,

Өсек те жүрмес арадан,

Басыңды қоссаң, жігіттер,

Жақсыменен қосыңдар.

Жаманмен қоссаң басыңды,

Табалап жүрген дұшпандар,

Өле-өлгенше күлкі етер.

Дәулетияр көкем әндетпей, тақпақтап айтатын. Арасында ғана ыңылдап отырғанда «дәйдай-ау, дәйдай-ау, кәкемнің сазы еді» дейтін. Әкелерін «кәке» дейді екен, – дейді Күләш Құбайысқызы. (1967 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан филология ғы­лымдарының кандидаты Балтабай Адамбаевтың құрастыруымен жарық көрген «Шешендік сөздер» атты кітапта «Ит асырасаң, сырттан жи» атты толғау жарияланған. Онда «Ит асырасаң, сырттан жи. Жауар Қарауыл Қожамсүгір айтты дейтін сөз. Ел ауызынан 1939 жылы жазып алып, академияға тапсырушы Х. Байысов» деп түсінік беріліпті. Осы толғау мен жоғарыда Күләш Құбайысқызы келтірген терменің бірер тұсының ғана мағыналас келгені болмаса, бұл екеуінің мәтіні екі түрлі әрі Сартай ақын айтқан нұсқасы көлемдірек).

Құбайыс Ғарифолла Құрманғалиевтің қарындасы Мәруәға үйленген. Мәруә жақсы әнші болыпты. Ол небары жиырма төрт жасында өңеш ауруынан дүние салғанда Құбайыс пен Мәруәдан туған Күләш әжейдің үш жасар кезі екен.

Құбайыс – Сартай ақынның ұлы. Сартайдың Қаратай есімді батыр ағасы болған. Қаратайдың жалғыз ұлы жастай дүниеден өткенде Сартай Құбайысты соңынан ерген тұяғы болсын деп ағасының тәрбиесіне беріпті. Құбайысқа өз әкесінің өнері қонып, ақын, әнші болған. Құбайыстың өнері жоғары бағаланып, оны Ұлы Отан соғысына жібермей, алып қалу жайы сөз болғанда «Менің өнерім – халық алдына шығып, ән салу ғана емес» деп, өз еркімен соғысқа аттанған екен. Қайран Құбайыс... Сол кезде Сартайдың көптеген мұраларын, ел ішіндегі өзге де қызықты әңгіме, өлең-жырларды жинақтап, қағазға түсіріп үлгерген екен. Құбайыстың айтыскер ақын Жанғали есімді ұлынан туған Нұржан Қаратаевтың үйінде бір шамадан толы құнды жазбалар әлі күнге сақтаулы тұр. Дәптердің төрт жүз бетінен асатын араб қарпіндегі қолжазбаны толықтай фотосуретке түсіріп алдық. Бізге белгілі болғаны – оның ішінде «Қыз бен молданың айтысы», «Әбубәкір молданың өлер алдында айтқан толғауы», «Кәмпескеге ұшыраған байдың елімен қоштасқанда айтқаны» сынды ел ауызынан жиналған мұралар бар. Мұны қолжазбаларға көз жүгіртіп көрген танымал журналист Қазыбек Құттымұратұлы мәлімдеді. Нұржанның үйінде Құбайыс атасының латын қарпімен жазылған өлеңдері мен әңгімелері, сондай-ақ Халел Досмұхамедовтың құрастыруымен 1922 жылы Ташкент қаласында араб қарпінде басылған «Абай» кітабы да сақталыпты. Нұржан атасынан қалған құнды мұраны көзінің қарашығындай қастер тұтады. Құбайыс ұстаған домбыра да сол шаңырақтың төрінде қабымен бірге бүтіндей сақтаулы тұр.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru