Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Демеу мұғалім

К. Ғ. Ахметов құрастырған «Кіші жүз Асқар (Байбақты, Жанбақты, Тынбақты) және Тана руларының шежіресі» атты еңбекте Дәуқара батырдың Әлімнің Демеу деген байының көп жылқысын барымталап әкеткені жазылады. Ал Жігерлен ауылы маңында Дәуқара батыр жерленген жерге жақын Демеу аталатын қара су бар.

Маған «Демеу қара суының атауы Дәуқара жылқысын айдап әкеткен байдың атымен байланысты емес пе екен?» деген ой келді. Алайда Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында тұратын жасы тоқсанға таяған Мұзафарұлы Қайыррахман қарт қара судың атын иеленген Демеу Дәуқара оқиғасынан бірнеше ғасыр кейін өмір сүрген Алаша руының адамы екенін айтып берді. Және оның шежіресін төмендегіше жіктеп, өмірде қандай адам болғаны туралы аз-кем мағлұмат берді.

«Біз Сұлтансиықтың бес баласының бірі – алашадан тараймыз. Алашаның Ақберлі, Тоқберлі деген екі баласы болады.

Тоқберліден Қоңыр бөрік алаша, Қапай, Қалмантай аталықтары өрбиді. Олар Бөкейлік жақта.

Ақберліден – Атымыс, Барамық. Атымыстың үш баласының
бірі – Сарыдан – Қожамберлі, Қожағұл, Малайсары. Қожамберлі­ден – Құдайберді. Құдайбердіден – Есназар, Бадаш. Бадаш­тан –
Қарабай, Дәуіт. Қарабай, Дәуіттен тұқым жоқ. Есназардан екі
бала – Қайдауыл, Түкі. Түкіден біз тараймыз да, Қайдауылдан екі бала – Итқара, Қожеке. Байдуалы баласы Демеу осы Қайдауылдың Қожекесінен тарайды. Демеу мұғалім болған. Кейін кәмпескеге ұшырады ма екен, әйтеуір, әкемнің айтуынша, Демеудің мектебінен бұзып алынған тас Қаратөбедегі қызыл бәлнеске қаланған дейді. Демеудің бала оқытқан мектебінің орны Демеу қара суының жағасында болды. Ол жер әуелде жыланның ордасы еді. Кейін жыландар көшіп, басқа жаққа ауған.

Егіндікөл тұрғыны Саршолақов Сәмер, Жігерлендегі Беркіннің балалары – сол Демеудің аталас жақындары.

Беркіннің аталары – Рахманша, Қондыкер – ағайынды кісілер бай болған. Жігерленнің күнбатыс, яғни Дәуқара батыр жерленген бетінде, Демеу қара суына жақын маңда Рахманша тоғайы деген тоғай бар».

Қайыррахман атайдың Демеу Байдуалы баласы жайлы айтқан қысқаша әңгімесі осындай болды. Қайыррахман қарттың атасы Едіге ишанның ұлы Сағит жырау өлеңінің ішінде жоғарыда айтылған Демеу, Рахманша, Қондыкер есімдеріне қатысты жолдар бар.

 

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru