Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

«Көнекөз күйшілерді көре қалдым»

Өтеген Жұмашев – Батыс Қазақстан облысындағы көзі тірі домбырашылардың көшбасшысы. Ол – бұрынғы өткен күй­шілердің шығармаларына тән табиғи сарындарды бұзбай жеткізуші бірден-бір домбырашы. Қазақ музыкасының «Алтын қорына» Махамбет, Құрманғазы, Нақыш, Мүсірәлі, Соқыр Есжан, Қожақтың күйлерін берген, өзі де көнекөз күйшілерді көре қалған асылдың сынығы.

 

«Dana.kaz» журналы ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Алтын жүрек домбыра» атты күй кешіне арнайы даярланған бейнебаянда қазақтың көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиев ол туралы былай деген еді:

«Өтеген Жұмашев – көненің көзіндей, бабалардың сөзіндей си­рек кездесетін жан. Ол бала кезінде үйренген күйлерді шыпшыр­ғасын шығармай, аман-есен бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Ха­лық­қа таныс күйлерді айтпағанның өзінде, Сейтектің «Ортпа», «Бес қыздың белшешпесі», «Торы ат» күйлері, сондай-ақ Баламай­саңның «Дүние ғапыл», Мәменнің «Назым», тағы сол сияқты күйлерге біз, бүгінгі ұрпақ өкілдері осы Өтекеңнің арқасында қол жеткізіп, керемет, тамаша күйдің сарынына қазір рақаттанып отырмыз. Шет жағасын өзіміз көріп қалған, Нарын құмында өмір сүрген Қожақ Тайториев деген ақсақалдың «Ақсақ кер ат» деген күйін де тек қана осы біздің Өтекең жеткізіп отыр. Сондықтан да Өтекеңнің өнеріне тоймаймыз. Өтекең ұзақ жасасын. Өтекеңе өнер жолында әрқашанда сүйсіне қарап отыратын халқы аман болсын. Әрқашан Өтекеңнің он саусағынан өнер тама берсін. Деніне саулық берсін деп тілейміз!».

Орал қаласында тұратын кейіпкерімізге өскен ортасы, балалық шағы, өнердегі ұстазы, өмірлік ұстанымы, жеке шығармашылығы, басқа да бірнеше тақырып төңірегінде сұрақ берген едік, ол жазбаша жауап қайырды. Бүгінде қара домбырасын қолынан тастамаған қарт күйшінің тағылымға толы әңгімелерін қаз-қалпында қалың оқырманның назарына ұсынайық.

 

Құжат бойынша туған жылым: 10.01.1932 жыл, дұрысы: 12.12.1930 жыл. Туған жерім – Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Теректі ауыл советі.

Шыққан тегім – Қыдырғожаның Сұлтансиығынан тараған он екі ата Байұлы. Байұлының алаша руы, одан Барамық, одан Тоқбас. Тоқбастың Есіргепсарысынан тарағанбыз. Бұдан кейін менің әкем Жұмаш – сегізінші буын.

Анам – Жаңғақ. Руы – Бұғанай Байбақты, Елеусіз дегеннің қызы.

 

«Анамның жоқтауымен домбыраға әуестігім артты»

 

Әкем Жұмаш, анам Жаңғақтан бес ұл, төрт қыз, тоғыз ағайынды едік. Бір ағам Ұлы Отан соғысынан оралмады. Қалған үш ағам, төрт апа-қарындастарым бәрі де бақилық болды. Өзім әкеден тоғыз жасымда қалдым. Анамнан да жас қалдым. Орда мектебінің екінші класында оқып жүрген кезімде соғыс басталды. Ағам әскерге алынды. Анам ауру, тұрмыс жағдайымыз, күнкөріс нашарлады. Қасымызда жақын-жуық ешкім жоқ. Содан нағашы апамның жұбайы Бақтығұл жездей келіп, ауылға көшіріп алып кетті. Әкемнің тумалары бәрі де соғысқа кетті. Біреуге біреу көмектесетін жағдайлары жоқ. Жоқшылық әбден күйзелтті. Сөйтіп жүргенде анам да қайтыс болды. Жетімдіктің ащы зарын енді таттым.

Менің бес-алты жастағы кезімде есте қалғаны – әке-шешем, тума-туыстар бәрі де бар, шаруа, тұрмыс, бас аман, мал түгел болды. Әкем – колхоздың ең мақтаулы жұмысшысы, үлкен ағамыз –
колхозда счетовод. Ол кезде бухгалтерді осылай атайтын. Одан кейінгі ағай – бригаданың есепшісі, әкемнің інісі – өндіріс бригадирі. Осындай төрт құбыламыз тең болыпты. Тіл-көз бе қайдам, Алланың әмірімен бір жылы бас-аяғы жиырма төрт күннің ішінде үлкен ағам қайтыс болып, үйіміз өртеніп кетті. Бой жетіп отырған апамыз бар еді, о да қайтыс болды. Міне, жоқты бар жасау, көпті жоқ жасау Алланың қолында деген осы. Шаңырақтан бақ тайды.

Анама қайғы батты. Күңіреніп жоқтау айтып, жылап-сықтап отырады. Қайтыс болған үлкен ағам домбыра тартатұғын. Соның домбырасын дыңғырлатып анамның қасында отырдым. Сөйтіп жүріп анамның айтып отыратын әнінің кейбір жерлерін үзік-үзік келтіретін сияқтымын. Сөйте-сөйте домбыраға әуестігім, ынтам арта бастады.

 

«Алғашқы ұстазым – Қожахмет»

 

Бір жылы он бес шақты отбасы Түлкібай шағылы деген жерге көшіп келіп, бәрі де бір-бір жертөле қазып, жерқыстауда қыстап шықтық. Осы ауылдан бөлек екі-үш шақырым жерде болар, бір төбенің астында Күншығар деген шаруалы кісі болды. Одан әрі шамалы жерде Күншығардың Әру деген қарындасын алған күйеуі Қожахмет тұрды. Қожахмет домбырашы, күйші әрі әнші кісі еді. Араласып тұратұғынбыз. Енді менің есіл-дертім Қожахметтің
үйіне бару болды. Соның домбыра тартқанына есім кетеді, үйренгім келеді. Олар да баласы жоқ болғасын ба, мені жақсы көреді. Анда-санда қонаққа шақырғанда ілесіп барамын. Өздігімнен барайын десем, жолда Күншығардың үйінің сыртында байлаулы, жаранып, ақ көбік атып тұрған, кісіге қарайтын нән бурасы бар және қабаған көк төбеті тағы бар. Қалай да бару керек. Бір күні төбе-төбенің астымен, шағырдың арасымен еңбектеп жеттім-ау. Сөйте-сөйте осылай бару-келуді жиілеттім. Қожахмет – аңшы. Тазы ұстайды, мылтық атады. Бірде оның үйіне суықтан тоңып жеттім. Пеш түбіне жақындай бергенімде қара қаншық тазы астындағы төсенішті сүйрете тұрып, ойбай салып қаңсылап, екі бүктетіліп өзіме қарап арсылдап қоя бергені. Зәрем ұшты. Үйдегі апай «Ой, құрғыр анау ілініп қалыпты ғой» деп айырып алды. Бақсам, ертеде жүйрік тазы ұстаған аңшылар иті қаншық болса, қарықпасын деп артын сымдап қояды екен. Сөйтіп жүріп қыс бойы Соқыр Есжанды шәлтіріш үйрендім.

Менің алғашқы ұстазым марқұм Қожахмет еді. Ол әскерге кадровый службаға алынып, Фин соғысына, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, оралмады.

 

Тайторының Қожағы

 

Ордадан ауылға келіп, үшінші класты жалғастырып, жеті жылдық мектепті бітірдім. Одан әрі оқуды жалғастыруға он жылдық мектеп жоқ. Ондай мектеп Орда жерінде тек Азғырда ғана болды. Ауылдағы оқушылар жоғары оқу орындарына түспек түгілі, бітіргені жеті жылдық, бітірмегені төрт-бес кластық оқумен қалды. Мені мектепті жақсы бітірген, армия семьясы, жетім деп есіркеп, колхоз астыма көлік ретінде бір тайын беріп, завсклад, учетчиктік жұмысқа орналастырды. Сөйтіп жүргенде колхозға мал доғдыры болып үлкен, сақа жастағы адам келді. Өзі сегіз қырлы, бір сырлы кісі екен. Мықты күйші, әнші, өз жанынан күй де, ән де шығарады. Атақты сынықшы, қожа (бала пішетін), емші (бала қияды). Аңшы, мылтық атады. Ретті жерінде арағын да ішіп, картасын ойнап жүретін ортаның адамы Қожақ Тайториев деген кісі екен. Менімен жұмыстас болды. Мен мектепте оқып жүргенде үйірмелерге қатысып, «Кеңес», «Айжанқыз», «Бес қыздың бел шеш­песі», «Арынғазы», «Қос алқа», басқа да осындай жеңіл күйлерді шала-шарпы үйренген едім. Соларды тартып жүрген кезім. Бұл кісі үлкен, ұлы күйшілердің – Құрманғазы, Дәулеткерей, Мүсірәлі шәкірттерінің алдын көрген күйші екен.

Тайторының Қожағы 1886-1965 жылдар аралығында өмір сүрген. Руы – Есен беріш. Бұл кісінің ұстазы – Нақыш деген күйші. Нарын құмында болған. Нақыш Құрманғазы дүниеден озғанда 19 жаста, Дәулеткерейдің бар кезінде сегіз жасар, Дина, Сейтек, Мәмен, Ерғалилармен жастары шамалас өмір сүрген. Соңғы аталған күйшілер өмір сүрген кезеңде 35-50 жас шамасында болған. Қожақ көптеген күйлерді кейінгі ұрпаққа қалдырды. Бір кездерде күйшілер Дәулеткерейдің бірқатар күйлерін таратудан қорықты. Дәулеткерей ақсүйек, төре тұқымы, Бөкейхановтардың тегі болғандықтан, оны насихаттаған күйшілер сотталды, атылды, қатты қысымшылыққа ұшырады. Молдаға, бақсыға, сынықшыға, басқа да түрлі халық емшілеріне қатаң саясат жүрді. Осындай қыспатаяққа Қожақ та ұшырады. Қожақты сынық саласың, бала пішесің, бала қиясың, емшілікпен айналысасың деп партбюрода мәселесін қарап, партиядан шығарып, партиялық билетін алады. Содан бірнеше жыл өткен соң аудандық партия комитетінің екінші хатшысы аттан құлап, аяғы сынып, қос атпен «Қожақты алып кел!» деп кісі жіберіпті. Бір шақырғанына бармайды. Екінші рет тағы кісі жібереді. Содан барыпты. Қараса, жілігі күлдірлеп қирап қалған. Сол жерде өткендегі кегі бар, «Бала, баяғы менің партбилетімді алғаның есіңде бар ма?», – деп ауыртқан аяқты былай да былай қозғайды. Сонда хатшы: «Алла-ай, Қожақа, білемін, білемін ғой» дей беріпті. «Ұмытпаған екенсің, Қожақа енді керек болды ма?» деп, күл-талқан болып қирап қалған сүйектердің бәрін орнына келтіріп салып кеткен екен.

Қожақ жиын-тойларда, құдалықта көп болатын еді. Сол жерде өлең айтшы деп қолқалағанда өзінің шығарған әні бар, соған салып былай бастап кететін:

Ұстаймын домбыраның мойын жерін,

Ұстатқан мойын жерін сары желім.

Кешегі жиырма мен жиырма бестің кездерінде,

Талайдың ұстап едік қыпша белін, – деп жанынан шығарып қоя беретін еді.

Соғыстың кезінде Қожекең Ордадағы соттың, прокурордың атқосшысы болыпты. Бірде халық соты Қалдыбаев Ибрайымның үйіне келіпті. Күн суық, аяз. Түс мезгілі. Келген үйдің кісілерін көршісі, сот орындаушысы татар қонаққа шақырып жатыр екен. Бесікте таңулы кішкентай сәбиі бар екен, тоңып келген Қожекең бесіктің қасына қисая кетіпті. Соттың әйелі Нәзира Қожекеңе рулас болса керек. «Аға, бізді көрші қонаққа шақырып, соған барайық деп жатыр едік. Мына баланы жыласа, жұбатарсың» деп қасына домбыраны сүйеп кете барады. Тамақтың да тапшы кезі. Өзі сары аязда тоңып келген адам бойы жылынғасын көзі ұйқыға ілініп кетіпті. Бала шыр етіп оянып кетеді. Үй ортасын пешпен бөлген. Екі бөлме – екі үй пештің екі жағында. Үсті ашық, төбеге дейін бітелмеген. Сары бауырсақтың исі мұрынды жарып барады. Ана жақта үй иесінің әңгімесіне риза болған қонақтар әңгімені гуілдетіп жатыр. Арасынан Нәзираның дауысы «Атасы, баланы шайқашы, жұбансын» дейді. Сол жерде:

Бір өлең шыдай алмай бастап кеттім,

Басыма қу домбыра жастап кеттің.

Қайтейін мінезіңді, қарындасым,

Төбеттей төрге байлап тастап кеттің», – дегенде «Атасы, баланы алып, мына жаққа келе ғой» – депті. Бірақ олай дегенге бара қоятын Қожекең бе. Бала әнге, домбыраның дыбысына жұбанып, қайта ұйықтап кетіпті. Енді өлеңді тағы жалғастыру керек. Баланы шымшып оятады. «Шыр етіп жылағанда, ойыма тағы үш-төрт шумақ өлең келіп қалды. Енді татардың қытығына тиуім керек болды деп, тағы бастап кеттім» деуші еді.

Қонаққа төрт-ақ кісі шақырғаның,

Жетпей ме бес кісіге берген асың.

Татарым қазағымдай бола алмайсың,

Қашаннан белгілі еді-ау шақша басың...

Кейінгі шумақтардың бірінде «Шылдырлап жіпке тізген қаңылтырдай» деп келетіні болатын. Ол шумақтар есте қалмады, ұмыттым.

Бір жылдарда ел арасында картаның «Бура» деген ұтыс ойыны тарады. Соларды келеке қылып, әзілдеп былай деп әнге қосып отыратын-ды:

«Бура» бар біздің елде манет деген

Бура ойнап біздің балалар әдеттенген.

Қосылса төртеу-бесеу отыра қалып,

Ұтам деп бірін-бірі әлектенген.

 

Арақ ішілген жердегі тәртіпсіздікке айтатыны «Отырыста жеңіл мінезділер біріне-бірі сөз бермей, «Мен айтайын, сен тұра тұр»-ға келсе, ол жерде енді берекет болмайды. Тұр да, жүре бер» дейтін еді.

Қожақ марқұмның күйді орындауы жүрек қылын шертетіндей өте сазды шығатын. Домбыраның шегін босаңдау етіп, жәй бабына келтіріп, күйші Науша Бөкейхановтың мәнерінде тартатын еді.

Мен Қожақтан Махамбеттің «Өкініш» күйін, Мүсірәлінің күйі «Мүсірәлі», Нақыштың «Айжан апай», «Ақжелең», халық күйі «Наридірген» күйлерін алдым.

Қожақ қартайған шағында «Ақсақ кер ат» атты өзі шығарған күйін тартты. Сонымен қатар жарыққа шыққаны бар, шықпағаны бар, Дәулеткерейдің көптеген күйлерін тартатын. Бірақ кейбір күйлерінің атын айтпайды. Сұрасаң, «Төре күйлері» дейтін де қоятын.

2001 жылы Кәрима Сахарбаеваның іздеуімен Дәулеткерейдің 1930-1934 жылдардан кейін таралмай қалған 11 күйін таспаға жазып шығарды. Осының ішінде Қожақтың атын атамай тартатын жеті күйі табылды. Олар – «Қосағалы», «Желашар», «Ысқырма», «Қоңыр», «Ақбала қыз», «Жұмабике», «Ат қалған». Қожақ марқұм осы күйлердің бәрін «Төре күйлері» деген жалпы атаумен тартатын. Әйткенмен, бұл күйлерді осы кезге дейін өзге бірде-бір домбырашының орындауынан ести алмай келемін.

 

«Қайын атам Сейтекке қосшы болыпты»

 

Сейтек – Дина, Мәмендермен қатарлас, бірін-бірі білетін күйшілер. Сейтекті ұры-қары, барымташы деп қара күйе жағып, көп қудалаған. Менің қайын атам Шайқы бір кездерде Сейтекке қосшы болып жүріпті. Шайқы көп сөйлемейтін тұйықтау кісі еді. Сейтек туралы айтылса, көпшігін құйрығына қойып, шоңқиып отыра қалып, әңгімеге араласа кететін еді. Ол кісінің айтуы:

«Ситекең өте қарулы, жүректі, жершіл еді. Ол ел арасындағы ұсақ-түйекке араласпайтын. Еділ бойынан Астраханға қарай орыс байларынан жылқы айдап келетінбіз. Оны ауылдағы жарлы-жақыбайларға, күнкөрісі нашарларға таратып беретін едік. Жолға шығарда алдын ала болжау жасайтын. Карта ашады (Сейтектің біртартары) немесе ағашты үш қырлап жонып, әр қырынан керте қайырып, екеуін тастап, үшіншісін қиюды ұшына дейін жалғастырып, бал ашады. Өзінің ойлағаны болса, «Кеттік» дейді. Түн жүруге бастаушысы бар сияқты. Бағытты байқау үшін бір нәрсе, тұсау не тұсамыс тастап кетеді де, түн қараңғысында кері қайтқанда маған «Бала, түсіп қарашы» дейді. Қалдырған затты әрі кетсе, үй орнындай жерді айналғанда тауып аламын. «Бағыт дұрыс, кеттік»  дейді. Осындай көріпкелдік арқасы бар еді жарықтық­-
тың» – дейтін еді қайын атам Шайқы.

Сейтектің өзіндік мектебі бар. Күйлерінің атына заты, шығу тарихы сай. Мысалы, «Заман-ай» халықтың аңсаған арманын бейнелесе, «Торы ат» борандатқан, бірде желіп, бірде жүгірген қоянның жонындай жұмарланып қуып жетуге немесе зымырап қашып құтылуға, көзден ғайып болып, жоқ болып, кетуге, артынша сабасына түсіп, жәй ғана сыдырта аяңдап, сипай қамшылаған қамшының лебімен жанға жайлы жүрісін көз алдыңа елестетеді.

Сейтектің «Ортпасының» төрт нұсқасы бар. Домбырашы Жайсаңбайдан алған 1-нұсқасы – менің «Алтын қорға» бергенім. «Ортпа» – Сейтектің Иркутск түрмесінен қашып шығып, жолшыбай бір бурят байының жылқысын бағып қыстап шығып, еңбегіне берген атымен елге қайтқандағы атының жүрісіне риза болып шығарған күйі. Мазмұнынан алысты жиырып, бауырына тарта аршындап, өзіне, үстіндегі адамына да жайлы әрі төзімді, ұтымды жүріспен ұзақ жолды еңсеріп келе жатқан аттың шабысын байқайсың.

Бұл күй бірінші және екінші сағаға барып қайтумен аяқталады.

2-нұсқа. Биболат Аюповтың нұсқасында бастан-аяқ сырылдатып соңғы сағаға екі рет барып қайтады.

3-нұсқа. Еселдің нұсқасы тез де, астыңғы шектегі дыбысты үстіңгі шекпен қайталап және кейбір жерлерін асыра мәнерлеу қайталана береді.

4-нұсқа. Аманғалидың нұсқасы ұзақ тартылады.

 

«Бес қыз»

 

Сейтек Зәбираны алып қашып, қалмақ қыры жағында бір жыл жасырынып жүреді. Осы сапарының бірінде қалмақ ауылының бір үйіне түссе, бес қыз кесте төгіп отыр екен. Сейтекті осы түскен үйі қонақ етеді. Кейін Сейтектен қонақкәде сұрап, күй тарт деген екен. Сонда осы күйді тартқанда бес қыз дөңгеленіп билей жөнеліпті. Күйдің атын «Бес қыз» деп атаған. Бұдан басқа «Бес қыздың белшешпесі» деген күй Сейтектікі деп аталып жүрді. Оған да бір топ қыз би ансамблінде билеп жүрді. Ордада Ғилаж, Биляж деген ағайынды домбырашылар болды. Сол Ғилаждың айтуынша, Шәңгерейдің Жақия деген домбырашысы болған. «Бұл күй Сейтектікі емес, Жақиянікі» деді ол. Сейтек қашып жүріп, Торғын өзенінің бойында Шәңгерейдің ауылында екі жылдай жасырынып жүрген екен.

Күй зерттеушісі Т. Мерғалиевтің Сейтек күйші туралы «Жаңа дәуір жыршысы» атты еңбегінде Сейтектің 20 күйі нотасымен шыққан. Осының ішінде мен «Алтын қорға» берген «Бес қыз» деген бір күйі енген. Сейтек мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Сейтектің «Түңілдім», «Жоқтау», «Мең-зең», «Сары дала», «Жігер» атты күйлерін білетін, орындайтын адамдарды кездестірмедім. Нотасы да жоқ. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, көнекөз адамдар бақилық болғанмен, солардың ұрпақтарынан біреулер болар. Астрахан облысы аймағынан, Ақтоба, Қарабайлы деген жерлерден іздестірген жөн.

Сейтек туралы марқұм Ғұмар Зариповтың жазған мақаласы бойынша, Сейтектің репертуарында өзінің шығарған күйінен басқа жүзден астам күй болған. Құрманғазы, Дәулеткерей, Мәкар, Мәмен, Салауат, Әлікей, Баламайсан, Байжұма, Түркеш, Мүсірәлі, Соқыр Есжан күйлерін тартқан. Сондай-ақ халық күйлері аталған «Ақсақ құлан», «Нарату», «Бозінген», «Наридірген», «Аққу», «Жаймақоңыр» күйлері Сейтектің репертуарынан орын алған деп жазады. Сонымен қатар басқа ұлттардың «Стенька Разин», «Мчится тройка почтовая», «Варяга», «Светит месяц» атты шығармаларын, Иран және Түрік марштарын орындапты.

 

Ғилаж күйші

 

Мен Ғилажбен сексенге келген шағында кездестім. Есел екеу­міз Ғилажды бұрын сырттай естуіміз бар да, көрген жоқ едік. Сәлемдесе бардық. Бару мақсатымыз сәлемдесу, әңгімесін тыңдау, күй тартқызу еді. Күнінде болған кісі екен. Талай ұлы күйшілердің алдын көрген, жиын-тойдың ортасында жүрген. Сейтекті, талай Төре тартыс күйшілерді көрген екен. Бізге Құрманғазының «Ақілме», Жақияның «Белшешпе», Жантөренің «Шалқымасын» тартып беріп, былай деді: «Шырақтарым, қазіргі кезде қолымнан қуат кеткен, ойға сақтаған көңіл күйімнің нашарлаған, қартайған, менің өлген шағымда кездесіп отырсыңдар».

Бұл Ғилақаңмен алғашқы да, соңғы кездесуіміз еді. Төрт-бес сағат әңгіме-дүкен құрып отырғанда «Ақілмені» неге қайталап тартқызбағанымызға, «Ақілмеден» ештеңе алмай қалғаныма әлі іштей өкінемін. Т. Мерғалиев марқұмның тапқан Құрманғазы күйі «Ілме» деген бар. Бірақ Ғилаждың «Ақілме» деп орындаға­ны мүлдем өзгеше еді.

 

Өнер жолындағы еңбектер

 

1958 жылдан 1970 жылдарға дейінгі аралықта көркемөнерге ерек­ше көңіл бөлінген кездер болды. Сол жылдарда әркім өздерінің атқаратын жұмыстарына қарамастан, аудандық оркестрдің тұрақты мүшесінің қатарында болдым. Марқұм Биболат Аюповтың (Қалидің шәкірттерінің бірі) басқаруындағы оркестрде болдым. Оркестрдің репертуарында әннен басқа қырыққа тарта күй, Қазақ Совет композиторларының шығармаларынан ойнадық. Бұдан үлкен бағыт-бағдар алдым. Құштарлығым, ізденісім дамыды. Оркестрдің белді, алдыңғы қатардағы домбырашысы атандым. Сөйтіп, енді мені де іздейтіндер шықты.

1965 жылы Алматыдан М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан Тмат Мерғалиев пен Қазақ КСР Ғылым академиясы философия және право институтының қызметкері Мұстафа Смағұлов келіп, менен Махамбеттің «Өкініш», Сейтектің «Бес қыз» күйлерін және «Өтеғалидың әнін» жазып алып кетті. 1965 жылдың 31 октябрінде «Лениншіл жас» газетінде «Махамбет – композитор». Қас батырдың біз білмеген бір қыры. Домбыра-дастан. Махамбеттің үш күйі – «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Өкініш» атты үлкен мақала шықты.

1966 жылы облыстық көркемөнер байқауында «Өкініш» күйін орындағаным үшін екінші дәрежелі дипломмен марапатталдым.

1977 жылы ҚазКСР Ғылым академиясынан экспедициямен филология ғылымдарының кандидаты (қазіргі кезде доктор) Мұрат Мұхтарұлы Әуезов және Болат Ишанбайұлы Қарақұлов (өнертану-зерттеу ғылымдарының кандидаты, кейін доктор атағы берілген) келді. Осылар менен халық күйі «Наридіргеннің» бірінші нұсқасын, Нақыштың «Айжан апай», «Ақжелең», Мүсірәлінің «Мүсірәлі», Қожақтың «Ақсақ кер ат» күйлерін жазып алып кетті. Осы сапарынан жинаған еңбегі туралы Болат Қарақұловтың «Асыл мұра» кітабында ноталары жарыққа шықты.

 

«Шаттық» күйі қалай шықты?

 

Бұл ойда жоқ жерден, кенеттен, тосыннан пайда болды. Мен қанша күй тартсам да, күй шығару ойда болған жоқ. Немерем Гүлсая ауыл мектебінен 9-класты бітірген соң 2002-2003 жылдары 10-11-класты БҚМУ жанындағы педлицейде оқыды. 2003 жылы 10-класты оқып жүргенде облыстық пән олимпиадасына қатысты. Олимпиадада барлық сұрақтарға жауап беріп, сынақтан өтіп тұрғанда білімге қатысы жоқ көлденең сұрақ қойып, комиссия әдейі құлатқан. Келесі жылы мектеп ұстаздары олимпиадаға тағы әзірлеп, қатыстырды. Осы жолы облыстық олимпиададан бірінші орын алды. Сол күні ауылдағы маған телефонмен хабарлады. Мен үйде домбыра тартып отыр едім. Телефон арқылы «Ата, мен олимпиададан 1-орын алдым» деген немеремнің қуанышты үнін естідім. Сол бойда қуаныш үстінде осы күйім төгіліп келе қалды. Бір тартып шығып, екінші рет тартып, магнитофонға жазып алдым. Күйдің мазмұны бастамада шалқып басталып, жәй ғана ойланып толғану, өткен жылғы «әттеген-ай», одан кейін қуаныш, шаттық, көңілді жүрдек күй болып, көңілдің назы, қуаныш-шаттығымен аяқталады. Бұл күйді өзім сахнада, телестудияда орындап жүрмін. Тыңдаушылар жылы қабылдап жүр. Бірақ өзімнен басқа ешкім орындап жүрген жоқ. Күй көлемдірек, сондықтан ба екен?

 

Өмірдегі қызықты және өкінішті сәттер туралы

 

Өмірде қызықты да, өкінішті де сәттер баршылық қой. Еңбек жолымда өмірімнің ең қызықты жылдары Жәнібек ауданында өтті. Жәнібек ауданының Калинин және XXVI партсъезі совхоздарында есеп жұмысында ұзақ жыл жұмыс жасадым. Қосымша партия ұйымының секретары болып, жұмысшылардың еңбекке қатысы, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға үнемі баса назар аударып отырдым. Халықтың арасында құрметті азамат атандым. Осымен қатар өнерімді тастағаным жоқ. Отбасылық жағдайыма байланысты оқып, білім ала алмадым, өнер жолын қуа алмадым.

Еңбек жолында да, өнер жолында да елге, халыққа сыйлы болдым. Соның айғағы – осы күні Борсы кеңшарында еліміздің біртуар азаматтары Ғ. Қараштың, М. Ықсановтың, Р. Егізбаевтың, Ш. Мұхамбетқалиевтің көшелерде құрметпен ілінген портреттері қатарында менің де суретім тұр. Мұны елдің құрметі деп сезінемін.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru