Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Есенаман тауы

Балабақшаға барып жүрген бүлдіршін шағым. Тәрбиеші Меңдібике апай бізді құм үстінде ойнатқанда төрт түліктің ізі қалай түсетінін үйретіп, ертегі-әңгімелер айтып береді.

 

Ол сұқ және ортаңғы саусағын ортасынан бүге құмға батыра қойса, қойдың ізі пайда болғандай еді. Ал екі алақанын білекке жақын тұсынан жанастыра, саусақтарын доға пішінінде бүгіп басса, құм бетінен аумаған түйенің ізін көресіз.

Меңдібике апай жаздың жайма-шуақ бір күнінде «Бүгін Есен­аман тауына барамыз. Түскілікті сонда, далада ішеміз» деп, біз үшін телпегімізді аспанға атқандай қуанышты хабар айтты. Сірә, «Есен­аман тауы» деген атауды осы жолы алғаш рет естіген шығармын. Кідірмей, балабақша жанына автобус келіп тоқтай қалды. Көлік толы бүлдіршін «Еліміз қандай көңілді, Жеріміз қандай көңілді, Жырлаймыз шаттық өмірді» деп қосыла шырқап, Есенаман тауын бетке алып, зырлай жөнелдік.

Ауылдың солтүстік-батысына қарай, Сегізсай мен Қасқыртау­дың аралығын бағыттап, бір-екі қырдан асып түскенде Есенаман тауына да жетіп келдік. Табиғат аясында асыр салған алаңсыз ойынға кірістік. Бірнеше бала қол ұстасып, жоғарыдан төмен жүгіре түскенімізде ылди екпінімізге екпін қосып, аяғымызды апыл-тапыл шаққа алып үлгереміз. Жүрегіміз лүпілдеп, алып-ұшқан сайын қызық көрініп, жоғары өрлеп, төмен қарай қайта құлдыраңдаймыз.

Біздің қырда заңғар, биік таулар жоқ. Есесіне бел-бел қыраттың әрқайсысы тау деп атала берген. Баяндап отырған жоғары-төмен мініп түскен жеріміз болса, бала көңілімізде, шынымен, тауға өрмелегендей әсер қалдырғаны анық. Осы күнде есіме алсам, ол ауыл шетіне жақын, атақты Құныскерей үңгірі орналасқан Мессайдың жоғарғы басы, әлде аты айтып тұрғандай, сегіз терең сайдан өтіп баратын Сегізсай ауылына дейінгі сайлардың бірі ме екен деймін. Иә, сол «таудың етегіне» таман өскен қарағаны, жақын маңайда талы болған еді ғой. Біздің жақта қарағандар сай ішіне бітеді. Тал дейтінге келсек, Есенаман тауы бетінде Сегізсайдың сайларын айналдыра отырғызған екпе талдар ғана өсіп тұр. Қараталдың қалың орманы болса, қырда емес, ауылдың күншығыс бетінде орналасқан.

Ауылымыз – Егіндікөл. Егіндікөл мен Сегізсайдың арасы он екі шақырым. Осы аралықта көлденең көсіліп қатарынан сегіз сай жатыр. Ұзына бойы созылған ол сайлардың бір басы Есенаман тауы бетінен бастау алса, келесі басы аңызға айналған атақты Аққұмға қарай барып тіреледі. Сай іргелеріндегі екпе талдар, жабайы жеміс ағаштары, итмұрын секілді табиғи дәрілік өсімдіктері, зерттелмей жатқан тарихы да көптеген тағылымды әңгімеге арқау болғандай.

Әлқисса, Есенаман тауына барып, асыр салып ойнаған сол бүлдіршін шақта, кейін есейе келе қойкезекке шығып, ауылдың қойын талай мәрте сонау маңға жайған кезде де, тіпті осы күнге дейін ол жердің аты бұдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген Табын руынан шыққан батыр Есенаманның есіміне қатысты қойылғанын білмеуші едік. Жер-судың байырғы атауларына қатысты тарихтың жергілікті халық жадында күңгірт тартып, көмескілене бастаған тұсына жарық сәуле түсіргендей болған «Орал өңірі» газетінің биылғы №4 санында жарияланған, жазушы Құрманғазы Қараманұлы жазып алған Науқан молданың әңгімесі еді. Онда молда былай дейтін:

«Табында Қара батыр, Бөкенбай, атақты Есенаман тұқымдарымен батыр болған. Осы бетте Есенаман тауы дейтін тау бар. Бөкенбай, Қара батыр – Есенаманның арғы бабалары. Заманында жеті атасының бәрі батыр болған. Бөкенбай Қара батырдың қалмақ қатынынан туған. Аққұм жақта Жиембет Жәшидің талы (Жәши деген кісінің Табын руының Жиембет бөлімінен тарайтынын айтып отыр), әрі қарай Есенаман тауы, жаңа айтқандай, бұлардың арғы бабалары Қара батыр, Бөкенбай асқан батыр кілең. Ту ұстап, тұлпар мінген».

Табын Қара батыр ұлы Бөкенбай жазушы Әбіш Кекілбаевтың Әбілқайыр хан туралы «Үркер», «Елең-алаң» романдарында басты кейіпкерлердің бірі ретінде жан-жақты суреттелген. Онда Бөкенбай батыр хан қасында аса ықпалды, халық алдында да ерлігі және мәрттігімен соншалықты абыройлы, айбынды тұлға ретінде бейнеленеді. Әсіресе, жоңғар-қалмақтардың езгісіне тап болып, тұтас қазақ ұлтының басына бұлт үйірілген Тәуке хан тұсындағы алмағайып заманда ел-жұртын ерлікке үндеп, аруақ шақырып, атойлап шығып, қауіпті жаудың бетін қайыруы айрықша сипатталады. Бөкенбай батырдың дәл осы ерлігі көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің қаламына да арқау болды.

«Дүрбін-Ойрат тарабынан қайтадан қатер туғанын аңдаған Тәуке хан 1710 жылы Қарақұмда бүкіл Қазақ Ордасының құрылтайын шақырады. ...Бас қолбасы болып Бөкенбай батыр сайланады. Қазақ Ордасының тарихында тұңғыш рет ұлыс тағдыры ханға емес, сұлтанға емес, қара қылыш батырға тапсырылады. 1710-1711 жылдардағы дүрбелең майданда Бөкенбай батыр бастаған қазақ әскері қалмақтарды тойтарады, келесі 1712 жылда ойрат ұлыстарының шегіне басып кіреді, біраз қоныстарын қайтарып, үлкен жеңіске жетеді». Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде осылай деп жазады. Ресей мұрағаттарында Бөкенбай батырдың қайраткерлік тұлғасын танытатын мол дерек сақталған. Бөкенбай батыр тарихына Ресейдің және Қазақстанның көптеген беделді тарихшы-ғалымдары қалам сілтеген. Оның ұлы Тіленші тарханның Сырым Датұлымен тізе біріктіріп, патша үкіметінің озбырлығына қарсы күресуі де қазақ тарихындағы ірі оқиғалардың бірі. Ал Тіленші тарханның ұлы Жоламан батырдың есімі мектептегі «Қазақстан тарихы» оқулығы, Кеңес дәуірінде «Қазақ совет энциклопедиясы», көркем әдебиеттен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы секілді салмақты туындылар арқылы көпке мәлім. Жоламан батыр тақырыбын тарихшы Ермахан Бек­маханов жүйелі түрде зерттеген. Іздене келгенде, осы мақаланы жазуға арқау болып отырған, туған ауылымның маңындағы таудың атын иеленген Есенаман батыр нақ осы тарихтағы әйгілі Жоламан батырдың бірге туған бауыры екеніне көз жеткіздік.

«Арғы атамыз – Қарабатыр, оның ұрпағы – бергі атамыз Бөкенбай ел бірлігі үшін туған жерінің тағдыры мен ұрпағының бостандығы үшін, бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізген болса, одан кейінгі оның Тіленші батырдан тараған ұрпағы Жоламан да, Есенаман да елі үшін, халқының тәуелсіздігі үшін ат үстінен түспей өткен батырлар. Бұлардың атындағы жер-су атаулары Есенаман тауы, Жоламан көлі осы Сегізсай, Аққұм алқабында жатыр» депті Бөкенбай батырдың тікелей ұрпағы, 1901 жылы Сегізсай ауылында дүниеге келген Ахмади Тасымұлы өз естелігінде. Дерек белгілі тарихшы мамандардың ғылыми зерттеулер мен мұрағат деректері негізінде басылып шыққан «Баһадүр батыр Бөкенбай» атты көлемді жинақтан алынды. Аталмыш кітапта филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев «Бөкенбай батырдың туған жылы, нақты туған жері белгісіз, шыққан ру тармағына қарап біз оны Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданындағы Аққұм аймағында деп шамалаймыз» дейді. Осы орайда «Қазақстан-Орал» телеарнасының қызметкері Мұнайдар Балмолда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бөкенбай батыр туралы «Аққұмнан шыққан ақберен» атты тарихи деректі фильм түсіргенін айта кету керек.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтардың баспасөз бетінде жарияланған «Жоламан батыр: «Мен қарақшы емеспін, Ресеймен соғысып жүрмін» атты мақаласы арқылы Жоламан Тіленшіұлына қатысты Ресей мұрағат деректерінде Есенаманның да есімі сақталғанын білдік. Өңірімізге белгілі тарихшы Жәнібек Исмурзин біздің өтінішімізге орай Бөкенбай батыр, оның ұлы батыр әрі би Тіленші тархан, Жоламан және Есенаман Тіленшіұлдары жайлы мол дерек ұсынды. Солардың бірқатарына тоқталайық. Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының мүшесі, Орынбор казак әскерінің штабында қызмет еткен есауыл Сергей Севастьянов Орынбор казачествосының тарихын жасақтаған. Ол суреттеу стилі жағынан көркем шығармаға бергісіз «Иван Васильевич Подуров» атты тарихи-биографиялық очеркінде біздің кейіпкерлеріміз Жоламан және Есенаман батырлар туралы қызықты сюжеттер келтіреді. Табын Есенаман батыр есіміне байланысты нақты құжаттық деректі Мәскеу-Ленинград қалаларында М. П. Вяткиннің редакторлығымен даярланып, 1940 жылы баспадан жарық көрген «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828гг)» атты еңбектің 450-бетінен көруге болады.

Сергей Севастьянов жоғарыда аталған еңбегінде Жоламан батыр қазақ халқының қамы үшін аянбайтын күрескер, әділ әрі турашыл би, осы қасиеттерімен өз халқының ерекше ілтипатына ие, ол туралы әлі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатқан жырлар бар екенін жазады. Ал Жоламанның атасы Бөкенбай туралы «Бөкенбай батыр» дастаны ауыз әдебиеті үлгісі ретінде күні бүгінге дейін сақталып жеткен. Уақытында оны шығарып, жырлаған көптеген батырлар жырының авторы, соның ішінде «Қобыланды батыр» жырының дербес нұсқасын берген, 1865-1935 жылдар аралығында өмір сүрген Тілеумағамбет Аманжолұлы екен.

...Бала күнімде әкеммен бірге Серік Бексұлтанов есімді көршіміздің шаңырағында, дастархан басында отырғанымызда Жоламан батыр жайында қозғалған бір әңгіме есімде қалыпты. «Жоламан батыр Сегізсай мен Егіндікөлдің арасындағы төртінші сайдың тұсында, екінті кезінде бір ағаштың көлеңкесінің ұшын белгі қылып сауыт-саймандарын көміпті» деген еді Серік аға.

Төрттің сайы. Оқушы кезімде «Абай жолын» оқып отырып, романның бас жағындағы балалардың бүлдірген теруге баратын тұсына жеткенде көз алдыма елестейтін төртінші сай еді бұл. Төртінші сайда бүлдірген өседі. Оған ауылдағы қыз-келіншектер мен ересек балалар аттылы-жаяу барып, тәтті жемістен шелек толтыра теріп қайтатын.

Бүгінде әкем де, Серік көрші де о дүниелік болған жандар. Ауылға демалысқа барған сәтімде жоғарыда айтылған әңгіменің анық-қанығын Серік ағайдың зайыбы Айбарша апай молырақ білер деген оймен көрші үйге бас сұқтым. «Жоламан батыр – Серік ағаңның нағашы жұрты ғой» деп бастады Айбарша апа әңгімесін. Сөйтсек, Серік көршінің анасы, өзіміз көзін көре қалған Ағила әжей Жоламан батырдың шөпшегі екен. Айбарша апа «Енемнің әкесінің есімі – Қайырғали, оның әкесі – Имаш, оның әкесі – Жәши, Жәшидің әкесі – Жоламан. Бұлар табын руынан. Енем Жәшитал арғы атасының есіміне байланысты қойылған атау екенін, бабалары Қалдығайты бойы, Қаратал орманы, Жәшиталды қоныс еткенін айтып отыратын» – дейді.

Ағила әжей 1923 жылы дүниеге келіпті. Әкесі Қайырғали бұрынғының салтымен екі әйел алған ауқаттылау адам болса керек. Кеңес үкіметінің адамдары «Әйел басына бостандық, теңдік әпереміз, ескіліктің қалдығы – байларды құртамыз» деген желеу­мен Қайырғалиды кейінгі алған әйелімен бірге Ресейге жер аударады. Үш жасар Ағила анасымен бірге елде қалады. Кейін анасы алаша руының бір азаматымен бас қосады да, Ағила алашаның қызы болып өсе береді. Бой жеткенде алашаның Сары бөлімінен тарайтын Нұғыман есімді адаммен отау құрады. Нұғыман мен Ағила жастау кездерінде Қаратөбе ауданының Қоскөл кеңшарына қарасты Шалғын ауылында тұрады. Бірде Ағила әжей қонақтықтан кешігіңкіреп үйге жетсе, бір бейтаныс қарт «Ері есіктен шықса, әйелі тесіктен шығар деген осы ма екен, бұл не масқара үйге тұрмағаны?» деп кейіңкіреп сөйлеп отыр екен. Сөйтсе, әлгі қарт қызын іздеп, Ресей жерінен келіп отырған Қайырғалидың өзі екен. Бұрынғы көзкөрген адамдардың сырттай білгені болмаса, Ағилаға анасы да, өзгелер де «Сенің өз руың – табын, әкең жер аударылған» деп ешкім тіс жармапты. Әйтсе де, жолдасы Нұғыманның бұл жәйттен хабары бар екен. Ағила мән-жайды естігенде қатты таңырқап, біразға дейін қалпына келе алмапты.

Қайырғали Ресей жағында жүргенде Құсайын есімді ұлы дүниеге келіп, сонда өсіп, ер жетеді. Құсайын еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаң шақта атақонысына келіп, төртінші сайдың тұсына қыстау, қора салып, мал бақты. Ауыл адамдарының арасында фермер Құсайын атанды. Аналары бөлек болғанымен, әкесі бір Ағила апасына қыстың көзі қырауда қатынап тұратын. Бастауыш сыныпта оқыған кезімде сабақтан шығып, үйге таяй бергенде көрші үйдің жанында танауынан буы бұрқырап шанаға жегілген ат тұрса, оның қасында арыстандай болып жүндес сары төбеттер жатса, төрттің сайынан Құсайын фермердің келгенін білу қиынға соқпайтын. Сол уақытта Ағила әжей отбасында ғана аталарының бай, текті адамдар екенін айтып отыратыны болмаса, ол кісілердің Қазақ тарихындағы атақты Бөкенбай, Жоламан батырлардың тікелей ұрпағы екенін көпшілік қайдан білсін.

Айбарша апай айтқан Жоламан батыр ұрпақтарының шежірелік дерегі Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Бөкенбай Қарабатырұлы, Тіленші тархан Бөкенбайұлы, Жоламан батыр Тіленшіұлы жайлы көптеген ғылыми еңбектердің авторы Нұржан Жетпісбай берген «Потомки Тленчи тархана» деген атау­мен сақталған мәліметке сәйкес келеді. Бұл тарихи-мұрағаттық құжат 1870 жылдың 16 наурызында арнайы тапсырмамен Орынбор генерал-губернаторынан Ресейдің ішкі істер министріне жеткізілген. Дерек Ресей мемлекеттік тарихи архивіндегі 1291-қор, 82-1869-тізбе, 48-істің 9-11-парағында сақталған. Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында 2300-қор, 14-тізбе, 40-іс болып, фотокөшірме күйінде хаттаулы тұр. Онда кейбір Тіленші тұқымдарының сол уақытта неше жаста болғаны да тайға таңба басқандай анық көрсетіліпті. Нұржан Ықсанұлы аталмыш еңбекті жекелей ізденісінің нәтижесінде Тіленші Тарханның арғы тегі және оның бүгінгі ұрпақтарына дейін толықтырған. Ол дерек бойынша табыннан Тарақты, Тарақтыдан Ақдәулет, Амандәулет, Асандәулет (Жылқышы) тарайды. Амандәулеттен Жиембет, Жием­беттен Жалтыр, одан Қара батыр, Қара батырдан Бөкенбай туады. Бөкенбайдан Мәмбет, Тіленші, Бейбіт батыр, Бүркіт, Қасболат өрбиді. Тіленшіден Едіге би, Бостыбай би, Жоламан батыр, Есен­аман, Әжібай, Әбдіғалиді таратады. Осы мақалаға тікелей қатыстысына тоқталар болсақ, мұрағатта сақталған дерек бойынша, Есенаманның он ұлы болған. Олардың тұңғышы Еламан 1870 жылда 75 жаста болса, Құдайберген 64-те, Тоқпан 60-та, Аманжол 58-де, Ақпан 55-те, Төрежан 43-те, Әбдірахман 42-де, Төребек 41-де, Өтеулі 40-та, Есенаманның оныншы ұлы Қодардың жасы көрсетілмепті.

Жоламан батырдың бес ұлы көрсетілген. Тұңғышы Онбай сол уақыттың өзінде қайтыс болған. Онбайдан Алман есімді ұл болған. Жоламан батырдың екінші ұлы Жәши 1870 жылы 60 жаста екендігі көрсетіліпті. Бұдан Жәшидің 1810 жыл шамасында дүниеге келгені белгілі болды. Жоламанның үшінші ұлы Өте 55 жаста, Өтенің ұлы Шағар 16 жаста делінген. Батырдың төртінші ұлы Бейсенбі 50-де, ал бесінші ұлы Үркімбай 25 жаста деп жазылған. Жәшиден төрт ұл таратылыпты. Олардың бірі – Өзбек сол уақытта 21 жаста болса, Жәшиұлы Имаштың жасы жазылмаған. Жәшитал мекенінде жеке шаруашылықпен айналысқан егіндікөлдік Қыдырғали Құрманғалиевтің айтуынша, бұл өңірді әуелден табын руының адамдары жайлаған және Қаратал мен Табантал аралығындағы ұзына бойына созылған орман-тоғай осы Имаштың атымен аталады. Имаштан Қайырғали, Қайырғалидан, жоғарыда баяндағанымыздай, Ағила есімді қыз, Құсайын есімді ұл тарайды. Жәшидің бір баласы Әбілештің 10 жаста екені көрсетілген. Осыдан Әбілештің 1860 жыл шамасында дүниеге келгенін біле аламыз. Жәшитал жақта Әбілеш тоғайы, Әбілеш тоғыты деген жер атаулары әлі күнге дейін сақталған. Деректе Жәшидің тағы бір ұлы Әбдіхалықтың 15 жаста екені көрсетіліпті.

Әбілештен Аманғали, одан Ақас туады. 1937 жылы Шыңғырлау ауданы Сегізсай ауылында дүниеге келген Ақас Аманғалиев КСРО кезінде Мәскеуде және көптеген шетелде болып, мемлекет қауіпсіздігі саласында аса жауапты қызметтер атқарған. Бүгінде марқұм болған полковник Ақас Аманғалиұлының есімі көпке танымал, жерлестері алдында үлкен абыройға ие. Жырақта жүріп ер жеткен аталас туысы Құсайынға қамқорлық танытып, бұрынғы батыр бабаларының қонысынан жер алып, алдына мал салып берген де осы Ақас ағасы екен. Бұл күнде 76 жастағы Құсайын қарт Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында тұрады. «Кеңес үкіметі ыдырар алдында бірде тікұшақпен, бірде мәшинемен елге келіп-кетіп жүретін Ақас ағам «Заманның өзгеретін сыңайы бар. Әркім өз күнін өзі көретін уақыт жақындап келеді. Жеке кәсіппен шұғылдану керек» дегенді жиі айтатын. Содан Жоламан бабамыздың жайлаған қонысынан жер рәсімдеп, шаруашылық ашып, оның тізгінін өзіме ұстатты» – дейді ол.

Құсайын қарт арғы атасы Жәши Жоламанұлы Аққұмның Жәшитал беті іргесіндегі ескі қорымға жерленгенін, бүгінде оның орны үлкен обаға айналғанын айтады. Мұны ол әкесі Қайырғалидың көрсетуінен біледі.

Біз осы мақалада Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылының солтүстік-батысындағы Есенаман тауы, күншығыс бетіндегі Жәшитал, Имаш тоғайы, Әбілеш тоғайы, Әбілеш тоғыты деген жер атауларының сырын аштық. Оларды анықтау кезінде бір ауылдың ғана емес, тұтас қазақ тарихының көптеген беттерін парақтауға тура келді. Әйткенмен, ізденісіміздің барысында кезіккен қызықты мәліметтер толық жазылған жоқ. Кейбір басты деректерді ғана атап өттік.

Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев әйгілі «Батыр Баян» поэмасының түйінінде:

– Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,

Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас! – деп жалындата жырлағандай, батырлар есімі туған елінің жадынан жоғала бастаса да, оларды тіршілікте табаны тиген, тұлпарларының дүбірі қалған даласы «ұмытпапты». Ол жерлер әлі күнге «Есенаман тауы», «Жәшитал» деп аталады. Осының арқасында аруақты бабалардың ерлік істері кейінгі ұрпақ жадында қайта жаңғырады.

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru