Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Дәуқара батыр

Кіші жүздегі байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батыр басында ас берілетінін естіп, ол жерленген БҚО Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округі аймағындағы Жігерлен елді мекеніне Орал қаласынан жол тарттық.

 

Бізді далалық жолға ыңғайлы, бауыры биік «Джип» автокөлігі­мен жеке кәсіпкер Амангелді Лұқпанов алып жүрді. Әжептәуір ұзақ жолға бір мақсатта шыққасын, ә дегеннен таныса бастадық. Амангелді ағамыз байбақты руының Әлтеке тайпасынан тарайтын Мамат бөлімінің ұрпағы екен. Жуырда ғана тындырылған сауапты іс – Дәуқара батыр қорымын қоршап, басына тақтайдай тегіс етіп өрнектас төсеп, бағалы материалдан белгі орнатуға қолұшын созған батырдың аталас ұрпақтарының бірі болды.

– Әлтекелер жиылып, қорым басында атқарылар құрылыс туралы ақылдасқанда алғашқы өлшеу жұмыстарына өзім баратын болып құлшыныс білдірдім. Әйткенмен, күнделікті тіршіліктің ісі біте ме, келіскен уақыттан екі сағат кідірдім. Сонда да шаруаларым үйлесер емес. Жолға өзіммен бірге шығатын кісілердің үйінің тұсынан өте бергенімде олар маған телефон соқты. Мен тағы да күтуге тура келетінін айтып, әрі аса бергенім сол еді, су жаңа көлігім теп-тегіс жолдың бойында өзінен-өзі сөнді де, жылдамдық көрсеткіш тілшесі ерсілі-қарсылы зу-зу етіп қозғала бастады. Осы сәтте белгісіз бір күш бойымды билеп алғандай, дереу рульді кері бұрдым. Мәшинем түк болмағандай от алып, зуылдай жөнелді. Мені күтіп қалған адамдарға жеткенше асықтым. Жылдамдықты асырып жіберген едім, МАИ қызметкері тоқтатты. Көліктен түсіп, жедел басып полицейге жақындадым да, ойламаған жерден ауызыма Құдай салғандай, «Үлкен кісінің шаруасымен кетіп барамын» дедім. Ол екі сөзге келместен қоя берді. Баратын үйімнің мекен-жайын шамалап қана білгенім болмаса, нақты көрмеген жерім. Бірақ тоқтамай жүріп, көлігімді бір қақпаға бағыттап келе жатыр едім, ішінен өзімді күткен адамдар шыға келді. Дәуқара батырдың зияратына алғаш рет осылай барып қайттым, – дейді Амангелді ағай.

Орал – Ақтөбе тасжолының орта тұсынан оңға қарай тоғыз километр жерде орналасқан Қоскөл ауылына жетіп, сәл кідірдік. Өзімізбен бір көлікте отырған Нұриланың Қоскөлде тұратын жақын әжесі Зәуреш апайды асқа ала кетуіміз керек. Зәуреш апай  Дәуқара батырдың тікелей ұрпағы Сағит Әмірғалиұлының зайыбы екен.

Нұрила осыдан бір жылдай бұрын Алладан дертіне шипа тілеп, бабасы Дәуқара батырдың басына түнейді. Сол жолы оған малдың өрісінде ашық жатқан батыр жерленген жерді қоршап, басына белгі орнату керектігі жайлы аян беріліпті. Түн ортасынан ауған мезгілде мәшине ішінде жатқан Зәуреш апай сыртқа шығып, «Тұрыңдар, ауылымызға жөнелейік, осы жаңа мәшине есігінің тұтқасын қозғап, терезесін қағып белгі бергендей болды. Енді жата беруге болмас» депті. Нұрила сол сапардан кейін көзіқарақты жандармен ақылдасып, баба басында атқарылуы тиіс іске қам қыла бастайды. Сөйтсе, «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, тап осы шаруаны тындыруға әуелден ниеттеніп жүрген рулас бақуатты ағалары, Құдайға шүкір, баршылық екен. Тіпті 1991 жылдың өзінде байбақтының Әлтекесі ішінде Андас аталығынан тарайтын Орынғали Ғалымов деген кісі «Дәуқара батыр» атты шаруа қожалығын құрыпты. Әке ісін бүгінде ұлы Алмат Ғалымов жалғастырып отырған көрінеді. Сондай-ақ Роман Сүйінішқалиев, Сәкен Хамзин, Талғат Ғалымов, Әлібек Сағынов, Есен Иманалиев сынды Әлтеке ұрпақтарынан бас көтерер азаматтар да аталмыш ұсынысты екі сөзге келтірмей ризашылықпен қоштап, әрқайсысы айтарлықтай үлес қосыпты.

Қоскөлден шығып, Жігерленге төте салатын, айнала ши өскен қара жолдың бойымен асқа ағылған көліктер легіне ілестік. Зәуреш апай өзі келін болып түскен әулеттегі үлкен кісілер жайында әңгімелеп келеді. Атасы, яғни күйеуі Сағиттің әкесі Әмірғалиді жұрт атын атамай, «Молда атаның баласы» дейді екен. Себебі Әмірғалидің әкесі Жалмұхамбет Өлеңті суының бойында, Қырыққұдық деген жерде Қызыл мешіт ұстаған. Жалмұхамбет сол жерден он үш жасар баласы Әмірғалиді ілестіріп, қос өгізбен қарағай тиеп келіп, Дәуқара батырдың басын қоршаған екен. Әмірғали 1887 жылы дүниеге келген. «Атақты Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовпен түйдей құрдас екен. Сонда Дәуқара батыр зиратына осыдан тура 115 жыл бұрын, яғни 1900 жылы бүгінде жойылып кеткен ағаш қоршау тұрғызылған» деп түйдік біз. Қасымыздағы Дәуқара батырдың тікелей ұрпағы Нұрила – осы Әмірғалидің шөбересі. Жалмұхамбет көзінің тірісінде батыр басындағы араб қарпімен жазылған құлпытас мәтінін оқып, кейінгіге түсінікті болу үшін қағазға жазып, ұрпақтарына табыстаған. Әйткенмен, ол жазба бүгінге жетпепті. Бір айта кетерлігі, сол аста журналист Қазыбек Құттымұратұлы қызығушылық танытқан жандарға Дәуқара батырдың көне құлпытасындағы мәтінді тұтастай оқып берді.

Дәуқара батыр қорымының күнбатыс бетінен жүз қадамдай жерде темір тұлпарлар қаз-қатар тізіле қаңтарылған. Қараң-құраң халық жиылып қалыпты. Қазан көтерілген, басында көлбеңдеген қызметшілер байқалады. Қорым қақпасынан енгенде оң жақтағы алаңқайға профлистен көлеңкелік шатыр орнапты. Саясына орындығымен ұзын үстел қойылған. Онымен қатарластыра жерге кілем төселіп, ұзына бойы дастархан және жайылған. Әлден уақытта көліктен түсіп, көпшілікке қарай беттеп келе жатқан Қаратөбе өңіріндегі атақты әулие Едіге Шымырұлының немересі, әнші Мұхит Мерәліұлының Ажар деген қызынан туған жиені, жасы тоқсанға таяған Қайыррахман молда көрінді. Ол – бүгінгі астың арнайы шақырылған құрметті қонағы. Көпшілік батыр зиратының алдына төселген тас үстінде тізе бүгісті. Қайыррахман молда Дәуқара батыр құлпытасының сол жақ жанына кісі бойындай етіп жаңадан орнатылған мәрмәр белгіге қарап, тігінен тұрып баба рухына Құран бағыштады. Кейін Қайыррахман атадан зиярат басында Құран оқығанда түрегеліп тұруының сырын сұрадық. «Құран оқушының түрегеп тұруы – марқұмға деген жоғары құрметтің белгісі» деді үлкен кісі. Қайыррахман ата – дін оқуымен қатар ел мен жердің тарихына қатысты ескілікті аңыз-әңгімеге де жетік жан. Ол кісі «Әкемнің айтуы» деп мынадай әңгімені баян етті.

«Дәуқара батыр іңір қараңғылығында қара қасқа тұлпарына мініп, Жарлының бойымен жортып келе жатыр екен. «Көлеңке секілді бірдеңе алдымнан кесе қараң ете түсті. Қылышымды суырып алып, шауып келіп жібергенімде денем тітіркеніп кетті. Өмірімде қорқып көрген жоқ едім. Өз аруағымды өзім шаптым-ау» депті. Содан көп ұзамай-ақ, Дәуқараны Бармақ пен Баянас екі жағынан келіп түйреген. Сонда «Екеуіне екі сілтеп қалып едім, менің де қолым іліккендей болды. Егер де оларды еліне алып кетсе, мені де елге апарып қоярсыңдар. Егер де еліне алып кетпей, жеткен жерлерінде қалса, мені де осы тұсқа жерлеңдер. Өлсем де, молам тіресіп жатсын» – дейді Дәуқара батыр. Бармақты аманат жерлеп, кейін сүйегін алып кетіпті деседі.

Дәуқараның тоқтасып қалған уақыты екен. Бір жиында Бармақпен кездесіпті. Сонда «Бармақ, Бармақ дегенге дәу біреу екенсің десем...» деп жас батырды қомсынғандай ыңғай танытады. Бармақ «Бәлен жерде кездесерміз» депті. Кейін Дәуқара Жарлының бойымен жалғыз салып келе жатқанда жолын тосқан қос батыр Бармақ пен Баянастың кезігетіні сол екен.

– Бармақпысың? – депті Дәуқара.

– Иә, Бармақпын!

– Қасыңа кісі ерткенің не? Әлде қатынбысың? – дегенде екі жас батыр Дәуқараға қатар ұмтылса керек...»

Бесін мезгілі таяды. Мол жайылған ақ дастархан басына жүз қаралы кісі жағалай жайғасып, ас ішіліп жатыр. Ауыл ақсақалдары, ортақ іске қолдау танытқан ұлтжанды азаматтар елдік намыс, ауызбірлік, тектілік бағытындағы тағылымды әңгімелердің тиегін бірінен соң бірін ағыта түсті. Бүгінгі таң сондай тымық болды. Қазір де батыр жерленген үлкен төмпе басына жиылған адамдар үшін іргеден аққан Қалдығайты өзенінің ауасы мен әбден қурап үлгермеген қыр шөбінің иісі араласып, білінер-білінбес майда самал есіп тұр. Аспан шайдай ашық. Күн тас төбеден келгенде көкжиектен сағым ойнап, ауа қыза түскенмен, күйдіргендей аптабы жоқ. Жігерлен жері сулы өлке болғандықтан, жайпақ ойдымдары жатаған қыраттарға ұласып жататын даласының мал жайылымдық оты мол. Бұл маң көшпелі заманда қазақ руларына жазғы жайлау болған. Шүйгініне қызығып, баса-көктеп келіп қоныстанбақ болған қалмақтарды осы Дәуқара бастаған қазақ батырлары дүбірлете қуып, түріп тастаған деседі.

Ата-бабамыз басынан өткерген жаугершілік заманнан «Байбақты – елдің қалқаны» деген сөз қалыпты. Өйткені, ел шетіне жау тигенде халыққа қорған болар батырлар байбақты руынан көп шыққан. Дәуқара – күллі байбақты руының ұранына айналған ірі батыр. Оның ұрпақ жадында сақталған ұранға шығуы туралы хикаяны аталмыш аста облыстық мәслихаттың депутаты, ұлтжанды азамат Аманжол Зинуллин баяндап берді.

– Бұланты соғысында тама Есет батырдың жасы ұлғайыңқыра­ған шағы екен. Қолбасшылық жасап, төбе басында шайқасты бақылаған кезінде ат үстінде бір қалғып, бір оянып тұрады екен. Сол соғыста менің алтыншы атам Сейтімбет жүздікті басқарады. Сейтімбеттің інісі Сейітқұл елубасы болыпты. Сейітқұл шайқас алдындағы жекпе-жекке шығады. Қарсыласын жеңіп, жүздігіне қарай жете бергенде өзі де сылқ етіп аттан құлайды. Жеңілген қалмақтың ұшына у жағылған найзасы жамбасын сызып өткен екен. Екі жақтың әскері бір-біріне лап қойып, қиян-кескі ұрыс басталып кетеді. Түске таман қазақтың туын жау қоршайды. Сейтімбет әскерін қалың жауға сыналап салып, туға қарай тіке ұмтылады. Әйткенмен, бұлар жеткенше ту құлайды. Сейтімбеттің таңдаулы сарбаздары тудың құлаған тұсын бетке алып, алға оза береді. Ақыры жетіп, жатқан туды Дәуқара батыр іліп, жоғары көтереді. Осы аралықта тудың жығылғанын көрген қазақ қолы шет жағынан селдіреп шегіне бастаған екен. Тудың қайта көтерілгенін көргенде қазақтар рухтанып, тың күшпен қайырылып келіп соғып, жауды ықтырып жібереді. Күн батуға жақындағанда қалмақ қашыпты. Қазақтар жеңеді. Ұрыстан кейін қолбасшыдан туды көтерген жігіт пен сол жүздіктің жүзбасын шақырып шабарман жетеді. Қолбасшы Есеттің алдына келгенде руларын сұрайды. «Руымыз – байбақты. Мен – жүзбасы Сейтімбет, туды көтерген жігіт – Дәуқара» дейді. Сонда Есет қазақтың басқа да руларының қолбасшылары, батыр-билері жиылған халайыққа қарап: «Бұдан былай байбақты руының ұраны Дәуқара болса, қарсылық жоқ па?» дейді. Небір игі-жақсылар Есет батырдың ұсынысын бірауыздан құптайды. Сөйтіп, Дәуқара есімі барша байбақтыға ұран болады, – дейді Аманжол Зейноллаұлы.

Дәуқараның ажалы туралы аңыз-әңгіме нұсқалары бір-бірінен сәл өзгешелікпен әр түрлі өрбиді. Бірақ бәрінің де ортақ өзегінен Бармақтың Дәуқарамен жеке жолығуға дәті шыдамай, қасына Баянас батырды ерткені аңғарылады. Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының тұрғыны, шежірешіл ақсақал Бақытжан Жәлеловтың бұрынғы айтушылардан естіген нұсқасында Дәуқараның жас күніндегі қайраты туралы да баяндалады.

«Дәуқара бозбала шағында нағашылап Әлім еліне барады. Нағашыларының ауылындағы бір айдай сұлу жас қызды сол төңіректің атақты байы зорлықпен тоқалдыққа алмақшы екен. Қыздың жақындары тарапынан әлгі байға қарсы тұрар қауқар жоқ. Сонда нағашылары «Сен бұл елге жиенсің, еркелігіңнің бәрі кешірімді. Болашақ жездеңмен қолдасып ойнап қайтсаң қайтеді?» деп бұла күші бойына сыймай жүрген жас Дәуқараны байға жұмсайды. Дәуқара байға барып, «жезде» деп ойнап, жалаң жұдырығымен салып қалғанда бай тіл тартпастан о дүниеге аттанып кетіпті. Содан ойламаған жерден болған қазаның арты ұлы дауға ұласып, нағашы жұрт әупірімдеп құн төлеп, әзер құтылса керек. Байдың шеңгеліне түспей, аман қалған сұлу қызға ауыл-аймақта көңілі кетіп, сөз салған жігіттер көп екен. Оларға «Сендердің ешқайсыңа тимеймін, өңкей шуылдақ. Өзімді зорлықтан құтқарған жас батырдың етегінен ұстаймын» деп өз қалауымен Дәуқараға жар болыпты. Мұнан кейін Дәуқара ер жетіп, толысып, тұлпар мініп, ту алып жорытып, ел басына күн туғанда талай мәрте қазақтың қолын бастап, жаудың құтын қашырады. Күндердің күнінде Дәуқараның алпыстан асып, тоқтасқан шағы екен. Бірақ тұла бойын кернеген дүлей қара күш үйінде тегін жатқызсын ба, батырды шыдатпастай желік басыпты. Сөйтіпті де, атына мініп, Әлімнің бір атақты байының жылқыларын айдап алыпты. Сонда Дәуқараның айбатына қарсы тұрып, қарымта қайтарар жан табылмағанда байға жас батыр Бармақтың өзі барыпты. «Дәуқара жас күнінде менің бір бай ағайынымды ұрып өлтірген. Бойымда соның кегі бар. Екі шартым бар. Осы сапарда өліп кетсем, құн дауламаңдар және қасыма құрдасым Баянас батырды ілестіріңдер» – депті Бармақ. Қос батыр осы күнгі Баянас өзенінің тұсына жете бергенде Дәуқараның дүңкиген қарасын көздері шалады. Сол мезгілде соңынан қуғыншы ілескенін аңдаған Дәуқара да тізгін тежеп, қарсы қарап тосып тұрыпты. Бірақ батырлар жолыққанда Бармақ жекпе-жекке өзі шықпай, әуелі айласы мол Баянасты салыпты. Батырлар ұзақ алысып, ақырында Дәуқара Баянастан айласын асырып, тамағынан шаншып өлтіреді. Бұдан кейін Бармақ Дәуқараға дем алдырмастан дүрсе қоя береді. Қос батыр беріспей, Жарлы судың бойына дейін шайқасады. Күн бата бергенде екеуі бір-біріне найзасын қатар сұғады. Дәуқараның қасына жігіттері жеткенде батыр аттан түсіп, ақтарылған ішегін ішіне жинап, күректей алақанымен басып отыр екен. «Бармақтың соңынан барыңдар! Найзамның ұшы жоқ. Менің де қолым күрмелгендей болып еді. Сірә, ол да ұзамас» депті Дәуқара. Айтқандай, Бармақ та көп ұзай алмай, атынан құлап, жаны шығып кеткен екен». Дәуқара батыр туралы Бақытжан аға айтатын аңыз осындай.

Асқа тек қана Байбақты ұрпақтары емес, өзге де рудың өкілдері ықыласпен келіп атсалысуы, олардың арасында бүгінде жоғарғы билік басында жүрген азаматтардың болуы, Жігерлен ауылындағы Дәуқара батыр қорымы бетте орналасқан ең шеткі үйдің иесі, алпысты алқымдаған ысық Ермек ағайдың «Бала күнімізде «Дәуқара сенің атаң емес, менің атам» деп талай таласып төбелескен едік» деп есіне алуы, бүгінде сырқатына шипа іздеген көптеген жанның батыр басына келіп түнеп, Алладан жәрдем тілеуі Дәуқараның шын мәніндегі халық батыры екенінің айғағы болса керек.

– Дәуқара батыр ұрпақтарының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүгінгідей іс тындарғаны көңілімізге зор қуаныш ұялатып отыр. Бұл бағыттағы істерге ұйытқы болу үшін арнайы құрылған «Науша батыр» жеке қайырымдылық қоры осынау халық қастер тұтқан жерге келіп, тәу етушілер үшін жайлы жағдай туғызуды өз міндетіне алмақ. Мысалы, биылғы күзден қалдырмай, Дәуқара бабамыздың басына келушілерге ауа райының әр түрлі кезінде ас-суын қамдап іше аларлықтай орын-жай жасақтау жоспарымызда бар, – дейді аталмыш қордың директоры Алтынбек Ермұхамбетов.

Күн екінтіге таман еңкейгенде асқа жиылған жұртшылық бата қылысып, қозғала бастады. Олар болашақта батыр басына кесене тұрғызбаққа уағдаласып тарқасты.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru