Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Уақ Бармақ батыр

Батыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан көне құлпытастарды зерттеу жобасы ұмытылған тарихымыздың көптеген беттерін қалпына келтірді, ел жадында берік сақталған тарихи аңыз-әңгімелерге нақты, ғылыми сипат дарыта бастады.

 

Біздің өлкеде Кіші жүздегі байбақты руының ұранына айналған атақты Дәуқара батыр мен Бармақ батыр хикаясын білмейтіндер кемде-кем. Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылына қарасты Жігерлен елді мекеніндегі Дәуқара батырдың Батыс Қазақстанда уақыты жағынан ең көне деп табылатын құлпытасы оқылып, оның 1751 жылы 64 жасында қайтыс болғаны белгілі болды.

«Дана» журналының жаңа санын (№3 (27) 2016) қолыма алып, парақтап отырмын. Бармақ батырдың Балықбай есімді бір ұрпағының халалы Мінсіз Айдынбайқызының құлпытасы туралы жазылыпты. Мұнда айтылған Бармақ батыр Дәуқара – Бармақ хикаясындағы Бармақ батыр емес пе деген ой келді. Өйткені құлпытас жазуында көрсетілгендей, Бармақ батыр ұрпағы Балық­бай Уақ руынан екен. «Орал өңірі» газетінің 2015 жыл, 13 қаңтарда жарық көрген нөмірі төртінші санында Науқан молда да Дәуқара –
Бармақ хикаясындағы Бармақ батырдың руы Уақ екенін айтқан. «Дәуқара мен Бармақ бірін-бірі өлтіріп жатыр. Бармақ та батыр. Ол сонау Орынбордың жоғарғы жағындағы Уақ дейтін елден» депті Науқан ата. Ол сұхбаттың келесі бір тұсында «Бармақтың тегі – Жетіруға жататын Табын руының бөлімі Уақ деген ел» деп нақтылай түседі. Ал «Дана» журналының аталмыш санындағы «Балықбай бейітіндегі құлпытас» атты мақалада «Бармақ батыр XVII-XVIII ғасырда Орта жүздің Уақ руының өзіне қарасты ағайындарымен Кіші жүзге келіп, қазіргі Ақтөбе облысы жеріне қоныстанған екен» деп келетін жолдар бар. Табын руы Ақтөбе облысының аумағын мекендегені белгілі. Олай болса, Науқан молданың Бармақ батырды табын руының Уақ дейтін бөлімі деп сипаттауының мәні анықтала түскендей. Яғни Бармақ батыр Орта жүзден келгенде қалың табынның арасына қоныстанған болса керек. Оның үстіне, табын руының шежіресімен айналысқан тарихшы ғалым Нұржан Жетпісбай табынның Уақ дейтін бөлімі бар деген дерекпен кездеспегенін айтады. Екінші дәлел – бұл батырлардың өмір сүрген кезеңдерінің сәйкес келуі. Үшінші дәлел – мекендеген жерлері.

Уақ Бармақ батырдың тікелей ұрпағы, 1951 жылы дүниеге келген Нәсіпқали Бисеновтың «Айбар» шаруа қожалығы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылынан батысқа қарай тоғыз шақырым жерде, ал Балықбай көне қорымы осы қожалықтың қыстауынан 500 метрдей қашықта орналасқан.

Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының тұрғыны, шежірелі ақсақал Бақытжан Жәлеловтың айтуынша, Дәуқара өзіне нағашы жұрт болып саналатын Әлім еліндегі бір байдың жылқысын барымталайды. Сонда қуғыншы болып Бармақ батыр Дәуқараның соңына түседі. Олай болса, Бармақтың тегі Жетіруға жататын Табынға емес, алты аталы Әлімге байланыстырыла айтылуы тиіс еді...

Кіші жүз ханы Нұралының Орынбор әкімшілігіне аманаттағы ұлдарын алмастыру мақсатында барған сапары барысында ел игілері қатарында Уақ руының старшыны Бармақ батыр да болған екен. Өлкемізге белгілі тарихшы Жәнібек Исмурзиннің мәлімдеуінше, Орынбор мұрағат дерегінде Уақ руының старшыны Бармақ батырдың Орынборға 1758 жылы, 30 шілдеде келгендігі нақты жазылған. Және бір қызығы, аталмыш деректе көрсетілгендей, сол жолы Бармақ батырдың өтініші бойынша оған құны 76 тиын тұратын қара бақша шай беріліпті. Бұл 1758 жылғы оқиға болса, құлпытастағы және халық жадында сақталған дерекке сүйенсек, 1751 жылы Дәуқара мен Бармақ бірдей қаза табуы тиіс еді. Бұдан шығатыны – сол заманда, бір өлкеде Бармақ есімді батыр жалғыз болмағанға ұқсайды.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru