Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Жарман қазірет

Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылынан жиырма шақырым­дай қашықта Тұрғанбай елді мекені орналасқан. Ал Тұрғанбай­дан оңтүстік-шығыс бетке қарай төрт-бес шақырымдық жер­де Жарман мешітінің орны бар. Жергілікті халық бұл орын­ды киелі санайды.

 

Осынау маңайға қатысты қызықты оқиғалар республикаға танымал жерлес жазушы Құрманғазы Қараманұлының кітабында көркем шығарма түрінде өрілген. Ал аталған елді мекенге аты берілген Тұрғанбай қарттың немересі, жергілікті өлкетанушы-жазушы Әзербай Кенжеғалиевтің балалық шағы осы жерде өткен. Ол өз еңбектерінде Жарман қазірет, оның мешіті және аталас ағайындарының тарихы туралы кеңінен қалам сілтеп келеді. Жарман ата Ақсары ысықтың Қоскелді бөлімінен тарайды, Әзербай ағай – оның аталас туысы.

1891 жылы осы өңірде дүниеге келген Науқан есімді молданың жазушы Құрманғазы Қараманұлы магнитофон кассетасына жазып алған әңгімесінде Жарман мешіті туралы айтылған. Аталмыш сұхбат «Орал өңірі» газетінің 2015 жылғы №4 және №18 сандарында жарияланған еді.

«Құлақшиде құлаған мешіттің орны бар. Ол – біздің мешіт, Жарман – Жармұхамед қазіреттің мешіті. Жармұхамед деген – менің тумам. Үлкен оқымысты, ғалым кісі. Мешітін 1928 жылы үкімет адамдары бұзды ғой. Ол жерде үлкен шәр болған. Менің мекенім сонда, Қалдығайты өзенінің бойындағы Құлақши деген жерде еді» дейтін онда Науқан ата.

Ана бір жылдары Жарман қазірет мешітінің орнына оның ұрпақтары келіп, ата рухына тағзым етіп, көрнекті белгі орнатыпты.

– Белгі ретінде қойылған әр тастың салмағы 2,5 тонна шамасында. Ондағы мәтінді жұмыстан кейінгі уақытымды пайдаланып, үш аптаның ішінде өз қолыммен ойып жаздым, Рамазан айында дайын болды. Белгіні орнатқан соң сол кезде Жігерлен ауылында тұрған Қанат Тоғайбайұлының үйінде садақа бердік. Бізге белгі орнату туралы ой келіп, қазіреттің Сайфолла есімді шөбересі мешіт орнын іздеп барғанда жол көрсетуші Қанат болатын. Сайфолла Жігерленге жетіп, жөн білетін кісілердің нұсқауымен Қанатқа жолығады. Қанат «Күткен қонағым сіз болдыңыз, негізі бүгін жол жүруім керек еді, түсіме бір қарт кісі еніп, қонақ қарсылауым керек екенін айтты» депті... Қазіреттің бірінші әйелі қайтқасын, екінші рет үйленсе керек. Екінші әйелінің есімі – Жамал. Одан 1928 жылғы Ысқақ есімді ұлы болады. Ол 2013 жылы дүние салды. Жарман қазірет атамыз ұжымдастыру болып, туған жерден көшкенде ұлы Ысқақ емшектегі бала екен. Қазірет сол көшкеннен Сегізсайдың үстімен Електен өтіп, Башқұртстанға дейін барады. Бүгінде Ақсай қаласында тұратын, тоқсан жасқа аяқ басқан ысық Мүтиғолла есімді атай сол бетте қазіретпен жүздескен, бала күнінде оның қолынан ет асаған. Ол Жарман ата мешітінің орнына белгі қойған кезімізде ұлғайған жасына қарамастан, қазіреттің туған жерін көруге арнайы келді. Жарман ата ҰОС жылдарына таман елге қарай жылжып, Орынбор облысының Сухоречка деген жеріне келіп тұрақтайды. Сонда жерленген. Атаның жатқан жеріне аяқтай барып, арнайы зиярат еттім. Жарман атаның пері оқытқаны айтылады. Оның Нәпиза деген қызынан Алтынай деген жиені болады. Мен Алтынайдың ұлымын. Жарман атаның Нәпизадан кіші қызы жуырда қайтыс болды. Қазіреттің немере-шөбере, жиендері бар, бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Әжелеріміздің айтуынша, Жарман атаның кітаптары мешіт аумағында, бес метрдей тереңдікке көмілген. Жарман атадан «Мешітке көмілген заттарыңызды біреулер қазып алып кетпей ме?» дегенде, «Оны ешкім ала алмайды, өзінің қараушылары бар» деген екен.

Қазіреттің Жеткін есімді жиеншары омылай деп баяндайды. Бүгінде Жеткін Ермұқанов Ақсай қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етеді.

Мен, осы мақаланың авторы Жеткін ағаймен бірге Жарман қазіреттің Ақсай қаласында тұратын немересі – Серік Ысқақұлының үйінде болдым. Онда қазіреттің Құраны мен қолжазбалары сақталған екен. Араб қарпіндегі елу беттей қолжазбаны суретке түсіріп алдым. Құран кітабының алғашқы беттеріндегі таза, ақ парақтарда он төрт бет қолжазба бар. Мұның сыртында Құран беттеріндегі негізгі мәтіннің шет жағындағы бос орындарда араб қарпінде­гі қолжазбалар кездеседі.

Атақты ғалым, филология ғылымдарының кандидаты,
Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Ғалия Қамбарбековаға Facebook әлеуметтік желісі арқылы хабарласып, аталмыш қолжазбаның кейбір парақтарын оқып беруін өтінген едім. Ол кісіден төмендегідей жауап келді.

 

Бірнеше парақ Құран Кәрімнің беттері екен, литографиялық басылым. Сыртқы мұқабасын суретке түсірген кітап Құран Кәрім. Ал кәдімгі дәптер бетіне жазылған дүниенің тілі түрікше, яғни ескі қазақша десек те болады. Онда Құран Кәрімнің ішінде кездесетін кейбір сүрелер мен аяттардың қалай аударылғанына өзінше түсінік беріп, оларды қалай оқу керектігін жазып отырғаны белгі­лі болды. Ол дегеніміз, ақсақал арабшаны өте жақсы білген (Әри­не, егер жазу ақсақалдікі болса) және тек біліп қана қоймай, Құран Кәрімнің тәпсірімен жақсы таныс болған. Және сол тәпсірлер мен Құранның аудармаларын оқи отырып, өзінше түсінгендерін бөлек дәптерге жазып отырған. Шәкірттерге түсіндіруге ыңғайлы болсын деп жазған болуы мүмкін деп шамалаймын. Маған жіберген екі түрлі еңбек болды: 1) Құран Кәрім бірнеше парақ және сыртқы мұқабасы. 2) ақсақалдың дәптері, оның өзі екі түрлі дәптер екен. Алайда екеуінің де мағынасы бір. Құранның өз мәтіні ғана бар. Алайда тәпсірі жиектерге кейіннен сиямен және қарындашпен жазылған. Профессионалды тұрғыдан тәпсір болмаған соң, бұл еңбекті Құранның тәпсірі деп атай алмадым. Әрине, егер бұл жиек­терге жазылған жазулар ақсақалдікі болса және ол анықталса, онда ақсақалдың Құранға жазған тәпсірі деуге болады. Бірақ мендегі бір парақта жиектерге жазылған жазу көп, екінші бетте аз, үшінші бетте ешқандай жазу болмауы да мүмкін. Сондықтан бүкіл парақтарын көрмей, тәпсір деп толық айтуға болмайды. Құран екендігіне күмән жоқ және оның лито­графиядан жарық көрген жылы 1295 (Хижра жыл санауымен. – автор) деп тұр. Құран Кәрім хазіреті Османның Құранының негізінде жарық көрген, тәпсірі мен оқылуына қарай белгілер қойылған деп алғашқы бетінде жазылған. Алайда тәпсірін көрмеген соң ештеңе дей алмаймын. Сыртқы безендірілуіне қарағанда, Қазанда басылып шыққан Құранға ұқсайды. Құранды оқыған адамдар алғашқы бос парақтарға және соңындағы бос парақтарға түрлі жазулар жазып қалдыратын болған. Алайда ол сөздердің мәні кітаптың негізгі мазмұнынан басым емес. Яғни кімдердің кітабы болды, кімнің қолында болған кітап деген тұрғыдан ғана маңызды. Құран кітабының алдыңғы және соңғы бос парақтарына жазған жазуларда ерекше бір көзге түсетіндей ештеңе жоқ. Ал дәптерлерді арнайы бір адамға беріп аудартып, ішкі мағынасын ашуыңа болады. Дәптер парақтарының бірінде адам қай жылы қайтыс болса, оның жайы не болады дегенді Құран аяттарымен түсіндірген. Әрине, бұл тек бір парағы. Басқа парақтарды да көру керек. Басқа парақтарда басқа тақырып болуы мүмкін. Менің түсінгенім, жылмен санағанда 84 жас, әр жасты 9 аймен есептегенде 97 жас, және бәрі бәлен ай депті. Фото анық емес, үлкейтіп оқиын десем, әріптер одан сайын бұлдырайды.

 

Ғалымның осы жазбасына қарап, Жарман қазіреттің ұстаған Құран кітабы мен қолжазбалары арнайы зерттеуді талап ететінін ұғуға болады.

Қазірет ұрпақтарына оның мешітінің орнын көрсетуде қолұшын созған Қанат Тоғайбайұлымен арнайы жолықтық.

– Бұрын Жарман қазірет жайында ештеңе білмейтін едім. Бір күні түсімде бұзылып, жарлары қалған ғимарат көрдім. Біреу «Жарман, Жарман» дейді екен. Оянғасын әкемнен «Папа, осы жарман деген не зат?» деп сұрадым. «Ие, ол Қалдығайты суының арғы бетіндегі мешіт орнының атауы ғой» – деді әкем. Біраздан кейін атқа мініп, судан өтіп, Жарман қазірет мешітінің орнын арнайы барып көріп келдім. Одан кейін тағы түс көрдім. Екі қарт кісі келіп тұр екен. Біреуі шағындау келген, үстіне тізеден келетін жасыл түсті қысқа шапан киген. Шапанының өңірі алтын түспен әдемі түрде өрнектелген. Сол кісі маған «Жарманнан келдік» деп қылыш ұсынып тұр екен. Қылышты қолыма алып қарасам, жалпақ жағына арабша жазулар бедерленіпті...

Бірде аудан орталығына жол жүретін болып ұйқыға ертерек жаттым. Таңда оянсам, арқама шөп қадалып тұрғандай бірдеңе батып тұр. Анама көрсетіп едім, «Ештеңе жоқ» деді. Содан жолға шықтым. Егіндікөл жақтан ішінде бос орын бар бір мәшине келе жатты. Қол көтеріп едім, тоқтамады. Одан кейін «Жедел жәрдемнің» «УАЗигі» де кідірмей өте шықты. Таңда ұйқылы-ояу жатқанымда түсімде біреу «Келеді, саған келеді» деп еді. Түс көріне береді ғой деп, оған мән бермегенмін. Амал жоқ, көліктің реті шықпағасын үйде болдым. Түске таман үйдегілер сені бір кісі іздеп келіп тұр деді. Шықсам, бейтаныс ағай тұр. Жарман қазіреттің ұрпағы Сайфолла есімді кісі екен. Әуелі Егіндікөлде тұратын Қайыррахман атаға барған екен, ол кісі «Жігерлендегі Қанатқа барыңдар, мешіт орнын сол көрсетеді» депті. Сөйтіп, жол бастаушы болып Жарман мешітке барып келдім. Бір қызығы сол күні, түсқайта сағат үштің шамасында аяқ астынан Қаратөбеге баратын көлік табыла кетті. Аудан орталығындағы шаруаларым да оңай үйлесіп, кідірмей кешкі сағат сегіздерде ауылға қайтып келдім.

Үлкендердің айтуынша, Жарман қазірет Құлақшидегі алпыс үйді қамқорлаған екен. Мұқтаждық туындағанда Шыңғырлаудың базарына ұшып барып келген деген әңгіме айтылады.

Әкем Тоғайбай 1935 жылы туған. Бала күнінен дін жолына бейім болыпты. Он бес жасына дейін Смағұл деген қарттан діни бағытта аздап сабақ алып жүріпті. Соны байқап қалса керек, бір күні өзімен қатарлас қалжыңбас бозбалалар әкемді жабылып жығып, күштеп ауызына темекі қыстырады. Әкем содан кейін Смағұл қартқа барғанда «Жарайды, балам, сен енді бұл жолға алаңда­май-а­қ
қой» депті. Сол Смағұл қарт па, әлде басқа оқымысты адам ба екен, анығын білмеймін, әкеме «Қара судың ұйығанын көрерсің, сол суды қорықпай іш» деген екен. Әкем жұпынылау тірлік кешіп, сиыр бағып жүрген кезінде жаз мезгілінде ертемен малға тұрып, қолын жуайын десе, құмандағы су ақпайды. Қара су қоюланып тұр екен. Үлкен кісінің айтқаны есіне түскен әкем суды ішіп алады. «Содан кейін жұмысым жүріп, алдыма мал бітті, шаруам алға басып, қатарға қосылдым» дейтін әкем. Руымыз – алаша. Алашаның ішінде Сарысы, оның ішінде Тілемістен тараймыз, – дейді Қанат Тоғайбайұлы.

2016 жылдың сәуір айында табиғат аясында демалып жүргенімде Жарман қазірет мешітінің орнын көрудің сәті түсті. Ол жерге Қалдығайты өзенінің Тұрғанбай елді мекенінің тұсындағы екі тармағынан қайық арқылы өтіп бардық. Мешіт жарының бір бөлігі құламаған күйі әлі күнге сақталыпты. Айналасында ұзын әрі енді болып келетін үлкен орлардың орны анық аңғарылады. Мешіттің батыс іргесіне таяу орналасқан, төмпешіктері тегістелуге айналған ескі қорым бар екен. Қорымның солтүстік шетінде жалғыз ғана құлпытас сақталған. Онда кирилл қарпімен алаша Шотқара руының адамы жерленгені жазылыпты.

Мақаланы жазу барысында бала күнінде қазақтың дәстүрімен Жарман қазіреттің қолынан ет асаған Мүтиғолла қартпен жолығудың да сәті түсті. Ол Ақсай қаласында тұрады. Бүгінде жасы тоқсаннан асқан Мүтиғолла атай бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмайтын жан екен. Ол Жарман қазіретті былайша еске алады:

– Жарман қазіретті көрген кезде мен бала едім. Ол орта бойлы, жауырынды, жарасымды етіп қойған сақал-мұрты бурыл тартқан, жүзі шырайлы, не айтса да, орта дауыспен, нағыз саңырау естімегенімен, құлағының тосаңдығы бар адам ұққандай етіп анық сөйлейтін жан еді.

Башқұртстанда аралары жеті-сегіз, он шақырымдай болатын ауыл көп қой. Бір ағып жатқан су болса, соның арғы бетінде бір ауыл, бергі бетінде бір ауыл отырады. Жарман қазірет пен менің әкем бір ауылда тұрған жоқ. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демекші, екі қазірет бір ауылда тұрғандарын қолай көрмеді ме екен. Бірақ араларында ондай араз-ашулары жоқ еді. Олар бірін-бірі жұма сайын болмағанымен, айына бір рет көрмей тұрмайды.

Жарман ата менің Құран оқығаныма кереметтей риза болатын. Бірде сол үшін шиланын ашып, жиырма тиын ақша берді. Содан кейін оның келе жатқанын көрсем, қолыма Құран ұстап отыра қалатынды шығардым. Ол кісі де «Ә, Құран оқып отыр екен» деп шиланынан он бес-жиырма тиын алып, маған ұсынады.

Менің аяғым ақсақ, ат туару, суару, жегу секілді жұмыстарға жарамаймын. Әкем сол себепті қасына көбіне менен үш жас үлкен ағамды алып жүретін. Жарман қазірет пен әкемнің асықпай, жайлана отырып ішкен шайлары шамамен екі сағаттай уақытқа созылар еді. Ол күндегі әйелдер де шай құюға ерінбейді ғой. Әдетте екеуінің қолында да арабша жазылған бір-бір кітаптан болады. Бірі сұрайды, екіншісі тыңдап, жауап береді. Сөйтіп, алма-кезек сұрақ-жауап біразға созылады. Сонда шынымен білмей сұрай ма, әлде бір-бірінің білімін шыңдаңқырап алайын дей ме екен, кім білсін?! Ол кезде біз мән бермейміз, нанға май жағып берсе, жеп алып, жайымызға кететінбіз.

Бірде әкеме ілесіп Жарман атаның үйіне бардым. Шай ішілгесін әкем маған «Сен осында бол, мен бір жерге барып келейін» деп кетіп қалды. Бірақ қонып келетінін айтпады. Содан мен Жарман атаның қойнында жаттым. Әкем ертеңіне түс қайтқасын келді. Мен ол кезде жас баламын ғой, бір түрлі әкемді сағыныңқырап қалғандай жылағым келді. Бірақ, әйтеуір, тамағым тоқ болғасын сыр бере қоймадым. Әкем қайтып келгенде қазіреттің үйіне тағы бір кісі келе қалды. Содан қой сойылған жоқ, бірақ ет асылды. Сол жолы Жарман ата маған өз қолынан ет асатқаны есімде.

Соның артынан Жарман ата біздің ауылға келді. Онда әкем үйде жоқ еді. Қазірет бесін намазын оқып алып, шай ішті. Ол самауырдан тамыздырмай, қызыл шайды ақ құманның өзінен ғана ішетін. Екі-үш аяқ ішілген сайын құманға су құйып, бір шөкіп шай үстеп әзірлеп отырады. Әкем де шайдан үлесін жібермеуші еді, бірақ тап Жарман атадай қызартып ішпейтін.

Жарман атаның жуан сұр биесі болды. Сол биесімен баш­құрттарға бақшалық жерін жыртуға жалданады. Сондайда қасында башқұрттың бір шалы «Қазірет, қазірет, тереңірек, тереңірек» деп жүргенін көрдім. Түренді тереңірек жібер дегені ғой. Сонда Жарман қазіреттің өзі де шаршамайды, жалғыз аты да терлемейтін. Әкемізде де жалғыз ат болды. Бірақ ол біреумен бірігіп, атты қосарлап жалданатын. Аттар соның өзінде болдырып жатады.

Бір күні әкем: – Өнебойына Қамидолланы ілестіріп, сені тастап кетіп жүрмін, жүр, атаңа барып, сәлем беріп қайтайық, – деді. Содан он-он екі шақырым жердегі Жарман қазіреттің ауылына келдік. Жатарда майын бетіне шылқытып, дырау табақ қылып, сөктен төп пісірді. Әлгіден жеп алып, ұйқыға жаттық. – Қарағым, Құрбанғали, осы жерге қазық қағамыз, соның топырағы шықпайды, сол топырақ қайда кетеді? – деді Жарман ата әкеме.

– Ой, Жареке-ай, соны білмей сұрайсың ба? – деді әкем.

– Әрине, білмеймін ғой, білсем сұраймын ба, – дейді Жарман ата.

Сонда әкемнің берген жауабы: – Жерге қазық қаққанда топырағы шықпайтыны туралы ібіліс пайғамбардан келіп сұрапты дейді. Пайғамбар айтыпты: – Бір үйге қонақ келсе, қонаққа үй иесі бола тұрып, барын бермесе, әлгі топырақ үй иесінің көзіне құйылады. Үй иесі барын беріп, қонағы риза болмаса, топырақ қонақтың көзіне құйылады. Үй иесі барын беріп, қонақ та риза болса, ібіліс, топырақ сенің көзіңе құйылады.

– Әәәә, – деді Жарман ата дауысын созыңқырап. Қос қазірет әңгімелерін жалғастыра берді. Мен ұйықтап қалдым.

Ертеңіне Жарман қазірет «Қарағым, Құрбанғали, бір-екі сағат кідір. Жеңгең түндегі сөзіңнен «Көзіме қиқым түседі» деп бүркеніп жатты» – деді. Кешікпей сақтаулы тұрған бір жуан қазы қазанға салынды. Сүр болғанмен, жылдам піседі ғой, ақыры ол қонағасыны да жеп аттандық. Қазірет қазының барын біледі де, асқызуға тікелей айтып араласпай, кемпірі түсінсін деп тұспалдап жеткізгені екен.

Әкем соғыстан асқазаны аурулы болып оралды. Бір күні қайдан естігенін білмеймін, «Жарман аталарың марқұм болыпты» деді. Жағдайымыз нашарлау еді. Шешем барлы-жоқты ұннан шелпек пісіріп, әкеміз Құран оқып, бетімізді сипадық.

Жарман қазіреттің зиратына үш рет бардым. Орынбор облысындағы Сухоречка деген мекенде орналасқан. Қасында құдық, малдың қорасы бар екен. Онда барғанымызда қазіреттің әйелі жағынан бір жақындарының үйінен дәм таттық. Олардан «Атаны мал қораның қасына қойғандарың не?» деп сұрап едім, «Әуелде бұл маң дала болды, колхоз бірнеше жерден құдық қазып еді, ешбірінен су шықпай қойды. Ақыры Жарман ата зиратына жақын жерден қазылған құдықтан су шығып, қасына мал қора салынды» – деді.

Мүтиғолла қарттың Жарман қазірет туралы естелігі осындай. Оның әкесінен естуі бойынша, Жарман ата діни білімді Уфадан алса керек. Бір қызығы, Ресей жеріне өткен соң қазіреттерді ешкім қудалап, соңынан түспеген. Мүтиғолла қарттың әкесі Құрбанғали қазірет Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылына жақын маңдағы Шым деген ойпатта мешіт ұстаған. Шымның бойы олардың арғы аталарынан бері еншіге тиген жерлері екен. Қазірет Құрбанғали Қуанышқалиұлы Оралдың түрмесінен (Қырықтұрба) босағасын оған сол кездегі Орал облысының топырағын бес жылға дейін басуға рұқсат етілмеген. Сол себепті ол 1928 жылдың күзінде жанұясы мен мал-мүлкін алып, Башқұртстан жеріне көшкен. Батыс Алаш Орда үкіметінің рухани көсемі – Қуанай қазіретпен бірге түрмеге қамалған Құрбанғали қазіреттің өмірі де зерттер болса, өз алдына үлкен тақырып.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru