Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Егіндікөлдегі әзірет Әлі ұрпақтары

Менің туған жерім – Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылынан бір шақырымдай солтүстік-батыс беттегі қырлық­та биік телемұнара болды. Бүгінде оның орны ғана қалды.

 

Бала күнімізде осы маңда ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ат бәйгесі, өзге де түрлі дала қызықтары ұйымдастырылатын. Дәл осы мекенде құдіретімен киік сауған бір арқалы адам өмір сүргендігі жайлы қызықты аңыз бар.

Асан қайғы бабаның «Қырында киік жайлаған» деген өлең жолдарын еске түсіретін бұл маңда киікоты деп аталатын қасиетті шөп өседі. «Әуелде Егіндікөлді тоғыз үй қожа мекендепті» дейтін 1927 жылы осы ауылда дүниеге келген Батырбай қарт. Әкем Набиолланың 1992 жылдың 12 шілде күні егіндікөлдік Нығмет ақсақалдан жазып алған қысқа ғана дерегінде «Тұрлығұл – киік сауған Қожа. Шегебай – оның інісі. Қыземшектен қаңтарулы арба біздің телемұнараға келіп, осында қойылған» депті. Қожа руында Киіксауған деген бөлім бар. Тұрлығұл қожаның о дүниеге аттанар шағындағы өсиеті бойынша, сүйегін арбаға салып, тертені жоғары қайырып қоя бергенде арба өздігінен жүріп келіп, осы жерге тоқтаған екен. Сөйтіп, марқұм телемұнара болған маңға жерленіпті.

Мұнара орнының батыс бетінде бір шақырымға жуық жерде көлденең көсіліп Қазанғап сайы жатыр. Үлкендердің айтуынша, етегі сайдың арғы бетіне ұласатын қыратты жазық Тұрлығұл деп аталады. Ол жер Тұрлығұл тауы немесе Тұрлығұл төмпесі деп әрқалай атала береді. Тұрлығұлдан әрі бір-екі қыр асқанда Тіксай, одан кейін Бұлақсай бар. Жоғарыда аты аталған Нығмет ақсақал оның ұлы Еламанның айтуынша, 1920 жылдардың басында Егіндікөлге келген кезінде Бұлақсайдың суы қыр бетімен ағып келіп, осы күнгі Үштесіктің тұсынан өтіп, Егіндікөлдің оңтүстік бетінде орналасқан Калинин қыстағындағы Қосағашқа құйып, әрі қарай Қалдығайты өзеніне қосылып кететінін көзімен көріпті. Үштесік – ауылдың батыс бетіндегі Егіндікөл – Қоскөл грейдер жолының бойындағы ойпаң жерге көктемгі судың жолды бұзбай ағып өтуі үшін салынған суағар. Қазанғап сайының өзі тайыздалып барып осы Үштесікке ұласады. Осыдан ертеде бұл жерлер құрғақ қырлық емес, шаруашылыққа қолайлы, ағын суы бар шұрайлы өлке болғанын аңғаруға болады.

Мағия Меңдіғалиқызы Шегебаева – Егіндікөл ауылының тумасы. Бүгінде Ақсай қаласында тұрады. Ол – Тұрлығұл қожаның інісі Шегебайдың тікелей ұрпағы. Оған арнайы хабарласып, аталары жайлы сұрастырғанымызда жазбаша түрде төмендегідей де­ректерді ұсынды.

«Әкем Меңдіғали Шегебаев Егіндікөл ауылында әр түрлі жұмыстарда жасап, 1961 жылы 20 қыркүйекте дүниеден өтті. Ол кезде мен бесінші сыныпта оқитынмын. Өзі аңқау, ақкөңіл жан еді. Өз руын айтудан қорқып, екінші әйелінің (менің шешем) соғыс­тан оралмаған жолдасының руын (Барамық) иеленіп, соның аға­йындарымен араласып өтті. «Қызым, қожамын деп айтпа, үкімет соттап жібереді» дейтін маған. Егіндікөлдің қырқасында Тұрлығұл тауы, Қазанғап сайы деген жерлер бар. Соларды атамыздың жері деп айтып отыратын. Арғы аталарымыз қайтыс болар алдында «Мені өлген соң бос арбаға салыңдар, сол арба жүріп барып тоқтаған жерге мені қойыңдар, сол жер сендерге қоныс болады» деген екен.

Әкем өмірінің соңғы кезінде демікпе болып ауырды. Сонда Қазанғап сайына анам, Таман деген ағайынымыз үшеуі түнеуге барды. Келген соң «Дұрыс болжай алмадым, он сегіз ай болмас, он сегіз жыл болмас, он сегіз күн шығар. Күннің алтысы ма, сағаттың алтысы ма, айыра алмадым. Осы уақыттарда жанымда болыңдар» деген. Ойын баласымын, кеште сағат алтыда ойын қызып жатқанда шақырып алады. Таңғы алтыда ұйқыдан оятып алады. Сонымен әкем он сегіз күннен соң кешкі сағат алтыда дүниеден озды. Коммунистік тәрбие әсері болар, ол кезде ештеңеге мән бермегенмін. Жақында Егіндікөлде тұратын Тінәлиев Батырбай ақсақалмен кездесіп, біраз жайттарды білдім. Егіндікөлдің қасында «Беске» деп ата­латын үлкен қауым бар, Сейтектер қауымы көрінеді. Егіндікөлде Сейтек Қалмағамбеттің Сәдені деген кісі болыс болыпты (оның Албан, Әйтекен деген екі ағасы Лубен ауылында болып, беріде қайтқан). Батырбай ақсақалдың анасы Дина әженің (ол кісі мені де баққан) айтуынша, келіндері «Адың-ғұдың қайын аға» деп атап кеткен момын адам болыпты. Әйелі көрікті кісі болса керек. «Адың-ғұдың қайын ағаның» аздаған ұрлығы болған. Бірақ ауыл адамына тимей, алыстан әкеледі екен. Сәден болыс әдемі әйелге қызыға ма, ақыры «Қайын ағаны» атып, Егіндікөлдің қасындағы (Арал мен Бескенің арасында) «Шегебай шұңқыры» деген шұңқырға тастап, бетін топырақпен жаба салыпты. Бір жылдан соң ашса, мүрде сол күйі бұзылмай сақталыпты, тек қана мұрты сарғайып түскен екен дейді. Сүйекті алып, Қарақоға мен Арал арасындағы Мосы ағашы деген жерге жерлеген.

1957 жылы Батырбай ақсақалдың үйі Қосағаш деген жерде отырады. Бір баспақ пен 500 сомға жылқы сатып алады (ол кезде Әлжан Нұрсұлтан басқарма көрінеді). Сол жылқы құлындап, құлыны есейіп қалғанда Меңдіғали өзіне нағашы санайтын Дина әжейдің үйіне барады. Дина әжей қатты сөз айтса керек, Меңдіғали ренжіп кетіп қалады да, іле-шала құлын құдыққа құлап өледі. Артынан бір күні бұзауы ауырып тұрғанда Меңдіғали келіп, «Бұзауың өлмейді, құлағын кесіп кеттім, ал құлыныңды құдыққа салған мен» – дейді. Соңынан бұзау жазылып кетеді.

Әсірәлі ақын:

«Меңдіғали қожасың,

Жеке шапсаң, озасың.

Екі кісі бас қосса,

Екі көзің қызарып,

Мойныңды босқа созасың» — деп өлең арнаған менің әкем «Өгіз бұзаулады» десе, нанып қалатын аңқау да адал, ақкөңіл жан еді. Бұрынғыны білетін адамдар да бітіп барады. Батырбай ақсақалмен жүздесіп, әңгімелескен соң осы естігендерім мен есте қалғандарымды жұртшылыққа ұсынғанды жөн көрдім. Бір айта кетерлігі, сайға аты берілген Қазанғап қожа руынан болса керек. Батырбай ақсақалдың айтуынша, Қазанғап деген шал есектен құлап өлген. Анам Шәкәрман «Қой күзетіп отырғанда Қазанғапсайдың бойынан шырақ жанып, түнімен ерсілі-қарсылы жүреді» дейтін. Батырбай ақсақалдың ешнәрсені ұмытпай, адамдардың аттарын, оқиғаның айы-күніне дейін есте сақтауы – таңғаларлық жайт. Мұндай шежіре адамдардың алдында қалай бас имессің» – деп жазады Мағия апай.

Диктофонымда сақталған жазбалардың бірінде «Ауылдың солтүстік іргесіндегі борлы жер ертеде Бормешіт аталған. Беті жабық, қуыс үңгір еді. Кейін үңгірдің бетін ашып тастады» – дейді Батырбай атай. Бұл әңгіме «Бормешітте, аты айтып тұрғандай, Қожа Ахмет Ясауи, Шопан ата, Бекет ата хикаяларын еске түсіретін көне замандағы жерасты мешіті болды ма екен?» деген ойға еріксіз жетелейді. Мұның ықтималдығы да жоғары. Өйткені нақ осы жерді дін таратушы қожалар қауымы, соның ішінде Киіксауған бөлімі мекендеді. Ал Киіксауған атанған Назар қожа Маңғыстаудағы пір Бекеттің тікелей нағашы атасы екені шежіреден белгілі. Маңғыстау облысынан Әлия Исаеваның «Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланған мақаласында «Көнекөз қариялар Бекет атаның батырлығы кәрі нағашысы Тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы Назар қожадан дарыған екен дейді» деген жолдар бар. Осы тұста жоғарыда аталған телемұнараның солтүстік бетінде бір шақырымдай жерде атақты Құныскерей үңгірі орналасқан Мессай атты сай бар екенін де айта кетейік. Ауыл үлкендері Мессай – Мешітсай (Месжид сай) дегеннен шыққан атау деседі. Ендеше, ол сайдың айналасында, не ішінде орналасқан мешіт орны болса керек-ті. Бұл жерде де «Құныскерей үңгірі» немесе бүгінгі таңда «Каръер» атанған борлы үңгір сонау заманда үңгіп салынған жерасты мешітінің кіреберіс аузы емес пе?» деген ой қисынды түрде қылаң береді. Ауыл үлкендері бұл жерлерді кие дарыған, қасиетті мекен деп текке айтпаса керек.

Егіндікөлдегі Бормешіт орны «Қазақ Совет энциклопедиясында» бор өндіретін кен орны ретінде айтылады.

Алаштың ардақты жазушысы Әбіш Кекілбаев Бекет ата Мыр­зағұлұлының туғанына 260 жыл толуына арналған салтанатты шарада былайша толғапты: «Арғы түбі Шайқы Бұзырық Сейіттен тарайтын Сабұлт әулиенің тұқымы – Назар қожа Құдай сәтін салып, адай арасына келіпті. Жайықұлы Әлмәмбет бидің жалғыз қызы Ікәйға үйленеді. Би өлгенде қоңыр үйін сол тігіп қалып, қоңыр үйлі қожа, Ікәйді ұлан ауруынан киік сүтімен емдеп жазып, Киіксауған қожа атанды. Назар мен Ікәйден туған Жәния қызды Жаналының Мырзағұлына айттырады.

... Жастайынан Назар қожа нағашысының қолында өскен Меңді­құл да исламға айрықша ынтық болып, хафиз атаныпты. Өзі жастайынан жау қуалап батыр болып кеткендіктен, інісі Бекетті дін жолына баулыпты. Онысы ақыл болыпты. Әуелден «батырлар бұл жолы жорыққа шықсын», «бұл жолы шықпасын» деп, «сәуегей бала» атанған Бекет медреседе бірден көзге түседі. Өзбек Пахлаван Равнак, түрікмен Мақтұмқұлы Фараги, қарақалпақ Әжнияз Қосымбайұлы сынды аты мәшһүр адамдарды тәрбиелеген Хиуадағы Шерғазы медресесін бітіріп, шатырхат алып, елге оралады.

Алғашқы қызметін Үргеніштен келетін көне сауда жолының бойындағы ақ шекелек жоталардың біреуін үңгіп, мешіт салып, бала оқытудан бастайды».

Бекет атаның ақ шекелек жотаны үңгіп, мешіт салуы мен Құныскерей үңгірі, бір кездері іші үңгір, қуыс болған Бормешіт те ақ бордан үңгіп жасалғандығының өзінде бір үндестік, ұқсастық жатқандай.

Аталмыш баяндамада төмендегідей жолдар кездеседі: «Діни ағартушылықпен шұғылданатындардың көбі арғы тегін Мұхамбет пайғамбарымнан бастайтын. Оның немере інісі Әзіреті Әли мен өз қызы Фатимадан туған Хасан ұрпағын Шәріп, Құсайын ұрпағын Сейіт дейтін». Ендеше, жоғарыда жазған «Арғы түбі Шайқы Бұзырық Сейіттен тарайтын Сабұлт әулиенің тұқымы Назар қожа», яғни киік сауған қожа Құсайын ұрпағы болғаны. Олай болса, менің ауылымдағы Тұрлығұл тауы, Шегебай шұңқыры деп жер атын иеленген Тұрлығұл және оның інісі Шегебай қожалар ислам дініндегі белгілі төрт халифа, төрт шадиярдың бірі Әзіреті Әлі (Хазіреті Али) мен Мұхаммед пайғамбардың Фатима есімді қызынан тараған тікелей ұрпақтары болып шығады. Есімі айдай әлемге, исі мұсылман қауымына мәшһүр Әзіреті Әлінің тікелей ұрпағы – қасиетті Тұрлығұл қожаның асыл сүйегі бос қаңтарулы арбаның үстінде өздігінен жыл­жып келіп, Егіндікөлдің қырқасында жерленуінің өзі осы мекеннің қаншалықты киелі екендігін аңғартса керек.

 

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru