Елжанды азамат

Ұлы дала елінің ұрпақтарының қатарында қарапайым халықтың тілек-мүддесін ескеріп, жоғын түгендеп, барын бағалай білетін жомарт жандар жетерлік. Сондай қолы ашық, кең пейілді азаматтардың атын күллі Қазақстанға таныту мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» және «100 жаңа есім» жобасын ұсынып, кемел бастама көтерді. 

Елбасы мақаласында аталған «Туған жер» бағарламасы аясында ауданымыздың көркеюіне ат салысып жүрген азаматтардың қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Бұл Ұлт көшбасшысының мақаласының жүйелі түрде іске асып жатқандығының айғағы. 100 жаңа есімге лайықты елім деген еңселі ерлердің бірі, жерлесіміз Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Жарқын Тәжіғалиев. Жарқын Серікұлы 1964 жылы табиғатының сұлулығымен талайды таңқалдырған, аты аңызға айналған Аққұмы, ну-тоғайлы орманы бар Егіндікөл өлкесінде дүниеге келген. Мектеп бітіргесін арман қуып Алматы сәулет құрылыс институтын сәулеткер мамандығы бойынша тәмәмдаған. 1989 жылы БҚО әкімдігінде сәулеткер қызметін атқарды. 1992-1994 жылдары «Алма» АҚ кондитерлік фабрикасының президенті, 1998 жылдан бері жеке кәсіпкер. «Қаратөбе» қоғамдық қорының директоры. 2010 жылдан қазірге дейін БҚО дойбы федерациясының президенті қызметің атқарып келеді. Жарқын ағамыз жастайынан спортты серік етті. Қазақша күрестен Қазақстан спорт шебері, түйе палуан, «Қос аққу» Әлия-Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубының медаль иегері, облыстық спорт басқармасының алғыс хаттарымен, БҚО бойынша 2010 жылдың «Ең үздік спорт жанашыры» атағымен марапатталды. Жарқын ағамыз бүгінде елдің ахуалының көтерілуіне барынша жағдай жасап келеді. 1996-1997 жылдары Орал қаласындағы «Дарын» футбол клубының ойыншыларына жалақы төлеп, жарыстарға барып келуге демушілік жасаған. Ауданның, қаланың өнерпаздарына республикалық «Жас қанат», «Шабыт» байқауларына қатысып, өнерлерін көрсетуге қолдау білдіріп келеді. Жыл сайын жаңа жылдық мерекеде туған жері Егіндікөл ауылы балабақшасының бүлдіршіндеріне сыйлықтар таратады. 2016 жылы Егіндікөл ауылындағы ҰОС ардагерлері мен соғыстан оралмаған боздақтарға арналған монументті жаңғыртты. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Егіндікөл ауылында салынған спорт алаңы мен лагерь айналасын қоршауға көмек көрсетті.  Жарқын Серікұлының өз жерлестеріне, елге жасаған жақсылықтары есепсіз. Бизнестің барлық биігін өз күш-жігерінің, ақыл-парасатының арқасында бағындырған. Әркез туған жерге, жерлестеріне қол үшін беруге дайын ағамыз қашанда бізге үлгі. Өлкеміздің алдағы уақытта гүлденіп дамуы елжанды азаматтарға байланысты. Ұлы даламызда ұлағатты тәрбиемен сусындаған осындай азаматтар көбейе берсін.

Маралбек АМАНТАЕВ, «Қаратөбе өңірі»

 

© 2018-2019 egindikol.kz. Материалдарды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатсыз көшіруге, бейімдеуге немесе аударуға тыйым салынады.

    Кері байланыс    

Адрес:
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы

Email:
egindikolkz@ mail.ru