Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Егіндікөл тарихы

Мен Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында туып өстім. Егіндікөл – табиғаты әсем жер. Солтүстік беті Шыңғырлау ауданымен шектеседі. Ылдиы мен өрі, өзені, көлі, мөлдір бұлағы, сай-саласы, шағылды құмдары мен ну орманы алтын бесік туған жердің ажарын ашып, көркін асырып тұр.

 

Туған жердің тарихы да терең әрі бай. Осынау өлкеде жасаған белгілі адамдар, әулие-әнбие, ишан-қазіреттер жайында көнекөз қарт, хабары бар жандардан сұрастырып, деректерін тиянақтап жүретін әке үлгісі біз үшін әдетке айналды. «Әкенің жақсылығы –
жаман ұлға қырық жылдық азық» дегендей, ауыз әдебиетінің асыл қазыналары да, шынайы тарих та бастауларын өлке тарихына қатысты аңыздар, ел жадында сақталған әңгімелерден алатынын түйсіндік. Шежіре қарттардың әңгімелерін тарихшы ғалымдардың еңбектері және белгілі жазушылардың тарихи шығармаларымен бір арнаға ұштастыра келгенде, аядай ауылдың арғы-бергі өткені арқылы бір ғана өлкенің емес, тұтас қазақ ордасының тарихынан, тіпті адамзат тарихының көне кезеңдерінен сыр шертерлік деректерді кездестірдік. Оның жарқын мысалына осы мақалада қысқаша болса да, тоқталып өтпекпіз.

Зейнеп Қаждамбайқызы 1936 жылы дүниеге келген, тыл ардагері. Ол – Егіндікөл ауылының тумасы. Қарапайым ауыл тұрғыны, зейнеткер Зейнеп апайдың жас күнінде қариялардан естіген ескілікті әңгімелері, жоғарыда айтып өткеніміздей, көнеден бүгінге дейінгі тарихымыздың талай кезеңдерінен сөз қозғауға арқау болып отыр. Ендеше, Зейнеп апай ауыл үлкендерінен не туралы естіді екен?..

 

«Құныскерей үңгірін қазақ-қалмақ соғысында пайдаланған»

 

– Осы күнде Құныскерей үңгірі атанып кеткен Мессай ішіндегі орынды ертеде қазақ пен қалмақ соғысқанда қазақтар жағы соғыс тәсілі үшін пайдаланғандығы айтылатын. Ауыл тарихына қатысты әңгімелерді және руымыз Алашаның Қарабурасы туралы марқұм Мәмбетұлы Дінекеш ағам көп әңгімелейтін. Есенаман тауы мен Тұрлығұл тауы – Егіндікөлдің солтүстік-батыс бетіндегі әуелдегі телемұнараның арғы жағына қарай жалғас жатқан екі төмпе. Есен­аман, Тұрлығұл – батырлардың аты. Ертеректе Тұрлығұл тауын зерттеп қазды. Сонда техника сынып, қазба жұмыстары толық жүргізілмеген. Киелі жер ғой, – дейді Зейнеп апай.

1977 жылы жүргізілген Тұрлығұл тауын зерттеу жұмыстары кезінде әкем Набиолла Егіндікөл ауылында инженер болып, экс­педиция жұмысына техника жағынан үлкен көмек жасаған. Нәтижесінде сол жерде орналасқан жүз елуден астам обаның елу бірі қазылып, ықылым замандардағы адамзат тарихына қатысты, яғни біздің дәуірімізге дейінгі және біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларына жататын аса құнды тарихи жәдігерлер табылған.

Тұрлығұл тауы – осыдан екі мың жылға жуық уақыт және одан да бұрын өмір сүрген жауынгер, ержүрек ата-бабаларымыздың мәңгілік мекені.

Археологтар табылған жәдігерлерге қарап, осынау аймақта бай мәдениетті, ерекше күшті, даңқты да ауқатты адамдар жерленгенін анықтаған.

Обалардан исі түрік халықтарының, соның ішінде қазақ ұлтының қалыптасу тарихында терең із қалдырған сармат тайпаларының савромат, ежелгі сармат және кейінгі сармат кезеңіне жататын сүйектері аса бай жәдігерлермен табылған. Сондай-ақ қыш құмыралардың сынықтары сақталған кең дөңгелек алаңдар – ғибадатхана орындары белгілі болған.

Әсіресе, мұндағы мәртебесі жоғары жауынгер ер адамның жәдігерге бай зираты және киімі түгел алтын жапсырмалармен көмкерілген, әсем сырғалы, алтын моншақты әйел – «алтын» адам сүйегінің қатар тұрған үлкен екі обада орналасуы – қайталанбас ерек­шелік.

Осы жердегі обаларға зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде табылған құнды заттар:

– Қанжар, пышақ, сабының жоғары басы жалтылдап тұратын асыл тас – ақықпен сәнделген семсер, қылыш. Бұл қару иесінің байлық деңгейі мен батырлық мәртебесі аса жоғары екендігін айғақтайды;

– Сабы тұтасымен жіңішке күміс баумен оралған найза;

– Аса бағалы заттармен әшекейленген ат әбзелдері;

– Сирек кездесетін әдемі құмыра, қола және мыстан жасалған қазандар, күміс қасықтар, түрлі ыдыс-аяқтар.

Бұл жайында аталмыш экспедициядан кейін қырық жылға таяу уақыт өткенде тарихи-танымдық бағыттағы «Danakaz» журналында сол кезде Ресей Ғылым Академиясының археология институтынан Тұрлығұл тауындағы зерттеу жұмыстарына басшылық етіп келген Марина Мошковадан алынған сұхбат жарияланды. Аталған қазба жұмыстарынан кейін жазушы Құрманғазы Қараманұлы «Алтын іздеушілер» атты көркем повесін жазды. Егіндікөлдік Батырбай Тінәлиев есімді қарт «Тұрлығұл – киік сауған қожаның есімі. Қожаның о дүниеге аттанар шағындағы өсиеті бойынша, сүйегін арбаға салып, тертені жоғары қайырып, қоя бергенде арба өздігінен жүріп келіп, қазіргі Тұрлығұл төмпесіне тоқтаған. Қожа сүйегі сонда жерленген» деуші еді. Ал әкем Набиолланың 1992 жылдың 12 шілде күні егіндікөлдік Нығымет ақсақалдан жазып алған дерегінде «Тұрлығұл – Киік сауған Қожа. Шегебай – оның інісі. Қыземшектен қаңтарулы арба біздің телемұнараға келіп, осында қойылған» депті. Қыземшек – Шыңғырлау ауданында орналасқан жер атауы.

«Асанқайғы көшкен жер,

Шыңғырлау, Торыатбасы еді,

Қыземшекті Саршоқы

Осы судың қасы еді.

Асанқайғы Туғанның

Бөлінген жері осы еді» – деп келетін сүйекті, тарихи жырларға, қазақ ертегілеріне арқау болған маң. Тұрлығұл қожаның інісі Шегебайға келсек, Егіндікөлдің көл жақ бетінде «Шегебай шұңқыры» деген жер бар екен. Оған қатысты қызғылықты хикая да сақталыпты. Ал Есенаман – атақты табын Бөкенбай батырдың немересі, Тіленші тарханның ұлы. Тарихтағы әйгілі Жоламан батырмен бір туған. Егіндікөл ауылының күншығыс бетіндегі орманның бір бөлігі Жәшитал деп аталады. Жәши – Жоламан батырдың ұлы. 1810 жыл шамасында дүниеге келген. Бөкенбай батыр Тәуке хан тұсындағы ел басына күн туған алмағайып заманда тұтас қазақ жасағына бас қолбасы болып, қауіпті жаудың бетін қайырды. Бөкенбай батыр бейнесі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарында басты кейіпкерлердің бірі ретінде сипатталады. Оның ұлы Тіленші тархан Сырым батырмен тізе біріктіріп, патша үкіметінің озбыр саясатына қарсы тұрды. Жоламан, Есенаман сол Тіленшінің ұлдары еді. Есенаман есімі оның бауыры Жоламан батырға қатысты мұрағат құжаттарында сақталған. Қара батырдың ұлы Бөкенбай, Тіленші, Жоламан, Есенаман – аталы-балалы батырлар әулеті жайындағы бұл айтылған деректер кеңірек «Есенаман тауы» атты мақалада жарияланды. Мұның бәрі Егіндікөл ауылының маңайы сонау дәуірлердегі сармат тайпаларының тұрмысынан ғана емес, сол көне заманнан бүгінге дейінгі тарих қатпарларының өзге де тұстарынан сыр шертетінін аңғартады.

– Бала күнімізде осы күнгі Мәдениет үйі маңында ауылсовет кеңсесі болды. Содан әрі Есенаман тауына қарай шығуға қорқатын едік. Ол жақтан қараңғы түсе от көрінетін. Біз «Шайтанның оты» дегенімізде үлкендер «Олай демеңдер, ол – аруақ» дейтін. Сол жерлерде ертеректе қазақ пен қалмақ арасында жойқын соғыс болған көрінеді. Қалмақ Аққұмға бекінген. «Аққұмның ортасында кез келгенге көрінбейтін Жұмбақкөл деген көл бар, көлдің төңірегіне ағаш өскен» деп орманшы Сараш айтып отыратын. Сол көлден су іше ме екен, Аққұмның ішіне кірген мал келмей, түнеп қалатын. Сараш деген кісі үлкен Қараталда орманшы болған кезінде бір түйір шыбық кестірмеді. Сондықтан біз үлкен Қараталды «Сараштың талы» дейтін едік. Сараш 1916 жылы дүниеге келген. Үлкен Қараталдың бергі жағы Кәбеннің талы болды. Кәбен талынан бері – Жәши талы. Жәши талы Қалдығайтының жағасында өскен. Ол жақта Табан тал дейтін жер және бар. Уақытында бұл талдардың бәрін қолдан еккен көрінеді. Қараталдың ортасында үлкен көзді бұлақ бар. Қайраңөткел – соның көзінен шыққан су. 1957-1958 жылдары мал бағып отырған кезімізде Сараштың тұсынан әрі қарай Қараталдан кесіп, көпір салды. Сол өткелдің арғы бетінде бір қуыс бар. Оны Сараш қуысы дейтінбіз. Ол жер ұрлық малды қамап, бекітіп тастайтын арал болды. Ертеректе ысық руынан Қайырғали Андалиев дейтін жылқышы сонау Атыраудан жылқы айдап келіп, сонда қамағанын көзіміз көрді, – дейді Зейнеп Қаждамбайқызы.

Қайырғалидің Атыраудан жылқы айдап келуіне қатысты әңгімені Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының тұрғыны, шежірешіл ақсақал Бақытжан Жәлеловтен жазып алған дерекпен толықтыра кетейік.

– Андалының Қайырғалиының жылқы айдап әкелгені жайлы әңгімені жақсы білемін, – дейді Бақытжан қарт. – Бір жылы Қайырғали бағатын Егіндікөл совхозының жылқысынан екі үйір жоғалады. Оны Тайпақтың ар жағындағы, Миялының бер жа­ғындағы Атыраудың Қызылқоға деген жеріне қуып кеткен екен. Қайырғали – көп жерді біледі, қайратты кісі. Қасына бір-екі жылқышысын ілестіріп, ізбен тіке барғанда қамаулы жылқыны тиеп жатыр екен. Ол жерде сол аймақтың бірінші хатшысы да болыпты. Қайырғали жылқыларын танып, сақалын жұлып жылағанда: «Әй, мына шалдың көз жасына қалармыз, жылқысын беріңдер» деген сөзді ешкім елең қылмапты. Сонда Қайырғали «Осы қылғандарыңды алдарыңа келтірмесем, Андалы қажыдан тумай кетейін» деген екен. Андалы – қажы, руы Сары ысық. Келесі жылы қар түседі. Ол қар еріп кетіп және түседі. Сол кезде Қайырғали «Ай, осы қар енді ери қоймас» деп, қызылқұрт руының Елғұлысынан тарайтын Жаңаталап деген жас жігітке екі биені мінгіге беріп, бір бедеу биені жетектетеді. Содан күн жүрген, түн жүрген, Миялының мидай даласына жетіп, Қайырғалидің өз ағайыны, бір Ақсары ысықтың үйіне түнделетіп келеді де, жатып алады. Жылқыларды сыртқа шығармайды. Өздері күннің райын бағып жата береді. Бір күні қар қалыңдап, төпелеп жауа түскенде «Атты ертте» депті. Бедеуге ұзын арқанды байлап сүйретіп жібереді де, екі айғырдың үйірін қуады. Қайырғали Жаңаталапқа «Егер жазатайым жағдай бола қалса, тікелей ат, жауабын өзім берем» деп екі оқ ұстатады. Содан Миялының төңірегінен қуған жылқыны сонау Қараталдың, Аққұмның ар жағымен айналдырып әкеліп, қамағанын қамап кеткен болар, екі түн, бір күн дегенде Егіндікөлдегі контордың басына әкеліп жеткізеді. Қаратөбенің сот, прокурор, милиция бастығы, исполком, райком, совхоз директоры – бәріне болған жайды бастан-аяқ құлақтандырып, жылқыларды түп-түгелімен аудан басшыларынан бастап малшыларға, ауыл кісілеріне соғымға таратқан.

– Құныскерей үңгірі кішкентайымызда көргенде екі бөлек болатын. Осы күні оның бір бөлігі бітеліп қалды деп жүр ғой. Үңгірдің ішінде 1939 жылдарда соғысқа аттанған жігіттердің аттары жазылып тұратын еді. Өз қолдарымен жазып кеткен. Бала күнімізде оқитынбыз. Тұрақ дейтін Барамықтың баласының есімі ақ борға жазылып тұрды. Ол соғыстан оралған жоқ. «Сақыпкерей» деген жазу болды. Сосын Алғали дегеннің баласының есімі жазулы тұрды. Атын ұмытып қалдым. Ондай жазулар көп болды. Оқушы кезімізде экскурсияға апарғанда көріп жүргеніміз ғой. Экскурсия деп Ақкенже, Хамит есімді мұғалімдеріміз Есенаман тауына да алып шықты. Сонда түрлі темірлер – қару-жарақ бөліктерін тауып алатынбыз. Оқытушыларымыз «Ертеректегі батырлардан қалған дүниелер ғой, тимеңдер» деп алғызбайтын.

Құныскерейдің ешкімге зияны жоқ, уақытында совет болып тұрған адам екен. Кейіннен оны жазықсыз қудалау басталғанда осы ауылда өмір сүрген Елеместің әкесі Жандыбай Құныскерейге қарсы шыққан. Мұны енемнің айтуынан білемін. Жандыбай Құныскерейді Сулысайға дейін қуған. Сонда Құныскерей «Әй, Жандыбай, сен мені қума, ажалың менен болады. Қайт кейін!» дегенде Жандыбай жақындай алмай, кейін қайтқан. Жандыбай милиция болған, – дейді Зейнеп апа.

 

Торғай моласы

 

– Борөткелдің ескі көпірінен арғы жаққа өткенде оң жақ қолда Торғайдың моласы қалады. Торғай моласының ар жағында, Бөлектаудың бергі жағында бір үңгір бар. Оны әуелде Дәуқарамен соғысатын Бармақ батыр қаздырыпты деп айтатын. Ол сайда емес, тегістікте орналасқан. Сол жерде бақша еккен кәрістер үңгірге үш-төрт мәшинені қатар тығып қойғанда көрінбей қалады екен. Ол үңгір әлі күнге бар шығар. Көрмегелі отыз жылдан асты. Шалым мәшине айдағанда бірге жүріп талай жерді аралаған едім, – дейді кейіпкеріміз.

«Орал өңірі» газетінде жарияланған жазушы Құрманғазы Қараманұлының Науқан молдадан алған сұхбатында мынадай дерек ұшырасады. «Мың сиыры болған Сақау Торғай дейтін ысық болған. Егіндікөл, біздің осы өңір, мынау Қалдығайты, анау Қаратөбеге қарай жеккен өгіз, сауған сиыры болулы. Бес-алты жүз өгізі болулы ма деймін. Оның баласы Жарылғасын деген болған» дейтін онда Науқан молда.

Егіндікөлдік марқұм Тінәлиев Батырбай қарт «Ысықта Сақау Торғай, Ұста Торғай деген кісілер болған. Түйелі, жылқылы бай Жұмалы атам Сақау Торғаймен старшындыққа таласқан. Атам старшындыққа өткен. Сақау Торғай әуелде Тұзтөбе жақта орыстың қарауында жалданып жұмыс жасаған. Кейін еліме қайтамын дегенде қожайыны «Олай болса, үстіңе ағаштан үй тігем, алдыңа мал салам» деп бір үйір жылқы мен бір табын сиыр берген. Сақау Торғай Жарылғасын қыстауына келіп қыстаған. Жарылғасын қыстауының орындары Қалдығайтының арғы бетінде, Қаракемердің етегінде» деп әңгімелеген еді.

Зейнеп апай Торғай моласының киелі жер екендігін, оған Торғай ұрпақтары тәу етіп, түнеп келгендігін айтты. Ал Егіндікөл ауылында тұратын Торғай ұрпағы Жонас Өлиярқызының айтуынша, аталмыш мола оның Ұста Торғай деген үшінші атасының жерленген жері екен. Мола әуелде алты құлақты, көлемді болыпты. Ұста Торғайдың азан шақырып қойылған есімі Қадірберлі екен. Қадірберлі шағын келген, қасқабас сары кісі болғандықтан, Торғай атанып кеткен. Көрік үй ұстап Ұста атанған. Жігерленнің Егіндікөл бетіндегі Калинин деген жер – Ұста Торғайдың негізгі тұрағы, ал Тұщықара жақтағы Соркөл жаз жайлауы болыпты. Ұста Торғайдың моласында сынып жатқан бір ғана құлпытас бар көрінеді. Ондағы араб қарпіндегі жазу жақсы сақталыпты. Жонас апай Ұста Торғай мен Сақау Торғайдың жақын ағайыншылығы жоқ, екі бөлек адамдар екенін айтады. «Сақау Торғайдың моласы Жігерленнің Қаратөбе совхозы жағында, Қалдығайтының арғы бетінде жалғыз тал өсіп тұрған жерде дегенді бала күнімде үлкендерден еститінмін», – дейді ол.

 

Салаң әулие

 

– Алтыбаздан сәл әрі қарай жүргенде Аққұдық дейтін жерде қой бағып екі-үш жылдай отырдық. Аққұдық маңына ертеректе Салаң дейтін әулие жерленіпті. Дәл қай уақытта өмір сүргенін және руын білмеймін. Әйтеуір, Салаңға қарай шыққан қойға қасқыр да, адам да тимейді. Өз жайымен жайылып қайтады. Бар болғаны, енеміздің айтуымен «Салаң әулиеге тие берсін» дейміз. Енем қойға топалаң тиіп қырылғанда Салаң әулиеге апарып түнетсе, жақсы болады деп айтатын, – дейді Зейнеп апай.

1927 жылы дүниеге келген егіндікөлдік Батырбай қарт «Салаң –
әулие, сонымен қатар күмістен сырға, білезік соққан зергер. Салаң әулиені біз көрмедік, ертеректе өмір сүріпті. Руын да білмеймін» деген еді. Ол көзінің тірісінде Салаң әулиенің жерленген жерін де көрсетті. Егіндікөлдің оңтүстік-батыс бетінде үш-төрт шақырымдай жерде екен. Қорымның ескі екені аңғарылды. Кезіндегі саз балшықтан соғылған тастары жай үйіндіге айналып, оның өзі жермен-жексен бола бастаған. Бір ғана құлпытастың жазусыз сынығын тауып, суретке түсірдік. Батырбай ақсақалдың айтуынша, өткен ғасырдың елуінші жылдары колхоздың малын баққан Рысқали дейтін кісі қойға топалаң тигенде отарды Салаң әулиенің басына түнетіпті. Содан қойдағы ауру сап тыйылады. «Басына мал сойып, оқуымды бағыштап, садақа қылдым. Таңға жақын белгі берді. Қой дүр етіп үрікті. Мен отарды айдап жүре бердім» деген екен Рысқали шопан.

– Аралға жерленген Сүлеймен атаның да ерекше қасиеті бар (Егіндікөл ауылының көл жақ шетінде Арал деп аталатын жер бар). Қойды сол жаққа бағыттап айдап, «Сүлеймен атаға тие берсін» десе, ешқайда жоғалмай, домаланып жайылады да жатады. Күлемін-ау, Аралда отырған кезде Сүлеймен атаның қасынан өтіп бара жатып, тие берсін айтпасам, қандай да бір себеппен дүкеннен алатын затымды да ала алмай келетінмін. Аруақтың күштілігі ғой. Сүлейменннің әкесі Мұхамбетжан әулие Тұщықарадағы Айт моласының қасына жерленген. Ертеректе Нұрсұлтанов Қуанның әжесі Маржан деген кемпір сал ауруына ұшырағанда Айтқа түнеген. Әуелде Айт мазарының есігі болды. Қой төлдету кезінде ішіне кіретінбіз. Осы ауылдағы Қайыррахман қарттың атасы Едіге ишан да атақты аруақты кісі болған. Оның зиратына жақын отырған малшылардың айтуынша, бір қойын сойып, Едіге атаның рухына бағыштап садақа берсе, сол жерде шұбырып жүрген қасқырлар малға тимейді екен. Бұл тақылеттес әңгімелерді көп естуімнің себебі бар. Аралда отырғанымызда жеті үй көрші тұрдық. Әрбір үйде бір-бір шалдан, жеті шал тауық сойса да, бірін-бірі қалдырмай шақыратын. Олар Сәлмен, Тасболат, Сұлтан, Сақым сынды ақсақалдар еді. Мен оларға шаншылып отырып шай құямын. Өйткені Аралдың әйелдері «Сен шай құй, біз суыңды, шоғыңды әкеліп берейік» дейтін. Әйтеуір, бір айда бір шал қонақ қылады. Соның бәрінде мен шай құюшы едім. Тасболат қажыға барып келген кісі еді. Руы – ысық. Қажыға барғанда үлкен кілем алып келді. Кілемді бірінші рет сонда көрдік. Сақым ақсақал да Құран оқып, дін ұстаған жан. Оның руы – тана. Менің естігендерімнің көбі – сол кісілердің айтқандары, – дейді Зейнеп Қаждамбайқызы. Зейнеп апайдың тағы бірқатар әңгімелері төмендегіше өріледі.

 

Ғабдісәлім молда

 

Ұштап – жоғарыда айтылған Тасболаттың келіні. Ұштаптың өз әкесі Ғабдысәлім де молда болып, Кеңес үкіметі кезінде Қиылда мешіт ұстаған. Оның мешіті әлі күнге дейін бар. Ғабдысәлімнің қасиетін айтайын. Ілкіде, кілемнің қат кезінде Ғабдысәлім мешітінде жаюлы жатқан төрт кілем болыпты. Содан төрт жас жігіт өзара келісіп, түнде есігі ашық тұратын мешіттен кілемдерді ұрлап, сатып жібермек болады. Төрт жігіт түнде келсе, есік-терезелері түгелдей ақ тас болып ашылмайды. Жігіттер қараңғыда сипалап, «Мынаның бәрі тас болып кеткені несі, түнде бекітіп тастайтын болғаны ғой» деп кері кетеді. Ертеңіне Ғабдысәлім молда кілем ұрламақшы болғандарға «Қарақтарым-ау, бір кілемді сұрасаңдар да беретін едім ғой. Неге түнімен мешітті айналдыңдар, оны аруақ алдыра ма сендерге?» деген екен. Ертеректе Ғабдысәлім молданы шала-шарпы көргенім бар. Ол Қиылда дүкен де ұстады. Ойылға қарай жүргенде бір сайда Нудия дейтін жер бар. Сонда алма ағашы өсті. Ғабдысәлім сол жерде мал баққан кезінде алма ағаштарын қоршап күтіпті. Сол Ғабдысәлім осы ауылдың тұрғыны Сағынғалиді соғыста тұтқыннан алып шыққан. Ғабдысәлім мен Сағынғали құрдас екен. Екеуі «пленге» түскенде Сағынғали «Енді бәрі де бітті. Артта бала-шаға қалды-ау» – дейді. Молда «Ай, құрдас, мен сені алып шығайын. Сен бірақ ешкімге де тіс жарма» депті. «Қалай алып шығасың?» дегенде «Түн ортасында қолымнан ұстап, көзіңді тас қылып жұм да, өзім белгі бергенше ашпа» – дейді. Сағынғали айтқандай жасап, бір мезгілде көзін ашса, совет армиясының ішінде тұр екен. Бұл әңгімені кейінгі уақытта көпшілік алдында Сағынғалидің өз аузымен айтқанына куә болдық.

 

Беске қауымы

 

Көлдің ар жағындағы қауым атын иеленген Беске деген кісі ысықтың Сейтек руынан екен. Аруақты адам болыпты. Ысықтың Болат бөлімінің әйелдері Бескенің атын атамайды. Олар бесік деп те айтпайды. Бесікті «Жылдырға» дейді. Қазіргі Беске қауымынан Жігерленге қарай жүргенде бұрын Бәйге оба аталған жер бар. Беске сонда жерленген. Біздің кәрі шешелеріміз де сол Бәйге обаның бауырында қалды. Ол кезде зияратты қазіргідей ақ тастан көтермеген. Кіндік тұсынан жоғары аса қоймайтын, езіліп кететін шым тастан салған. Осы күнгі Беске қауымының табаны әуелгіден гөрі көлге таман жылжыған.

 

Бұлақ басындағы мешіт

 

Ауылдағы бұлақ көзінің жоғарғы жағында мешіт болған. Біз ол мешіттің орнын көрдік. Сол жерде көрік үй болды. Бізге Мәмбетқали, Төлеген деген ауыл үлкендері «Мешіт орнын баспаңдар, аяқтарың ауырады» деп ескертетін. Мәмбетқалидің руы – алаша – Барамық. Сынықшы, молда болды. Кейін Кеңес үкіметі кезінде мешіт орнына мал соятын «бойня» (қасапхана) салды. Бірақ ол пәлендей жұмыс жасаған жоқ.

 

«Қабақ шытпаңдар, сүйекке ауыр болмасын»

 

Сақым атай 1975 жылдың қоянында екінші желтоқсан күні жерге түсті. Қайтпастан бұрын: «Әй, келін, ғұмырыңа берекет берсін, менің күнім жақсы болады. Көйлекшең жүріп сыртта ас пісіресіңдер, ренжіп, қабақ шытпаңдар» – деп айтып отырушы еді. Және «Мен бұл жерге жатпаймын, Қоскөлдегі мешітке барып жатамын. Менің тұқымдарымның бәрі мешітте» – деді. Айтқанындай, ол қайтқанда күн жылынып, жарқырап, шуақ болып тұрды. Желтоқсанда көйлекшең жүріп ас пісірдік. Қоскөл мешітіндегі қауымға жерленді. Осы күндері Сақым атайдың өсиеті есіме түсіп, садақаларға барғанда қызмет атқарысқан жастарға «Қабақ шытпаңдар, сүйекке ауыр болмасын» деп айтып отырамын.

 

Қалиолла мен Қайырғали

 

Осы ауылда Қалиолла, Қайырғали дейтін екі палуан болды. 1954 жылда тың игеруге келген орыстармен жергілікті қазақтар күнде төбелесті. Орыстар «Қалиолла, Қайырғали келе жатыр» дегеннен-ақ жым болатын. Қалиолла, Қайырғали тың игеру кезінде Қаратөбе жағынан Калининдегі МТС-ке келген жас жігіттер еді.

 

Тұзтөбе мен Тұздыоба

 

Тұздыобаның бер жағында, Жігерленнің ар жағында Таянның моласы деп аталатын қасиетті жер бар. Бір жолы трактормен келе жатқанымызда жүргізуші бірнеше мәрте адасып, Таян моласына қарай келіп тіреле бердік. Білетін оқуымызды айтып, бет сипағаннан кейін ғана ауылға адаспай жеттік.

Қазақтар Соль-Илецкіні Тұзтөбе деп атайды. Ал Жігерленнің Қаратөбе бетіндегі тұзды жер Тұздыоба деп аталады.

Тұзтөбенің тұзына кісіні он бес минуттан артық түсірмейді. Өйткені тұз өтіп кетеді. Керемет қара тұз. Ондай қара тұз Ден­дерде де бар. Ал Қызылордадағы Аралдың тұзы ұнтақ, сорлы тұз. Онымен ет тұздағанда еттің дәмі сор татып тұрады. Ертеректе Тұзтөбенің тұзын асқа пайдаланып, Тұздыобаның тұзын малға үйіп әкеліп қоюшы ек. Бір жылы ас тұзы таусылып қалды. Біреу­ден байлайтын ақтығын беріп жіберіп, малға деп бір қапшық етіп алдырған Тұздыобаның тұзы бар еді. Сонымен соғымның ішек-қарнын тұздадым. Сол ішек-қарын ерекше тәтті болды. Қаратөбе совхозының халқы асқа Тұздыобаның тұзынан пайдаланатын. Ондағы тұз Алла Тағаланың әмірімен қыркүйек-қазан айларында бірігіп, байланады. Сол кезде ақтығын байлап, алуға болады. Ал қараша айында қайтадан еріп, суға айналады.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru