Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Едіге ишан

Қаратөбе өңірінің халқы 1850-1926 жылдар аралығында ғұмыр кешкен Едіге Шымырұлын ишан, әулие атап, ерекше қастер тұтады. Едіге ишанның Мұзафар деген ұлынан туған немересі Қайыррахман ата дәл бүгін тоқсан жасқа толды. Ол Егіндікөл ауылында тұрады.

 

Одан атасы Едіге қазірет туралы сұрай қалсаң, «Шырағым, мен айтқым келмейді, өз әкемді, атамды дәріптегендей болармын. Оның әңгімесін халық біледі, елден сұраңдар» дейді. Туған ауылға жол түскен сайын ишан немересіне сәлем бере барғанда «Дегенмен, ата, бүгінде көнекөз қарттар да азайып барады, халқы қадірлеген Едіге ишан туралы қандай ма болсын дерек кейінгі ұрпақ үшін қымбат қой» деген уәжімізді алға тартып, біраз әңгімелерін жазып алдық.

– Атамыз Шымырұлы Едіге 1850 жылы туған, – дейді Қайыррах­ман ата. – Білімді кісі болған. Сегіз жыл Мысырда оқыған. Бес тілде сөйлей білген. Бір кездері діни мәселелер бойынша Тәшкен, Самарқан жерлеріне шақыртылыпты. Қаратөбе совхозын басқарған Құтқожин Ислам деген кісі болды. Ислам басшы кезінде елге келген тілшілер, Алматы жақтан болса керек, «Осы бетте Шымырұлы Едігеден қалған тұқымдар бар ма? Ол кісінің есімі Самарқандағы тасқа алтын әріппен жазылған» депті. Мен ол уақытта елде жоқ едім. Ресей жағында болдым. Біздің тұқымымызды қудалаған. «Молда мен байларды қойдай қу қамшымен» деген заман еді ғой. Діни ұғымды сақтап қалуым Ресей бетінде жүргендіктен, мүмкін болды. Жоғары жаққа кетіп қалғаннан кейін тыныштық болды, ешкім қудалаған жоқ. Сөйтіп, молдалықты ұстап қалдым. Үкімет 1917 жылы құрылды. Мен 1926 жылы туғанмын. Ешқайдан медресе оқығаным жоқ. Беріректе менен емтихан алған имамдар «Оқымадым деп қате айтасыз, сіз оқығансыз» деп шанбады. Мен оларға «Жеті атамыздан бері қарай дін жолындамыз, маған аян берді» деп қайдан айтайын.

Батыста төрт белгілі ишан болыпты: Қуанай қазірет, Қарабура Жұмағали ахун, атақты табын Нұрпеке ишан және біздің атамыз – Едіге ишан. Нұрпеке қазірет пен Едіге ишан діни оқуды алтын шатырхатпен (диплом) бітірген.

Едіге ишан малға бай болмаған. Бір үйір – жиырма шақты жылқы, қырық-елу сиыр ұстаған. Ишанның Базеке деген баласы тоғыз жүздей қой айдаған. Кеңес үкіметі келгенде орташа байға жатқызылған. Бірақ үкіметке астық тапсырып, аман қалған.

Өзіміздің алашамыз, Ығылман тұқымдары – Рақым бай, қала берді Құбай, правитель болған Ақшолақ Сарғожа баласы бастап отыз алты жерден мөр басып, Едіге ишанды арыздаған. Ол уақытта да қазіргі секілді балақтан тарту ғой. Арыз бойынша алтын зерлі погон тағынған төрт кісі Қаратөбеге, Сұлтанғали деген базар бастығының үйіне келген. Сұлтанғалидың арғы тегі – Құлшық, алаша тұқымы. Содан Шымырұлы Едіге келсін деп хабарлама жібереді. Ишан Қаратөбеге жүрерде ауыл жылап қалған. «Өй, босқа жылайсыңдар, ертең қайтып келемін ғой» депті ишан. Қасына «Әй, Мұзапар, кеттік» деп баяғы әкемді ертеді. Шақырған жерге барса, қақпаның алдында бастарына шүлем киген екі милиция винтовкамен тұр екен. Ішке кірейін десе, рұқсат етпейді. «Онда келгенімді бастығыңа хабарла» дейді. Ишан ішке енгенде сап-сары ала киінген төрт кісі отыр екен. Төртеуі бірдей атып тұрып, «Здраствуй, ақсақал!» деп қолдарын созыпты. «Отырыңыз» деп орындық ұсынып, келген шаруасын сұрайды. «Менің ешқандай шаруам жоқ. Сендер шақырттыңдар ғой. Шымырұлы Едігемін» дейді. Осының бәрін таза орыс тілінде айтып береді. Тергеушілер бастарын шайқап, «Қазақ дейтін күншіл халық деуші еді. Рас екен. Мынадай кісіні арыздауға қалай дәті барды екен?» депті. Ишан оқып тастап тұр ғой.

Ишан қайтып келгесін малшы қызметшілерін түгелдей босатыпты. «Шырағым, ақыларыңды алыңдар да, барыңдар. Бұл ел маған күн көрсетпейтін болды» – дейді. «Ойбай-ау, енді біз қайтеміз?» дегендерге «Елдеріңе барыңдар, мен өзім бірдеңе қылармын» деп, малдарын періге бақтырған екен. Сонда Аталықтың Өтеулісінен тарайтын Байтемір деген құрдасы ишанды үш түн бойына сырттай күзетіпті. Есіктен сығаласа, басы да, аяғы да көрінбейтін, ақ жамылған он екі, он үш адам ишанды қаумалай отырады екен. Содан төртінші түн дегенде «Әй, әззәтқан! Байтемір, кір!» дейді ишан. Кірсе, жаңағы кісілердің біреуі де жоқ, жалғыз ғана ишан отыр. «Осымен төртінші түн болды ғой сенің қарағаныңа. Осы көргеніңді мен өлгенше тісіңнен шығарушы болма! Оған дейін тісіңнен шығарсаң, екеуміз мезгілсіз кетеміз» – деген екен ишан Байтемірге.

 

Едіге ата мен Түйме жыланның айтысы

 

Қайыррахман атайдың айтуынша, жыланның да діни білімі, оқуы болады екен.

Бірде атасы Едіге ишанға басы жалпақ сұр жылан тап болып, ысылдап қарсы тұра қалған екен. Ишан «Оһ, мына залым маған қиянат жасайын деп тұр-ау» деп оқи бастайды. Жылан да өз жаратылысына сай ішінен оқып, арбасқан екен. Ишан өлердей болып қара терге малынған. Жылан да ісінген. Сол мезгілде Едіге ата «Бәйбіше-ай, ағытшы түймемді, қылғынып барамын» – дейді. Арбасып тұрған жыланның есімі Түйме екен, ишан атын атағанда жарылып кетіпті. Едіге ата сол кезде барып демін бір алған екен.

– 1976 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ол кезде Ғұмаров Қайрош деген кісі Тұщықарада басқарма болып жасайтын. Совхоз директоры Жүсіп Мәтжанов «Қайрақа, жұмыс жасай бер, Қайрош құрдасың ғой, еңбегіңді аларсың, Таласкөлге орақ қайрауға шық» – деді. Сөйтіп, Таласкөлге бардым. Онда тайыз, бірақ енділеу келген суға күн сайын жуынуға баратынмын. Бір күні су ішінен бір жылан басын қылтитты. Менде атамның оқиғасына байланысты іштей сақтық бар, жағаға шығып кетіп едім, жылан жоғалып кетті. Суға тағы түсіп едім, қайта пайда болды. Осындай жағдай екі-үш күнге дейін жалғасты. Содан жұмыс бітіп, Егіндікөлдегі үйіме келдім. Зекенов Берекет келіп, екеуміз сыртта тұрып біраз әңгімелестік. Шарик деген шағын итім бар еді, балалар сырнай тартса, кереметтей билейтін. Сол келді де, шананың бір жағындағы сүйелген тақтайға тақалып өршелене үрді. Содан Берекетке «Бір айдай болды, мені бағып жүрген бір жылан бар. Осы келіп тығылып тұрған сол болмасын» – дедім. Ол «Туһ! Түу Таласкөлден жылан келе ме, сен де қатырасың» – деді (Таласкөл мен Егіндікөлдің арасы жиырма бес шақырымдай. Автор). «Нанбасаң, қарайық» – дедім. Айтқандай, ұзындығы қарыстан сәл асатын, басында қызғылт дағы бар кішкене жылан жатыр екен. «Ойпырем, ойпырем, масқара екенсің-ай» – деді Берекет таңғалып. Жыланға өзім тие қоймадым да, итіме «Ас!» деп едім, тістеп алып сілкілеп, парша-паршасын шығарды. Аз да болса, оқуым бар, ишан немересімін, бұл жыланның аңдығаны да содан болар. Өзіне зиян жасайды деп ойлай ма екен, кім білсін. Анығы бір Аллаға аян, – дейді Қайыррахман ата.

 

«Құлағын кесіп, құнтит, мұрнын кесіп, шұнтит»

 

– Жомарт алаша Сары алашадан тарайды. Жомарт алаша Ығылманның байлығын Есенгелдіден бір тайы кем екен деп айтады. Ығылманның баласы Рақым да бай, болыс болыпты. Соңынан үкімет келердің алдында Құбай дейтін және бір баласы болыс болған. Едіге тоғайының бер жағында, кіші Қоскөлдің ар жағында шағылды айналып жүргенде Мүсірәлі, Есбол аталатын тоғайлар бар. Мүсірәлі – Жұмай баласы. Жұмайдың тұқымдары – Мүсірәлі, Қарабас, Әсірәлі, Дербіс. Бүгінде бұлардан тараған ұрпақтар бар.

Бірде Құбай қасына бір кісі және қызылқұрт Мұқаш дейтін полицейді ілестіріп Мүсірәліге келіп түседі. Болыс келді деп қарсылап, қонақ етеді. Таңертеңгілік жолаушылар жүрерде Мүсірәлі:

– Әлде де қонақ болмайсыңдар ма? – депті.

– Жоқ, тығыз шаруамыз бар.

– Ол қандай шаруа?

– Осы жерде Едіге дейтін бар көрінеді. Сол баяғы Ығылман атамыздан бері қарай казино төлемеген екен (казино – салық). Содан бері жинақталған казиноны сұрайын деп келеміз.

– Атаң Ығылманнан бері жинақталып келе жатса, сол Едекеңді неғыласың, – депті Мүсірәлі.

– Әне, осындай сөздерің ғой сендердің осы уақытқа дейін төлемей келгені, – деп Құбай Мүсірәліні тыңдамай, күшіне міне түседі.

Ақыры полицей Мұқаш пен бір кісіні бес шақырымдай жерде отырған Едіге ишанға жібереді. Таңертеңгілік уақыт, екі кісі ишанға сәлемдесіп кіріп барғанда: – Жоғарылатыңыз, қонақ болыңыз, – дейді.

– Жоқ, біз қонақ болмаймыз.

– Әй, не болып қалды?

– Құбай дейтін болысың Мүсірәліге келіп түнеді. «Едіге Ығыл­ман атамыз болыс болғаннан бері қарай казино төлемеген екен. Соны төлесін» дегенін сізге айта келдік, – депті.

– Қой, олай демеген шығар, – деп ишан үш рет айтқан екен.

– Жоқ, тап солай деді.

– Әй, Ұштап?! – депті сол кезде ишан, – Мына ат Мұқаштың құлағын кесіп, құнтит та, мұрнын кесіп, шұнтит.

Ұштап – ишанның кіші әйелі, Кенжеғараның қызы. Ишанның өзінің де бес аспабы ілулі тұрады екен. Бірақ ретсіз қолдана бермейді.

Ұштап әйел болса да, қайратты, полицейді алып ұрып, қатты кеспегенмен, құлақ-мұрнынан аздап қан шығарады. Сонда Мұқаштың қасындағы кісі қашып кетіпті. Едіге ишан: – Сен осы қай Мұқашсың? Қатын алып, ер болуға да жоқсың, үйір ұстап, айғыр болуға да жоқсың. Сен ат Мұқашсың ғой. Сөзге еріп неге келдің? Ана қызыл шұнақ құл Құбайға сәлем айта бар. Оның баяғы бір уақытта сол атасы Ығылман Гурьевке қарай кетіп бара жатып, аты болдырып қалғанда менің қара ат шанамды жегіп кетіп еді. Атасы жер астында жылап жатыр, әуелі сол борышынан құтылсын, – деген екен. Содан Мұқаш «Ығылманның уақытында мұндай болған жоқ едім, Рақымның уақытында да мұндай болғаным жоқ. Сенің уақытыңда мен осындай болдым, Құбай» – деген екен жылап барып. Сонда Мүсірәлі «Ол Едіге деген алмас қылыш қой, таңертең айтпап па едім сендерге. Аталарың одан казино алуды білмей жүрді деп пе едіңдер?» – деген екен.

 

Едіге ишан қажыға барғанда

 

Қажыға барушыларды бәдәуилер түйемен келіп тонайды екен. Едіге ишан қажыға барған кезде қарақшылардың ішінен бастығын тауып алып, сөйлесіп, сапарластарын арашалап қалатын көрінеді. Қарақшылар Шымырұлы Едіге деп ишанның атын айтқандарды қанша болса да тиіспей, босатып жібереді.

Меккеге барғанда «Шымырұлы Едіге келді ме?» деп сұрап, «халық жиналғанда қирағатты соған оқыту керек» дейді екен.

 

Едіге ишан мен Жаһанша Досмұхамедов

 

Жымпиты өңірінде Жаһанша Досмұхамедовтың қатысуымен өткен бір жиынға әкем Мұзафар ишан атама ілесе барыпты. Жиында Жиенәлі би:

– Тана – елдің қазығы,

Байбақты – елдің қалқаны,

Қызылқұрт – елдің жыршысы,

Алаша – көп, әйткенмен, бірлігі жоқ алауыз, аламан, – деп қолына ұстаған жиырма бес сомдықты сермей сөйлепті. Ол уақытта жиырма бес сом он ірі қараның құны екен.

Сонда топ ішінде отырған Едіге ишан Жаһаншаға қарата: «Жәке, рұқсат болса, бір ауыз сауалым бар еді» – дейді. Жаһанша: – Рұқсат, Едеке, сұраңыз, – депті. Ишан: – Жиенекең дұрыс айтып тұр. Тана елдің қазығы екені рас. Байбақты елдің қалқаны екені рас. Қызылқұрт деген елдің жыршы екені рас. Алаша деген елдің көп екені де рас, аламан екені де рас. Сегізек Танасы Еменжелкені өлтіріп, құн бермей кеткен мына Қарасайлардан не сұрайсың, сол аламандығы емес пе? – деген екен. Жаһанша «Ғалым алдында ауызыңды тый» деген, осымен сиез жабылсын» – депті. Жаһанша ишанның қандай адам екенін біледі, қатты сыйлап тұрғаны ғой. Әйтпесе, қанша айтқанмен, ол хан, сөйлетпей тастаса да, хақы бар еді.

 

«Ишанды сотқа берем деп...»

 

Едіге ишанды өзіміздің ағайын Ығылман балалары мен правитель Ақшолақ Сарғожа баласы сотқа берген. Ақшолақ өздігінен Едігені сотқа берейін демепті, ондай іске інісі Тапайдың айтуымен барған. «Ешкімнен жамандық көрмеп едім, бар қорлықты інім Тапайдан көрдім. Едіге ишанды сотқа берем деп бағым қайтты-ау» депті Ақшолақ. Ишанды сотқа берушілер «Әр жерде билік жасайды, сөз бермейді, алдына барған кісілерді ұрып-соғады, ұры ұстайды» деп жала жауып, ғайбаттаған. Шындығында, ишан ұры ұстамаған. Оның үш әйелі болған. Соңғы әйелінің жағынан балдыздары кілең ұр да жық, ұрлық жасап, Қалдығайты бойындағы ишан отырған жердегі Қосарал деген аралға келіп тығылатын көрінеді. Ишанды паналайды, сол жаққа кетті десе, оларды ешкім қудаламайды. Ұры ұстайды деген әңгіме осыдан шыққан. Ишан Аталықтың Кенжеғарасынан, Өтеулісінен, Жанқарасынан – кілең ірі жерден әйел алған.

 

«Құтеке, саған не болған?»

 

Қаратөбе жұртшылығына танымал Құтқожа сынықшының ешкі бағатын аты жоғалады. Әрі-бері үш күн іздеп, таба алмайды. Содан Құтекең шаршап жатса, Едіге ишан түсіне еніп, «Әй, Құтеке, саған не болған, маған атыңды бақтырып қойып? Алып кет!» депті. Содан Құтқожа сынықшы «Ойбой, қартты ұмытып кеткен екенмін ғой, астапыралла!» деп, таңертең Құран оқып жіберіп барса, аты ишан мәйітінің қасында тұрған көрінеді.

 

«Батасы бар шәй ма? »

 

Қайыррахман атайдың айтуынша, атасы Едіге ишан басына шалма орап, үстіне ақ мұнара шапан киіп, белін төрт елі күмістелген дел­бетпен буынып, ақ жорға мінетін ұзын бойлы, ақ кісі екен. Жолға шыққанда бәйбішеден туған кенже баласы Мұзафарды ілестіріп жүріпті. Бірде ертеңгілік уақыт болса керек, жолаушылап Жарман қазіреттің үйіне тоқтайды. Сол кездің салтымен «Хабарласатын кім барсың?» деп киіз үйді қамшысымен түрткенде Жарман қазірет шыға келіп, «О! Едеке, қош келесіз, шәйға кіріңіз» дейді. «Апырмай, Жәке, шәйға кіруге болады ғой. Бірақ сол шәйдың батасы бар ма екен?» – депті Едіге ишан. Жарман қазірет «О!..» деп тосыла түсіп, ішке еніп кеткен екен. Сол кезде Едіге қазірет «Әй, Мұзапар, болмады, кеттік» деп жүре беріпті. Содан олар бесін ауа Тұрдығұл деген жерде отырған Наурызбек ишанның үйіне жетеді. «Хабарласатын кім барсың?» дегенде Наурызбек ишан шығып, «О! Едеке, ассалаумағалейкум! Үйге кіріңіз, шәй әзір тұр» депті. «Ол шәйға кіруге болады ғой, сол шәйдың батасы бар ма екен, Нәке?» дейді Едіге ишан. Наурызбек мұрны пышықтау келген кісі екен. «Е, Едекем-ай, соны өзіңіз біліп тұрсыз ғой, жорта сұрап тұрсыз ғой» – деген екен мұрнынан сөйлеп. «Дегенмен шәйға бата оқуға да болады, оқымауға да болады» дейді содан соң. «Ол неліктен?» деп сұрайды Едіге қазірет. Сонда Наурызбек ишан «Шәй деген су. Бірақ алпыс екі тамырдан шыққан ақ құйғандықтан, оған бата беруге болады» деп жауап берген екен. Едіге ишан «Пышығым, жарайсың!» деп ішке кіріпті.

1926 жылы Нарөлген деген жерде Қайыррахман атай дүниеге келгенде есімін қойған сол Наурызбек ишан екен. Едіге ишан сол жылы күзге таман салт атпен шағылдан өтіп, баласының қонысына келеді. Баласының сәлемін алғасын, «Әй, Мұзапар, осы бір күшікті болды» деп еді ғой, қалай, денсаулығы жақсы ма? – деп сұрайды.

– Жақсы, жақсы, әке...

– Есімі кім қойылды?

– Есімі Қайыррахман қойылды.

– Ой, астапыралла, астапыралла, астапыралла, – деп үш рет айтқан ишан – Бұл есімді кім қойды? – депті.

– Наурызбек ишан қойды.

– Ай, ол Пышекең біледі, Алланың қайыры мен рахманы болсын деген мағына береді бұл Құран тілінде, Пышекең біледі, – деп қайталаған екен ишан.

 

Едіге әулиеге немере, әнші Мұхитқа жиен

 

Қайыррахман ата бір шешіле әңгіме айтқанда, оның анасы Ажардың үш жүзден ән оздырған атақты Мұхит Мерәліұлының қызы екенін естіп, елең еткеніміз бар еді. Сол жайында тереңірек білгіміз келді. Асылдың сынығындай тектінің ұрпағы бола тұра, табиғаты мақтаннан аулақ абзал қария «Шешемнің есімі – Ізгі. Мен алты жасымда дүние салды. Ащысай деген жерде бейіті бар» деп бастады әңгімесін. – Нағашы атам – Жанбақ, негізгі есімі – Рахымберлі, сұпы болған кісі. Сұпы деген – молдалықпен де, дүниенің өсек-аяңымен де ісі жоқ, алаңсыз оқып, білімін жетілдіруге бет қойған адам. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атамыздың жерасты құлшылығындай, олар да өмірлерін тек құлшылыққа арнаған жандар. Нағашымды көрдім. Басына арты жабық тымақ, үстіне кең күпі киіп жүретін ұзын бойлы, иықты кісі болатын.

Осы жерден әңгімені бөлуге тура келді. «Ал, Ажар деген кім еді?» деймін таң-тамаша болған мен түсініңкіремей.

– Ә-ә... негізі Ізгі деген – екінші шешем. Ажар анамнан алты айлығымда қалыппын, – дейді Қайыррахман ата сабырлы қалпынан танбай. – Мені дүниеге әкелген анам – Ажар. Ол – әнші, төре Мұхит Мерәліұлының қызы. Мені босанғаннан кейін алты айдан соң көз тиіп қайтыс болыпты. Әкем теріс қарап, «Ажар десе, ажар еді-ау» деп жылап отыратын. «Әке, кімді айтып отырсың?» деп сұраймын. «Сенің шешеңді айтамын. Ишан әкем «Әй, Мұзапар, бір келін түсірмейсің бе?» дегенде, «Мен қарадан алмаймын, төреден аламын» деуші ем» деп еске алатын әкем.

Ажар әнші, шашының ұзындығы өкшесіне жеткен, өте сұлу адам болыпты.

Өз атасы атақты Едіге әулие, нағашы атасы үш жүзге танымал әнші Мұхит болғасын, Қайыррахман атай да жасынан алғыр әрі зерек, өнерге жақын болып өседі. Ол жетінші сыныпты бітіргесін Оралдағы ауылшаруашылығы мамандығына даяр­лайтын техникумның зоотехникалық факультетіне оқуға түседі. Техникумдағы сабақ үлгерімі өте жақсы болады. Алайда не бары жеті ай оқығаннан кейін әкесі Мұзафар соғыстың басталуына байланысты оны елге алып кетеді. Қаладан ауылға қайтарда Қайыррахман атайдың Оралда тұратын нағашысы Сейіт Жүсіпұлының үйіне соғады. Жүсіп – Мұхит әншінің баласы. Сейіт жас баланың зеректігін байқап, «Әй, Мұзапар, баланы маған тастап кет. Мен оқытайын» дегенде, әкесі «Ажардан қалған жалғыз еді, тастай алмаймын» депті.

Жас шәкірт оқудан қол үзгесін буыны қатайып, есейгенше ауылда болады. Ер жеткесін Шығыс Қазақстан облысындағы түсті металл өндіретін жерде, кейін Қарағандыдағы көмір өндірісінде шахтер болып еңбек етеді. Әкесі ұлғайғасын елге оралып, өзінің туған ауылы Қаратөбе кеңшарында мал бағады. 1971 жылы Егіндікөл ауылына қоныс аударып, құрылыс цехында, кейін шеберханада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.

Қайыррахман ата жас күнінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ берген. Оқушыларға домбыра үйреткен. Өзі де шырқатып ән салып, күй тартыпты. Оның заман талабына сай жоғары білім алуға қолы жетпегеніне сәл өкініші бар. Әйткенмен, жасында қай кәсіпті қолға алса да, жұмысшылардың алды болып, өз ортасында зор беделге ие болған. Атайдың шет жерлердегі бастан кешкендерін айта берсе, ауылдастарының өзіне беймәлім қырлары мен қызғылықты жәйттері салмақты бір кітапқа жүк болғандай. Оның молдалығынан бөлек, қолының шеберлігі, көпшілік біле бермейтін сынықшылық қасиеті бар. Ұл-қыздарынан немере-шөбере көріп, Кенжеғали есімді кенжесінің қолында Құдай қосқан қосағы Күләш әжеймен бірге көненің көзіндей болып, ауылының қазыналы қартына айналып отырған жайы бар.

 

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru