Меню

Жоба туралы

Тарихы

Табиғаты

Мекемелер

Әкімшілік

Амбулатория

Мәдениет үйі

Туризм орталығы

Тұлғалар

Аққұмды аралағанда

Табиғатты сүйіп, өзі сол табиғаттың құшағында жүргенде қапылыста мерт болған Фазыл аға рухына!

 

Қыркүйек айының бас кезі. Аспан шайдай ашық. Фазыл аға екеуміз көптен техника ізі түспей, шөптесінге айналған сүрлеумен салып келеміз. Тақымымызда ой-шұқырлы жерлерден жеңіл өте шығатын «ГАЗ 69».

 

Бағытымыз – ауылдан бес-алты шақырым жерде орналасқан «атақты» Аққұм. Ауылдың күншығыс бетіне шығатын жолмен біраз жүргеннен кейін, Жәшитал тұсынан аса бере Қалдығайтының суы құрғаған өткелінен өтіп, бағытымызды солтүстік-батысқа тураладық. Көп ұзамай, шағылды жерлер басталды. «Ана бір жылы топ қасқыр қуып келген елікке тап болатынымыз осы жер» деді Фазыл аға Қаратал аталатын қалың талға апаратын жолға түсіп, кішкене жүргеннен соң (Сол топ қасқыр мен еліктің оқиғасын арқау етіп, этнографиялық бағыттағы мақала жазған болатынмын). Фазыл аға қасқырлардың қай қырдың астынан шыға келгенін, елікті қай жерде қуып жетіп ұстағанын қолымен нұсқап, бүге-шігесіне дейін баяндап келе жатты.

Әне-міне дегенше Аққұмның етегіне де іліктік. Мәшинені ойпаңға қалдырып, қажет заттарымыз бен мылтығымызды асынып, құм ішіне жаяу еніп кеттік. Мақсатымыз – жалпақ жатқан құмның ортасымен жүре отырып, ұзынынан қиып өту. Көп ұзамай құм ішімен жалғыз жортқан қасқыр, аракідік елік іздері көзге шалына бастады.

– Бұланның түсі күзге салым дәл осындай болады, – деді Фазыл аға қоғаның қурай бастаған сабағын нұсқап. – Тайыншаларымен бірге айналасына шөптесін биік өскен осындай шоқ талдың түбінде қозғалмай тұратыны болады бұландардың, – деп кәнігі аңшы әңгімесін жалғай түсті. Кенет алдымыздан ит үрді. Айтпақшы, біз сапарға үшеу болып шыққан едік. Мәшине ішінде бізбен қатар жайғасып, алаңсыз қалыпта отырған Фазыл ағаның Мұхтар атты аңшы иті қазір алға түсіп, көрінбей кеткен еді. Жүгіре басып, алдымыздағы қыраңнан асып түскенімізде иттің дауысы қамыс арасынан шықты. Фазыл аға мылтығын оңтайлап, қалың жынысты жапырып, ішіне кірді. Кірген беті кері шығып, «түлкі екен» деді. Қанша дыбыстап шақырғанмен, Мұхтар қайтпай қойды. Ақыры түлкі қамыстың бір шетінен атып шықты да, зырқырап қаша жөнелді. Мұхтар да кетті соңынан. Біз қайтадан алға беттедік. Фазыл аға «Текке шаршап, шөлдеп қалады-ау» деп итіне аяныш білдіріп келе жатыр. Айтқандай, тілі салаңдап, бүйірін соғып, Мұхтар қатарымызға қайтадан қосылды. Сол жақ қапталдан, сонау ауыл беттен екі жүз метрдей жерде қоян кетіп барады. Бой салып қашпай, ытқып-ытқып барды да, отыра қалды. «Мән берме, ит байқаса, тағы да босқа әуре болады», – деді жол бастаушым.

Жасым жиырма беске келсе де, ауыл іргесіндегі Аққұмның шет жағасын ғана көргенім болмаса, қалың ортасына түсіп, дәл бүгінгідей армансыз араламаппын. Құм ішінің небір әдемі жерлерін басып, алға жылжып келеміз. Арасында естелік үшін суретке түсіп алуды да ұмытпадық. Мұнда ерекше әдемі болып, көзге жиі шалынатыны – қазақ үшін киелі саналатын әр жерде қалың өскен хош иісті арша өсімдігі. Қалың құм болғанмен, аққайың, қоға қамысы да жетерлік. Бұлардан өзге өсімдіктің өзіме беймәлім түрлері де көп-ақ екен.

Бесін уақыты кіре үш сағатқа жуық тоқтаусыз жүрген біз құмның бір биік өркешінің көлеңкесіне жайғастық. Асықпай отырып, жүрек жалғап алдық. Тағы жарты сағаттай жүріп едік, аздап ұйқы басқандай болды. Күздің алғашқы айы кіргенімен, шолақ жең, жеңіл киініп келе жатқан біз күн сәулесінің айтарлықтай қыздыра бастағанын сезініп, бір ыңғайлы жерге келгенде тағы да дамылдап алмақ болдық.

«Табиғаттың мұндай да тамашасы болады екен ғой», – дедім, құм ішінің таңғажайып сұлулығына көзім тоймай.

Иә, ел ішіндегі аңыз бойынша бұл Аққұм өте ертедегі үлкен қаланың орны деседі. Қала дегенде, Қалмақтың ханы Алшағырдың Ордасы екен. Қара Қыпшақ Қобыланды келіп, тас-талқан етіп қиратқаннан кейін осындай өркеш-өркеш құмдардың үйіндісіне айналыпты-мыс. Дәл осы құмнан Кеңес үкіметі жылдары ескі құмыраның сынығы, жебенің ұшы, қылыш, басқа да көненің заттары көптеп табылған. Аңызға айналған Жұмбақ көл де осында. Жұмбақ көлді Фазыл аға аң аулап жүріп, екі рет көріпті. Тіпті суына да жуыныпты. Аққұмның күнбатысында орналасқан Сегізсай ауылының тұрғыны Зарлық есімді қарт сол Жұмбақ көлдің үстінен түскенде көл үстіне жыпырлай қонған үйректерді де көріпті. Көлдің жұмбағы сол, бір көрген адам ол жерге қайта айналып келгенде көрген көлі ізім-ғайым жоқ болады екен. Құм ішінде шатастыруға болатындай, ұқсас жерлер көп кездеседі. Мұның бір сыры осында болса керек. Ал облыстық тарих және археология орталығы директорының орынбасары, география ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов «Ылғал жеткілікті болған жылдарда жер астындағы грунт сулары көтеріліп, құм ішіндегі кейбір ойпаңдарға су толады. Ал құрғақшылық кездерінде ол су жоғалып кетеді. Оның бар жұмбағы сол ғана. Құм арасындағы ойпаңдарға біткен қоғалар – соның айқын дәлелі» деген ғалымдардың пайымдауын айтады.

– Фазыл аға, мына жер тіптен ертегі әлеміндей десе болады екен. Дәл қазір шалқамыздан жатып, көзіміз ұйқыға енді іліне бергенде құмырадан шыққан сәлделі жын алдымызға қол қусыра тұра қалып, «әміріңізге құлдық» десе, таң қалмауға болатын сияқты, – деп күліп алдым. – Мынадай тұмса табиғаттың тамашасын көрген де арманда, көрмеген де арманда екен. «Табиғат» дегенде қаладағы жасанды саябақтардан аса алмай жүргендер қаншама?! – дедім, әсерленгенім соншалық.

– Жақсы жазушы болатын адам ешкімді жазғырмайды, кінә да тақпайды. Әр нәрсенің жақсылығын сезіне біледі, соған өзгелердің көзімен, сезімімен қарай біледі. Парктегі су жағасында шомылып жататындардың да өз қызықтары бар. Олардың да өз қасқырлары, қабандары, анадай жерден қарап тұратын бұландары бар. Тіпті сылаңдап шыға келетін түлкілері де болады. Тек соны көре білу керек, – деді Фазыл аға сәл жымия түсіп. Әрине, жазушылықтың ауылынан алыс болсам да, Фазыл ағамның тапқырлығына таңдандым, әрі қатты ырза болдым.

Екінді кіре межелі жерге де жеттік. Отыра қалып, аяқ киімімізді шешіп алып, қағып, құмын төге бергенде тастақпен шапқан тұяқтың дүбіріндей бір дыбыс шалынды құлаққа. «Тоқылдақ қой» деді Фазыл аға алаңсыз кейіпте. Биік біткен ағаштың жоғарғы жағына бағана басындағы электромонтерше жабыса қалған шағындау құсқа көзім түсті сонда барып. Келген ізіміздің бағытынан солға қарай сәл ғана жүріп, ойпаңға түстік. Қамыс өскен екен. Фазыл аға кимелей басып, қамыс ішіне қойып кетті. Іле-шала мен де кірдім. Ғажап... Қамыстың асты жалпағынан жайыла ағып жатқан мөп-мөлдір су. Отыра қалып, беті-қолымызды жуып, ыдысымызды суға толтырдық. Тәтті дәмді салқын судан мейірімізді қандыра іштік.

Кері қайтқанда арамызға төрт жүз метрдей салып, екі бөлініп жүрдік. Фазыл аға ауыл жақтан қарағанда құмның арғы жиегімен, ал мен сәл ішкерірек жүріп келеміз. Мұхтар біресе маған, біресе иесіне еріп, әрлі-берлі шапқылап жүр. Бір бұтаның түбінен өте бергенімде қоян қашып, Фазыл ағаға қарай кетті. Мұхтар қуа жөнелді. Қоян сәлден кейін алғашқы қашқан жерімен зуылдап келіп, кері өтті. Мұхтар анадайдан қыңсылай қиқылдап, жанталасып келеді. «Қара, саған қарай қуып келемін, қапы қалма» дейтіндей. «Қоян қашқанда айналып келіп, алғашқы үріккен жеріне қайта соғады» дегенді аңшы ағалардан естігенім бар еді.

Көлігімізді қалдырған жерге күн ұясына әбден батып, қараңғылық қоюлана бастаған шақта жеттік. Күрке құрып, от жағып, кешкі асымызды іштік. Ендігі ойым ай сәулесі түскен кездегі құм ішінің көрінісін тамашалау еді. Жартылай қиялилық секілді көрінетін мұндай ой басымызға қайдан келген дейсіз ғой. Жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» атты тарихи шығармасынан ай сәулесі түскен кездегі құм ішінің көрінісі ерекше сұлу болады дегенді оқығаннан-ақ осы ой мазалай бастаған. Қайран Фазыл аға... Оныкі болса – қызыққан жасты құмарынан шығарайын деген үлкендік қамқор ниет. Кешікпей-ақ, шығыс беттен қызарып ай туды. Енді ол көтеріліп, сәулесін шашқанша күрке ішіне кіріп, екі-үш сағаттай дем алмақшымыз. Ай биікке көтерілмей-ақ, әлсіздеу жарығының өзі күркенің жұқа матасынан байқалып, жатқан жерімізді көмескі сәулелендіріп тұр. Жақын маңнан белгісіз бір құс тынбай, тамылжыта сайрайды. Құстардың түн ішінде де сайрай беретіні мен үшін жаңалық болды. Фазыл аға ұлдары туралы, оларға беретін әкелік тәрбиесі жайында сөз қозғады. Сөйтіп жатып, көзіміз ілініп кеткен екен. Ұялы телефоным шырылдап, белгі бергенде ояндық. Ай едәуір биікке көтерілген. Дегенмен мезгілге де байланысты ғой, айнала сүттей жарық емес. Күздің салқын түні ғой, күртеше киіп, тағы да құм ішіне беттедік. Біраз жүріп, құмның қалың ортасына дейін кірдік. Құм іші ай сәулесімен жерге жұқалап қар түскендей, ақ аяңданып жатыр. Аққұмның оңтүстік-шығыс бетіндегі қара талды орман қарауытып көрінеді. Құмның бұл беті – әр жерде шоқ-шоқ талы, Қалдығайты өзенін жағалай тоғайы бар, арасы кең жайылымдық жерлерге бай, орманды алқап. Жоғарыда айтылған жырда Қобыланды қалмақ ханы Алшағырды шаһарында өлтіріп, кегін алғасын бірнеше күн көп қалмақты аралап, егізі Хансұлуды іздейтіні, сөйтіп, кең тоғайдың ішіндегі қалың жылқыға таман баратыны ойға еріксіз орала кетеді. Иә, «Қобыланды батыр» жырының маңғыстаулық Мұрын Сеңгірбекұлы нұсқасында осылай жырланады.

Ал «Қарғабойлы, Қазтуған» жырындағы:

Асанқайғы көшкен жер,

Шыңғырлау, Торыат басы еді.

Қыземшекті Саршоқы

Осы судың қасы еді.

Асанқайғы Туғанның

Бөлінген жері осы еді, – деп келетін жолдардағы Қыземшек – дәл осы жерден тіке тартқанда елу километрдей ғана жер. Ал Торатбасына дейін алпыс бес километрдей бар. Шыңғырлау өзені болса, осы екеуінің де іргесімен ағып өтеді. Торатбасы мен Қыземшектің арасы жиырма шақырымдай жер. Жыр бойынша Торыатбасынан көшкен Асанқайғы Сырдария бойын жағалап, Нұрдың Қарабайырына қарай асады. Ал Қазтуған сол жолы Ноғайлы баласы кеңес құрған Жем өзенінің бойынан көшіп, «Үш қияннан кетіп, Шам шаһарына қарай жетем» деп алысқа жол тартады. Мұнда қазақ пен ноғайдың айырылуы деген ірі тарихи оқиғаның желісін меңзеп тұрса керек. Таң қаларлығы – жырда оқиға өрбіген жерлерді үтір, нүктесіне дейін айырып, нақты көрсетуі. Сол заманнан «Ноғайлының босқыны», «Қазақ – Ноғайлының айырылуы», «Ноғайлының зары» деген халық күйлері бүгінге жеткен. «Орманбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн» деген жыр жолдары да сол кезеңді суреттейді. Тарихының бәрін күймен, жырмен айтып қалдырған қайран бабалар-ай...

Төмпе басында отырып, біраз әңгімелескеннен кейін күркемізге қарай беттедік. Жолай келе жатып, қазан секілді пішінмен ойылған қалың шөпті шұқырдан өте бергенде жалбыз (мята) исі аңқып, көкіректі кернеп кеткендей болды.

Түн ортасы ауа мәшинені от алдырып, құмнан шығып, талға таман беттедік. Тағы да жаяу жүріп, Мұхтармен борсық іздеп көрдік. Ешқандай аң кезіге қоймады. Ауылға қайтқанда таң мезгілі де жақындап қалған еді.

Үйге келгенімде сыртқы есік шалқасынан ашық тұр. Қора жақтан темір шелектің түбін тесердей боп тиген сүттің сауылы әдеттегісіндей ерте тұратын менің бейнетқор анамның өзінің күнделікті тірлігіне кіріскенінен хабар бергендей. Мен есімді білгеннен қайталанып келе жатқан әрі көкірекке өшпестей болып ұялаған көрініс. Қымбат та аяулы көрініс...

Иә, бұл жолы қанжығамыз қанданбады. Есесіне әсер мен ойға бөгіп, сезімге байып қайтқандай болдық.

Бұл сапарда әңгімеміздің ауаны тек қана аңшылық жайлы болмады. Жергілікті жердің табиғаты, емдік-шипалы шөптер, сол шөптерді жинап, халықты емдеп жүрген ауылымыздың тұрғыны Инди (Меңдібике) апай, Қаратөбеде өткен ғасырдың басында өмір сүрген, жеті атасынан бері молдалық үзілмеген, Мысырдан сегіз жыл дін оқуын оқып, әулие болған Едіге ата жайлы, оның біздің ауылда тұратын немересі Қайыррахман ата туралы, өлкемізден шыққан қасиетті адамдар жайында әңгімелестік. Жерлесіміз, жазушы Құрманғазы Қараманұлы, оның шығармаларына арқау болып отыратын туған жеріміздің табиғаты мен тарихы жайындағы біраз қызықты деректердің басын қайырдық.

Мұның бәрін бүге-шігесіне дейін еске алып отыруымның себебі – осы азғантай еңбегімнің басында айтып өткендей, сол жолы сапарлас болған Фазыл аға бүгінде арамызда жоқ. Қалада жүріп, «ауыл» дегенде ойға оралатын аяулы адамдардың бірі еді, жарықтық! Жәннаттың төрінен орын алғай жаны. Ауылға демалысқа бара қалсам, Фазыл ағаның көл жағасында (біздің ауылдың құс базары) орналасқан үйіне барып, қазақы дастархан басында, жеңгеміздің бауырсағымен күрең шайын тарта отырып, ауыл баласы аңсап тұратын даланың әңгімесін айтып, жайлана отырушы едік. Енді ол мәңгілік сағынышқа айналды...

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru